» » Тағдырлы жылдардың тақсыреті

Тағдырлы жылдардың тақсыреті

Еліміз егемендігін алғаннан соң 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданғаны белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамыр – сая­си қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялаған болатын.
Бұл жазықсыз жапа шегіп, қазақ халқын егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстың бастауы.
Ресми деректерге сүйенсек, 1927-1953 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Репрессия 1928 жылы басталды. Қазақ елінде алдымен Алаш қайраткерлері тұтқындалып, оларға "ұлтшыл" деген айып тағылды. Соның салдарынан Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Абдулла Розыбақиев, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа зиялыларымыз ату жазасына кесілді.
Ресейге көгендеулі болған замандарда отаршыл саясат ерлік пен елдікті тамырынан қиюға бар күш-жігерін салды. Түрлі айла-тəсілдерді алға тартып, адамдықтан аттап, қитұрқы саясатын жүргізді. Ең сұмдығы – халықты қолдан аштан қырып, жас талғамай, əйел-бала, қарт демей қуғын-сүргінге ұшыратып, қоғамның табиғи дамуына тосқауыл жасады. Саяси қуғын-сүргін зобалаңында қазақ рухы жігерінен айрылып, жасығанымен, өз тамырынан ажыраған жоқ. Оның себебі – ата-бабаның ұр­па­ғына қалдырып кеткен рухани азы­ғының молдығынан деп түсінуге болады. Отбасында балаға ең бірінші кезекте адам болуды, адамгершілікті үйреткен ата-әжелеріміздің тəрбиесі талай адамды қиын-қыстау кезеңнен аман алып шықты. Талай жан қызылдар қырғынынан аман қалған ұрпағына ерлік пен елдіктің үлгісін көрсетіп, өмірден өтті.
Тарихтың ақтаңдақ беттерінде халқымыздың басынан өткен қанды қасіретке үңілсек, ХХ ғасырдың 30-жылдардағы зобалаңға теңесері жоқ. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» ұранын ұстанған шолақ белсенділер тіршілігі төрт түлікке байланған жұрттың аштан қырылуына себепкер болды.
Репрессия жылдарында елімізде 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 507 мың Солтүстік Кавказ халқы жер аударылды. Сонымен бірге қазақ жеріне күшпен қырым татарлары, түрік, грек, қалмақтармен өзге де ұлт өкілдері көшірілген еді. Жалпы елімізге 1 миллион 500 мың адам жер аударылған болатын.
"Халық жауларын" анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өзі ғана емес, олардың жақындары да осыбір кезеңнің ауыртпашылығын сезді. Олар үшін Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степ­лаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері болды.
Карлаг жаппай саяси қуғын-сүргін кезінде құрылды. Жалпы, Қазақстанда сол кезде кеңестік тоталитарлық жүйе адам тағдырын аяусыз қинаған лагерьлер өте көп болды. Алайда Карлаг өзінің ауқымы мен маңыздылығы жағынан ең ірісі еді. Степлаг лагері де Қазақстандағы атышулы лагерьдің бірі болған. Степлаг немесе Дала лагері – ГУЛАГ жүйесіндегі саяси тұтқындарға арналған лагерь. Оның басқару орталығы бүгінгі Жезқазғанның Кеңгір ауылында орналасқан еді.
АЛЖИР – ең ірі лагерь, онда Ота­нына опасыздық жасағандардың отбасы мүшелері қамалған. Талайдың тағдырын тәлкек еткен мекеме 1937 жылы 15 тамызда Ақмола қаласынан оңтүстік-батысқа қарай Төңкеріс (Малиновка) елді мекенінде құрылды. «АЛЖИР» лагері 30 гектар жерді алып жатты. Тарихшылардың айтуынша, оның Қарағанды және Ақмола облыстарында бірнеше бөлімшесі болған.
Осыбір кезеңде Қазақстанда орналасқан барлық лагерьде өлім көрсеткіші өте жоғары болды. Сондай-ақ 1940 жылдан бастап 1950 жылға дейін Карлагта 10 000 тұтқын көз жұмды. Ал 1943 жылы өлім көрсеткіші тіпті жоғары болды, бұл жылы әр ай сайын өте ауыр жағдайда жүздеген адам жан тапсырып жатты.
Біздің халық қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлер­дің есімдерін еске алу, олардың рухына құрмет көрсетуді әр уақытта да есінен шығарған емес.
ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі. Өйткені, әкімшілік-жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Ал сол бір қасіретті жылдарды есте сақтау бүгінгі және келер ұрпақтың парызы.
Қазіргі заманның ұрпақтары бұл күнді қаралы дата деп айта салғанымен, астарында терең мағына һәм ауыр қасірет жатыр. Бірақ осы бір күннің өзі қазақ халқының басынан өткен зобалаң шақты, нәубетті еске түсіреді. Әсіресе, жас ұрпақ осы күні бір үзім нан мен бостандықтың қадірін түсінеді. Иә, бүгінгі ұрпақ адамзат тарихындағы ең ауыр кезең ашаршылықты көзбен көрмеді, лайым көрмесін!
Ақнұр САҒЫНТАЙ

29 мамыр 2021 ж. 745 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031