» » Оқушы оқырман

Оқушы оқырман

qarmaqshy-tany.kz Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі емес пе? Кішкентайынан газет-журнал оқып, қызығушылығын дұрыс қалыптастыра алған баланың рухы да, өресі де биік болады. Ендеше баланы тек ата-ана мен мектеп тәрбиелемейді. Баспасөз де бала тәрбиесінде басты рөл атқарады. Алайда қазіргі оқушылар газет-журнал оқып жүр ме? Осы сауалды көптің ортасына тастап газет оқушы оқырмандарды іздедік. Біздің сұрағымызға көпшілік «қайдам» деген күмәнмен қараған еді. Алайда «бармыз», «бар» деген жауаптардың да болғаны көңілімізге қуаныш сыйлады.

Қай кезде де басылымның тірегі – оқырман қауым. Редакция үшін еңбектеген баладан еңкейген қарттарға дейін қадірлі. Біздің газетіміз қоғамдықсаяси газет болғанымен танымдық мақалалар да жиі жарық көреді. Осындай мақалаларды сүйіп оқитын кішкентай оқырманымыздың бірі – Айша Бердібек. Ол Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейдің 3 сынып оқушысы. Сабағын үздік оқитын бүлдіршін газет пен кітапқа құмар. Мектеп кітапханасы мен аудандық балалар кітапханасының тұрақты оқырманы екен. Мәнерлеп оқу сайыстарында жүлделі орын иеленіп жүрген ол қазір дүниетану пәнінен ғылыми жобаға дайындық үстінде.
– Мен 6 жасымнан бастап газет-журнал оқимын. Оны әжемнен үйрендім. Әжем апта сайын келетін басылымдарды жібермей оқиды. Одан бөлек түрлі кітап оқығанды ұнатады. Мен кітаптан халық ауыз әдебиетін және ертегілерді оқып жүрмін. Ал аудандық газеттен түрлі саланың мамандары туралы, спорттан жетістікке жеткен жеңімпаздар, ақындардың өлеңдерін оқимын. Біз секілді балаларға арналған шығармалар да берілсе деген тілегім бар, – дейді кішкентай оқырманымыз Айша Бауыржанқызы.

Немересін оқу-білімге құштар қылған әжеге біз де ризамыз. Жалпы ұрпақ тәрбиесінде ата мен әже тәрбиесінің орны бөлек қой.
– Газет-журнал оқыған баланың ойы ұшқыр, тілі жатық болады. Кеңес Одағы кезінде қазақ балалары арасында «Пионер» (тәуелсіздіктен кейін «Ұлан») газеті, «Балдырған» журналы аса танымал болды. Тіпті, ол тұста бұл басылымдарды оқымаған қазақ баласы болған жоқ. Соның арқасында орта мектепті бітірген балалардың 90 пайызы кітап, газет-журнал оқитын дағды қалыптастырып, басылымның қадірін біліп, бағасына жетті. Бұл халықтың сауатты болуына үлкен әсерін тигізген еді. Сондықтан да сол уақытта дүниеге келген ұрпақтың арасынан небір ұлт қайраткерлері мен қазақ классиктері шықты. Ал қазір өкінішке қарай, кішкентай балалар кітап, газет оқудан алыстап бара жатыр. Сондықтан мен өз немеремді оқуға баулып жатырмын. Өзінің де талабы таудай. Әріп танығалы бері маған газет бетіндегі жаңалықтарды оқып береді. Тіл-көзден аман болсын. Өзі зерек, сыныбында үздік оқушылардың бірі. Кітап оқып, оны дереу мазмұндап береді. Өлең шығаратын да өнері бар, – дейді әжесі Дариха.

Болашақта ақ халатты абзал жан болуды мақсат еткен ойы озық оқырманымыз бізге өзінің жазған өлеңін ұсынды. Талапты жасқа қолдау білдіруге біз де дайынбыз. Осындай мерзімді басылымның қадірін білер, алысты көздейтін оқырмандар барда газет ғұмыры өміршең болмақ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
13 қараша 2023 ж. 408 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031