» » Ұлағатты ұстаз туралы бір үзік сыр

Ұлағатты ұстаз туралы бір үзік сыр

Kyzylorda-news.kz. Биыл 5 қазанда алғаш рет мерекеленіп отырған айтулы күнде қызметі мен отбасылық өмірді тең ұстап, қарапайым қалпынан айнымаған халық қалаулысы Күлжауһар Раевамен сұқбаттасқан болатынбыз. 
Шәкiрттерiн бiлiм нәрiмен сусындатып, тәлім-тәрбиe беру, жақсы қасиeттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар берудe қармақшылық ұстaздың еңбегi зор. Сондықтан да ол әрдайым құрметті тұлға ретінде Қармақшы ауданына сыйлы жан. Жастайынан еңбек жолын ұстаздық жолдан бастаған ол адал жар, сүйікті келін, ардақты ана бола білді. Жұмыс пен тұрмыстық өмірді қатар алып, бүгінде ақжаулықты әже болып отыр. Зейнет демалысына шықса да қоғамдық жұмыстардың басы-қасынан табылады.
«Үлкен болмаса да, орта жанұяға келін болып түстім. Енем, жолдасым, қайын інім барлығымыз бірге тұрдық. Анам айтушы еді, «Кісі есігі тоң есік, жібітуге ер керек». Өзің таңдап барғаннан кейін сол үйдің отымен кіріп, күлімен шық. Қайтып босағаға келуге болмайды» деп, осы тәрбиені бойымызға сіңіріп өскеннен болар, ененің көңілінен шығу, анаңдай көру, сыйлау, сол кісінің айтқан тәртібіне қарай жүру – бірден оңай бола қойған жоқ. Тұрмысқа шыққан уақытым №105 мектепте мұғалімдіктен оқу ісінің меңгерушісіне ауысып жатқан сәтіммен тұспа-тұс келді. Ол қызметтің арқалар жүгі ауыр ғой. Енемнің артықшылығы «жұмыс істеп жүрсің», «уақытылы келмедің» деп айтпайтын. Мен үшін бұл үлкен қолдау болды. Жұмыс орным кенттің бір шетінде болса, келін болып түскен үйім келесі бір бөлігінде. Соған қарамастан таңертеңмен жұмысқа барып, түс уақытында үйіме келіп тамақ дайындап, үлкендердің шайын беріп қайта жұмысыма кететінмін. Қазіргідей көлік жоқ, жаяу жүреміз. Алланың қалауымен дүниеге ұл мен қыз келді. Сөйтіп жүріп мектеп директоры болдым. Мұның барлығы сол кезде отбасымдағы енем мен марқұм жолдасымның қолдауының арқасы еді... Әлі күнге дейін сиыр сауып, қатығымды ұйытамын. №105 мектепте 25 жылдай жұмыс істедім. 2004 жылы №27 мектепке директор болып келдім. Онда 5 жыл қызмет еткеннен кейін Қармақшы аудандық «Nur Otan» партиясына жұмысқа келдім. Осы жерден зейнетке шықтым. Мұндай қоғамдық жұмыстармен отбасылық өмірді қатар алып жүру оңайға соқпады. Десе де шыдам, төзім қажет. Қандай жағдай болмасын үйің таза, асың пісірулі болуы шарт. Қолымнан келгенше үлгеруге тырысатынмын. Менің бақытыма орай мектепте тәлім берген ұстаздармен әріптес болдым. Олар қашанда тура жолды нұсқап, оң бағыт беретін. Енем 93 жасында өмірден озды. Қазыналы қарттың көңілінен шығуға тырыстым. Қызметте қандай да бір мәселе болсын жұмыстың табалдырығында қалуы қажет. Ал отбасыңа ондағы көңіл-күйді әкелмеген дұрыс. Жұмысың қарбаласып жатса да, келген қонақты қабақ шытпай қарсы алуың керек. Үлгілі келін бола алдық па, бола алмадық па? Оны ағайын-туыс, көрші көлем айтар» дейді ол.
Бұрынғы қарапайым мұғалім қазіргі уақытта халық қалаулысы. Шәкірттері талай белестерді бағындырған ұстазды осындай жетістікке жеткізген қандай қасиет?
«Мұғалімдіктен оқу ісінің меңгерушісі болып ауысқан тұсымда Гүлбаршын Сыздықова деген ақылшы апайым «Бірнәрсе айтайын. Адам өсіп, көтерілген сайын көкірегі де өседі. Соған сай адамдарға деген көзқарасы да басқаша қалыптасуы мүмкін. Сенің тәрбиеңде ондай жоқ деп ойлаймын. Қандай жағдай болмасын адамгершілігіңнен аттама, ардан биік болма» деген еді. Сол кездерде мектеп басшысы болған Райхан Жұмаділдаеваны оқушы күнімнен үлгі тұттым. Оның өзіне жоғары талап қойғыштығы, қандай мәселе туындаса да өзін бірқалыпты ұстауы ұнайтын. Жетістікке жету үшін – қатты қызуқандылықтың қажеті жоқ. Қай істің болса да ақыры, қандай мәселенің де шешімі бар. Мені осы дәрежеге жеткізген қасиет – сабырлылық пен байсалды шешім қабылдау болар. Қоғамдық қызметке келмес бұрын әлеуметтік комиссия құрамында жұмыс атқардым. Сонда есік жағалап, көмек сұраушылардың әл-ауқатын білуге үй аралаймыз. Сондай кездерде үй тазалығын сақтамай, лас жерде тұрып жатқан отбасыларды көрдік. Бойында күш қуаты бар жас келіншектің осындай күйіне қарным ашады. Маған қиын тиетіні, балалар оны көзбен көріп, санасына сіңіреді. Олар да масыл болу арқылы күн көруді жалғастырып кете ме деген қорқыныш бар. Сондай-ақ әрбір үшінші шаңырақтың шайқалуы мен ауқатты тұратын туыстың жәрдемге мұқтаж ағайынына мән бермеуі ойландырады... Берекелі шаңырақтың отанасы болуыма сеп болған, бір ауыз сөзі арқылы ой салатын аналарым көп, әрине. Атап айтар болсам, Назым Бүркітбаева, Ұлмекен Ақшолақова, Көптілеу Қазақбаева, Забира Сүюбердиева, Дәмелі Жалғасбаева, Тынышкүл Далиева, Гауһар Бөлтіріковалардан алған өнегем көп. Олар қызмет пен отбасылық өмірді тең ұстап, жүріс-тұрысы, мәнді сөзі арқылы бізге аналықтың, даналықтың үлгісін көрсетті. Қай кезде де қоғам ұстаз мәртебесін биік қойған. Өйткені ұстаз тұтас ұлтқа тәрбие берген. Мемлекетіміз «Мұғалім мәртебесі туралы» Заң қабылдады, мұғалімдердің еңбек жалақысын көтерді, қазіргі кезде жайлы мектептер салу жұмыстары қолға алынды. Осының бәрі ұстазтаздаға көрсетілген үлкен құрмет. Ұлы Абайдың «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деген сөзі санада тұрады. Мұғалім болу екінің-бірінің қолынан келе бермейтін мамандық. Ол Тәуелсіз еліміздің дамыған елдерімен теңесуі үшін білім бәсекесіне қабілетті ұрпақ тәрбиелеу міндетіне сай болуы қажет. Сондықтан жас ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздарға жүктелетін міндет зор. Мұғалімнің терең білімділігімен қатар, оның жүріс-тұрысы, жайдары мінезі, тіпті сырт пішіні, киген киімі де сай болуы керек. Ұстаз шәкіртінің білімді, жан-жақты, адамгершілігі мол болуып өсуіне аянбай еңбек етеді. Қанша жасқа келсемде өмір бойы жалықпай шәкірт тәрбиелеген ұстаздарым мәңгі жадымда тұрады, оларды мақтан тұтамын. Мұғалім қашанда, қай уақытта да ұлы тұлға болып қала береді. 5 қазан – мұғалімдер күні мерекесіне орай барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, еңбектеріне зор табыс тілеймін» дейді Халықаралық Қазақ тілі қоғамы Қармақшы аудандық филиалының төрайымы Күлжауһар Раева.
Айта кеткен жөн, биыл алғаш рет Мұғалімдер күні мерекесі 5 қазанда мерекеленуде. Тиісті қаулыны ҚР Үкіметі биыл 10 наурызда қабылдаған болатын. Мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, осы уақытқа дейін республикада Мұғалімдер күні қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.
05 қазан 2023 ж. 601 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 017

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031