» » «Әрбір нөмірді асыға күтемін»

«Әрбір нөмірді асыға күтемін»

qarmaqshy-tany.kz Жалпы біздің атқарар жұмысымыздың іздеушісі бар. Бұлай деуімізге себеп – «газетім кешігіп жатыр», «соңғы нөмірі келмеді» деп телефон соғатын және редакциямызға бас сұғатын оқырмандар. Мұндай қоңырау да, арнайылап газетті іздеп келген оқырман да біз үшін өте құнды. Ондай сәтте біз қуанамыз. Заман қарыштап дамыды, ақпарат беруші дүниелердің қатары артқанымен, газеттің орны бір бөлек. Осыны ұғатын ойлы оқырман барда біздің жұмысымыз жүйелене бермек.
Бірде мерекеге орай аптасына газетіміз бірақ рет шықты. Сонда бірнеше тұрғын қатарынан газетіміз келмеді деп шағым жасады. Біз байыппен не себепті аптасына бір газет барғанын түсіндірдік. Осындайда бір оқырманымыз «мен әр нөмірді қаттап тігуші едім. Бір нөмірі кем болып қалатын болды-ау деп уайымдадым. Олай болса, тәуекел» деп түсіністік танытты. Әрбір сөздің астарынан мақалаға арқау іздеп отыратын біздер араға біршама уақыт салып, ойлы оқырманымыздың үйіне арнайы бардық. Айтса айтқандай-ақ газетіміз нөмір-нөмірімен түп-түгел жиналып тұр.
Қолымызға қалам алғызған тұрақты оқырманымыздың бірі – кент тұрғыны Дәмеш Байбосынова. Ол жиырма жылға жуық аудандық поштада таратушы болып қызмет атқарған. Өмірі баспасөзбен тығыз байланысты апамыз «Газетсіз мүлде отыра алмаймын. Ол менің жан серігіме айналғаны қашан» деп әңгімесін бастады.
– Оқыған адамның жаман болғаны жоқ. Мен де оқудан еш уақытта жалыққан емеспін. Кітаптарды да жиі оқып тұрамын. 1977 жылы поштаға таратушы болып қызметке орналастым. Сол жылдан бері үйімнен аудан айнасы үзілген емес. Күннің ыстығы мен ызғарына қарамай басылымды дер кезінде оқырманға жеткізуге еңбек еттік. Ол уақытта қазіргідей емес, барлық ақпаратты халық тек газеттен білетін. «Газет келеді» деген күндері үлкен кісілер есіктің алдында күтіп жүретін. Егер газет уақытынан кешіксе, тұрғындар поштаға тікелей шағым түсіретін. Біз өзімізге бөлінген аймақ тұрғындарынан «газетті уақытында алмадық» деген шағым түспеу үшін жаңбырға да, желге де қарамай таратушы едік. Басты мақсатымыз – халықты мерзімді басылыммен қамту деген жауапкершілігімізді алып жүру, әрі басшылықтан сөгіс алмау. Қазір қолайсыз ауа райы болғанда газетім кешігіп жатса мен түсіністік танытамын. Себебі қаншама газетті арқалап жүріп, үйді-үйге жеткізу оңай жұмыс емес. Бұл жолмен өзім жүріп өткендіктен жақсы білемін. Десе де, газеттің әр нөмірін асыға күтемін. Ондағы әрбір қызметкердің еңбегін бағалаймын, – дейді ойлы оқырман.

Газетімізді парақтап, мақаланың мәнін түсінуге ұмтылатын оқырманымыз газеттің бүгінгі сапасына көңілі толатынын, әрі ондағы жарияланған мақалаларды сараптап отыратынын да айта кетті. Алдағы уақытта мынадай дүниені де қаперге алсаңыздар тіпті тамаша болар еді, деген ұсынысын да жеткізді.
– 1995 жылы денсаулығыма байланысты зейнетке шықтым. Сонда да газет әрдайым менің төрімде. Бүгінгі күні аудандық газеттің бағытбағдары өзгеріп, заман талабына бейімделе түскен. Оқырмандарды, әсіресе жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде «Қармақшы таңы» газетінің алатын орны ерекше. Газетте жалпы оқырманға тартымды, сұранысқа ие материалдар көп жарық көреді. Облыс аумағынан бөлек, еліміздегі, шет мемлекеттердегі басты жаңалықтардан осы басылым арқылы хабардар болып жатамыз. Газеттің бағыт-бағдары, онда жарық көріп жатқан мақалалар көңілімнен шығады. Салмақты, мазмұнды дүниелер де беріледі. Сондай-ақ бүгінгі өскелең ұрпақ үшін маңызы зор ұлттық тарихымыз хақында тың деректер мен материалдар ұсынып келе жатқаны қуантады. Кейде жаһандану заманында ұлттық құндылықтарға мән берілмей жатқанда, аудан айнасын парақтап отырып, темірқазығымызды тапқандай боламын. Себебі қазір қолданыла бермейтін, бірақ қазақ халқына керек дәстүрлер мен танымдық мақалалар да жиі жарияланады. Түсіне білген адамға газеттің берері көп. Менің ұғымымда «Қармақшы таңы» әрбір шаңырақта, әрбір отбасында болуы керек. Редакция құрамы кейінгі жылдары жас журналистермен толықты. Олардың да айтар ойы анық, жазғандарының бояуы қанық. Осы басылымның байырғы оқырманы ретінде ұжымға шығармашылық табыс тілеймін, – дейді 46 жыл бойы газетімізден қол үзбеген Дәмеш апай.

Иә, газет пен оқырманның арасындағы байланыс осындай-ақ болсын. Шыны керек, қазіргі уақытта газеттің бетін парақтап отыратын оқырманның қатары аз. Баспаға басылатын газетке емес, ұялы телефондағы қызыл-жасыл қызыққа құмар. Әйтсе де, Дәмеш Байбосыновадай оқырмандар барда, біз де текке тер төгіп жүрмегенімізді білеміз…
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
01 қараша 2023 ж. 431 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031