Білгір маман биігі
Ел тарихындағы құнды жазба деректерді жинастырып сақтау ісіне әуелгі замандардан бері мемлекеттік деңгейде мән беріліп келеді. Ауданымыздың өткен тарихын көз алдымызға келтіріп, болашаққа қызмет жасайтын мекеме ол – архив. Архивтің ел өмірінде алар орны ерекше. Ол – адамның, қоғамның және мемлекеттің басқару қызметінің сенімді серігі, керек деректі дер кезінде жинақтап, ақпаратты сақтаушы, жеткізуші мекеме. Құжатсыз архив жоқ, архивсіз тарих жоқ, тарихсыз халық жоқ.
Қазірде архив құжаттарын цифрландыру заман талабына айналып отыр. Техника қарыштап дамыған заманда құжаттарды электрондық құжатқа айналдыру қарқынмен дамып келеді. Бүгінде бұл құралдың елімізде халыққа қызмет көрсету саласында ерекше орны бар. Қазір бұл үрдіс архив саласында өзінің оң шешімін табуда. 2013 жылдан бастап «Қармақшы аудандық архиві» филиалының қор сақтау қоймасында тұрған архивтік құжаттарды цифрлық форматқа көшіру жұмыстары басталған болатын. Арнайы штат ашылып, жас маман ретінде Кенже Қайратбекова жұмысқа қабылданады. Бүгінде ол аталған мекемеде ақпараттық технологиялар жөніндегі инспектор қызметін атқарады.
Архив қорында сақталған құжаттар – тарихтың қайнар бұлағы, сол себепті де тарихи сананы жаңғыртуда бұл құжаттардың алатын орны зор. Тарих негізінен деректілік пен нақтылықты, шындық пен әділдікті ғана мойындайды. Ал мұндай нақтылық пен деректіліктің қайнар көзі – ол архив қорларында. Сан саланы қамтитын бұл мекеменің атқарар қызметі де көп.
– Архив қызметінің негізгі бағыты – халықтың құжаттық негіздегі жадысы мен естелігін сақтау болып табылады. Архивтік құжаттарды цифрландырудағы түпкі мақсаты – құжаттардың түпнұсқаларын бүлдірмей, сол қалпында сақтау және тұтынушыларға жылдам әрі сапалы қызмет көрсету. Өйткені архивтік құжаттарды сақтау және пайдалану барысында құжаттардың тозуы, мәтінінің жойылуы жиі кездеседі. Ақпараттың көптігінен қажетті құжатты қағаз жүзінде іздеп табу көп уақытты алады. Осы мәселелерді шешудің ең тиімді тәсілі – құжаттарды цифрлық форматқа көшіру және электронды архив құру. Өзім IT маманы болғандықтан, осы саладағы болып жатқан өзгерістерге, қазіргі қарқынды дамып жатқан жасанды интеллект саласына қызығушылық танытамын. Жұмысымды жақсы көремін, – дейді кейіпкеріміз.
Қазіргі таңда аудандық архив бөлімінде құжаттарды цифрлық форматқа өткізу үшін арнайы жылдамдығы жоғары Canonimage FORMULA DR-M1060 және Avision AD8120UN маркалы сканерлермен жұмыс істеп тұр. Жоспар бойынша бұл сканерлердің көмегімен күніне 650 парақтан, жылына 143000 парақ цифрлық форматқа өткізіледі екен. Осы уақытқа дейін аудандық архивтегі 142 қордың 25 қорынан 9983 сақтау бірлігі, оның 1206098 парақ цифрлық форматқа көшірілген.
– Бүгінде еліміздің барлық архивінде мемлекеттік сақтаудағы құжаттар цифрлық форматқа көшірілуде. Бұл дегеніміз – цифрландыру жүйесінің архив саласында мамандарға уақыт үнемдеуге, құжаттардың түпнұсқалылығын сақтауға, сұраныс берушілерге қолжетімділікті арттыруда тигізетін пайдасы зор құрал болып табылады, – дейді білікті маман.
Кенже Қайратбекқызы – Қызылорда қаласының тумасы. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша білім алған. 2013 жылы қармақшылық жігітке тұрмысқа шығып, Аяғановтар әулетіне келін болып түседі. Осы жылдан бастап аудандық архив мекемесінде еңбек жолын бастайды. Білікті маман әр жылғы еңбегінің арқасында марапат төрінен көрініп отырады. Атап айтар болсақ, облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» басшысының, аудан әкімі мен аудандық архив филиалы басшысының Алғыс хатымен марапатталған. Жолдасы Нұржан Аяғанов та осы мекеменің ІІ санатты архивисі қызметінде. Бүгінде екеуі – 2 қыз, 2 ұл өсіріп отырған бақытты да көпбалалы жанұя.
– Отбасында бірінші кезекке балаларымның тәрбиесін қоямын. Себебі ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Төрт баланың анасы болғандықтан, тәрбиеге бей-жай қарай алмаймын. Бос уақытымда олардың тәрбиесі мен біліміне көбірек көңіл бөлгенді дұрыс көремін, – дейді ол
.
Ақнұр САҒЫНТАЙ