» » » «Адами қасиетіңді жоғалтпау бәрінен де маңызды»

«Адами қасиетіңді жоғалтпау бәрінен де маңызды»

qarmaqshy-tany.kz Қазіргі қыркүйек айы көпшілік үшін нағыз қарбаласқа толы кезең. Әсіресе білім саласындағы жандардың жұмысының қыза түскен шағы. Жаңа оқу жылындағы өзгерістер, оқуға жаңа студенттер қабылдау, оларды орналастыру секілді жұмыстармен қатар, бірнеше істі қатар алып жүрген білікті маманның бірі – Шолпан Дәуленбаева. Ол бүгінде академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Қарапайым қызметтен еңбек жолын бастаған бүгінгі халық қалаулысына ойда жүрген сұрақтарды қойып, біршама әңгіменің тінін тарқаттық.
– Шолпан Әнуарбекқызы, сізді халық қалаулысы, мәслихат депутаты, білікті ұстаз ретінде танимыз. Сонымен қатар үлгілі келін, аяулы жар, ардақты анасыз. Қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүру қиындық тудырмайды ма?
– Иә, әрбір саналы адам өмірде өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығын сүйетініндей, мен де өзім қалаған ұстаздық жолын таңдап, шәкірттеріме дәріс беріп келе жатқаныма 13 жылдың жүзі болды. Осы жылдар ішінде біршама жетістіктерге жеттім. Бұл жетістіктерге отбасындағы жолдасымның демеу беруімен, қолдауымен жеттім десем де болады. Себебі, жолдасым Жасұлан өзі де ұстаздық жолда жүрген жан болғандықтан бір-бірімізге әрдайым қолдау білдіріп отырамыз. Ал осы, ұстаздықпен қатар, депутаттық мансапты қатар алып келе жатқаныма да биыл 3 жыл толады. Сонымен қатар отбасында мен үш баланың анасы атанып, ардақты енемнің, аяулы жарымның көңілінен шығып, келіндік міндеттерімді атқарып келе жатқан жайым бар. Қазіргі технологияның қарыштап дамыған кезі нәзік жандарға үлкен көмек болып отыр деп ойлаймын. Бұрынғы кездегідей сиыр сауып, самаурынға шай қойып, шамға май құйып, жер ошаққа тамақ жасамайтын болғандықтан, отбасылық өмір мен қызметті қатар алып жүрудің еш қиындығы жоқ.
– Қарапайым мұғалім бүгінде халық қалаулысы. Осындай жетістікке жеткізген қандай қасиет?
– Мен еңбек жолымды кітапханашылықтан бастап, кейін мұғалім болдым. Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжінде 2010 жылдан бері ұстаздық етіп келемін. Колледжде арнайы пәннен сабақ беремін. Қазіргі таңда директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарымын. Ең бастысы, ол қарапайымдылық. Ал еңбек жолындағы әрбір жетістігім өз бойымдағы табандылық қасиетімнен. Бастаған істі аяғына дейін жеткізу де осыған саятын секілді.
– Нағыз сұранысқа ие оқытушының қандай ерекшелігі бар?
– Білімі мен біліктілігі жоғары әрбір оқытушы сұранысқа ие. Сонымен қатар оқушысының жүрегіне өз қарапайымдылығымен, өзіндік ерекше «қолтаңбасымен» танылған мұғалім бүгінде көпке үлгі болары анық. Шәкіртпен жұмыс жасайтын әрбір жан бір орында тоқтамай, өзін-өзі үнемі жетілдіретін, барлық ғылыми жаңалықтармен таныс болу үшін шет тілдерін меңгерген, өз білімімен бөлісіп, оны тәжірибе жүзінде қолдана алатындай болғаны жөн.
– Сіздіңше нағыз студент қандай болу керек?
– Ең бастысы – күнделікті сабақтан қалмайтын, өзіндік пікір-пайымы бар, атаанасының берген тәлім-тәрбиесінен нәтиже шығарып, үлкенге құрмет, кішіге ізеттілік таныта білетін, еңбекқор, білімді жасты нағыз студент деп айтуға болар еді. Болашаққа қойған айқын мақсаты бар, өзін-өзі үнемі дамытатын, уақытын дұрыс және пайдалы жұмсай білетін болса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Қоғамдағы әлеуметтік әлеуетке көңіліңіз тола ма?
– Бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік әлеует менің ойымша, мәз емес. Кеше ғана әлеуметтік желіде ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов айтқандай, ең төменгі жалақы 85 мың теңге. Шындыққа тура қарағанда ештеңеге жетпейтіні рас. Бүгінде қарапайым халық арасында баласының жәрдемақысымен, шәкіртақысымен күнін көріп отырғандар жетерлік. Сондай отбасылардың жағдайын жақсы деп кім айта алады. Мысалы, мен тұратын Байқоңыр қаласының өзінде үйсіз жүрген көпбалалы аналар талай рет қабылдауыма қалада салынып жатқан үйден пәтер берсе екен деген өтінішпен келді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың өзіндік орын алып жатқан қордаланған мәселелері жетерлік. Байқоңыр қаласында екі елдің, яғни Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының азаматтары тұрады. РФ жұмыс істеп зейнет жасына шыққан қазақстандық азаматтардың зейнетақы төлеу нормасында да біршама қиындықтар бар. Бұлардың бәрі сайып келгенде қарапайым халықтың жағдайына, қалтасына келіп тіреледі.
– Депутат ретінде сізді толғандыратын мәселе?
– Өзім өмір сүріп отырған ортадан, яғни жергілікті жерден сайланғаннан кейін ең бірінші ойлайтынымыз – тұрғылықты халықтың жайы. Толғандыратын мәселе өте көп. Солардың ең маңыздысы – Ақай ауылдық округі мен Төретам кентіне уақытылы газ құбырын қосып пайдалануға берілсе дейміз. Қазіргі уақытта менің бойымда үміт, сенім, намыс сияқты ар-ұждан сезімінен бөлек, «ел үшін тағы не істей аламын?!» деген жауапкершілік жүгі бар. Адам ретінде келешек ұрпаққа қандай құндылықтар қалдырамыз, мені сол толғандырады. Әйел ретінде ұрпақ тәрбиесіне берік болу басты қағидама ұласты. Отбасындағы үш баламның маған ғана емес, өзгелерге де пайдасы тиер, саналы, парасатты азаматтар болып өсуіне көңіл бөлемін. Дәстүр-салтымыздан ажырамай, білім алуға құштар, үнемі ізденісте жүретін, мейірім мен қамқорлыққа бөленген балалардан жамандық шықпасы анық. Кімнің жүрегі ізгілікке толы болса, сол жан жыртық киіммен жүріп те бекзаттығын жоғалтпайды. Балаларды мейірім мен шуаққа бөлеуге тиіспіз.
– Кімді үлгі тұтасыз?
– Менің дәл бүгінгідей дәрежеге жетуіме ата-анамның берген тәлім-тәрбиесі мен солардың ыстық ықыласы себеп болып отыр. Сондықтан үлгі тұтарым да, өнеге аларым да – ата-анам.
– Өзіңізді мақсатқа жеткен жанмын деп ойлайсыз ба?
– «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демекші, мақсатсыз һәм армансыз пенде болмайтыны шындық. Әрбір жан мақсатына жетем деп алға қарай талпынады. Өмір жолымда біршама көздеген мақсаттарыма жеттім, дегенмен алда әлі де талай орындалмаған мақсаттарым бар. Сондықтан мақсатқа жеттім деп айтуыма әлі ертелеу.
– Артыңыздан ерген сіңілілеріңізге айтарыңыз...
– Артымнан ерген сіңілілеріме барынша қарапайым болған жөн дер едім. Сонымен бірге еңбекте, ортада тек адалдық болған жерде береке бар екенін де ұмытпаған жөн. Өмірде қандай биікке көтерілсеңіз де, қандай мансапта болсаңыз да адами қасиетті жоғалтпай, Абайша айтқанда нағыз «адам» болып қалсақ, сол мұратымызға жеткеніміз.
– Ашық әңгімеңізге көп рахмет! Биіктерден көріне беріңіз!
Сұқбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
30 қыркүйек 2023 ж. 511 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 016

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031