» » Қызылордада атақты дәрігерлер династиясы қызмет етіп жүр

Қызылордада атақты дәрігерлер династиясы қызмет етіп жүр

Дәрігер – үлкен жауапкершілікті қажет ететін мамандық. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін салада абыройлы еңбек етіп, науқастардың алғысына бөлену көптің қолынан келе бермейді. Алайда Қызылорда облысында талай емделушінің дертінен жазылып кетуіне ықпалын тигізген дәрігерлер династиясы бар. Әлназаровтар отбасының денсаулық сақтау саласындағы жалпы еңбек өтілі – 180 жыл. Антына адал болған жандармен Stan.kz тілшісі әңгімелескен еді. 

Үлкен әулиеттің иесі – Шәріпбай Әлназаров. Көзі тірісінде ақ халатты жан өз мамандығына деген ерекше ықыласын бәрінен жоғары қойған. Білікті ота жасаушы - уролог болған. "Қолы алтын" дәрігер атанған маман талай науқасты сырқатынан емдеп, дертіне шипа қонуына тер төккен. Өмірлік жары Шолпан Әлназарова да саналы ғұмырын медицина саласына арнаған жан. Олар бес балаға жарық дүние сыйласа, соның үшеуі ата-ана жолын қууды жөн көрген. Өкінішке орай, өткен жылы Шолпан Әлназарова қауіпті кеселге шалдығып, өмірден өткен. 
"Біз бала кезімізден ата-анамыздың мамандықтарына деген ерекше мақтаныштарын сезініп өстік. Анамыз үнемі ақ халаттарды жуып, мұңтаздай ететін. Әкем ақ халатына да, арына да дақ түсірген адам емес. Бала кезімізде ата-анамыз үнемі кезекшілікке асығып жүретін. Кейде науқастардың жағдайы туралы өзара әңгімелесіп отыратынын да еститінбіз. Мектеп оқып жүріп-ақ болашақта дәрігер болуды мақсат еттім. Таңдаудан жаңылысқан жоқпын деп ойлаймын", - дейді Әлназаровтар әулиетінің кенже қызы Ақтоты Шәріпбайқызы. 
Бүгінде Ақтоты Әлназарова - Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары. Еңбек жолын қарапайым тазалықшы болып бастаған. Кейін білімін жетілдіріп, реаниматолог-анестезиолог болып жұмысқа орналасқан. Жалпы, 20 жылдың еңбек тәжірибесінде бірнеше бағытта еңбек етіп, біліктілігін шыңдаған. 
"Қазіргі таңда жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан азаматтарды дертінен емдейміз. Бұл - өте қиын сала. Әсіресе, қауіпті дертке шалдыққан балаларды көргенімде жаным ауырады. Қолымыздан келгенше науқастарға көмектесуге тырысамын. Бүгінде медицина дамыған заман, түрлі оң нәтиже беретін дәрі-дәрмектер бар. Ең бастысы, ем алушылардың жазылып кетуіне атсалып, олардың жақындарының алғысын алу. Мен үшін бұл еңбегімнің қайтқаны. Әкем танымал дәрігер болған, ол кісінің атына кір келтірмеуім керек", - дейді білікті дәрігер.
Отбасының ортаншы қызы Шолпан Әлназарова Қызылорда облыстық балалар ауруханасында зертхана меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Есімі – анасының есімімен аттас. Тәжірибелі маман мұнда күнделікті түрлі сараптамалар жүргізіп, аурудың шыққан себебін анықтайды. Айтуынша, бұл - үлкен жауапкершілік пен мұқияттылықты қажет ететін сала. Сол себепті қателесіп кетуге болмайды. Шолпан Шәріпбайқызы қарамағындағы мамандарға да осы талапты қоя біледі.
"Негізі кез келген адам өзінің мамандығын жақсы көруі тиіс. Сол кезде ғана нақты нәтиже, көңіл қонымды көрсеткіш болады деп ойлаймын. Менің ата-анам өз жұмыстарына адал болды. Бұл қасиет бізге қанмен берілген. Әр сараптама нәтижесі – бір адамның тағдыры. Міндетімізге халыққа мінсіз қызмет көрсету кіреді. Сол себепті арыма дақ түсірмеуге тырысып келемін", - деп атап өтті Шолпан Шәріпбайқызы. 
ҚР Сенатының депутаты – Ақмарал Әлназарова осы әулиеттің үлкен қызы. Бүгінгі халық қалаулысы еңбек жолын облыстық балалар ауруханасында дәрігер болып бастаған. Кейін өрелі еңбектің арқасында басшылық қызметтерді атқарып, халықтың алғысына бөленген. Ақмарал Шәріпбайқызы Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасын басқарды. Аймақтың көптеген күрмеулі мәселелерін шешуге атсалысып, Жоғары палатады лайықты қызметін атқарып келеді. 
"Жасыратыны жоқ, Ақмарал біздің отбасымыздың мақтанышы. Ол өте жауапты, талапшыл болып өсті. Аймақтың денсаулық сақтау саласына көп үлесін қосты деп ойлаймын. Өкінішке орай, ата-анамыз Ақмаралдың шыққан биігін көре алмай кетті. Әпкеміздің жетістігі – бұл отбасындағы тәрбиенің нәтижесі деп ойлаймын. Ең бастысы халқына адал қызмет жасауды мақсат етеді. Біз оған тек сәттілік тілейміз", - деді Шолпан Әлназарова. 
Бүгінде ағайынды Әлназаровтар бауырмал, үлгілі отбасылардың бірі. Мамандығы бір, саласы бір ағайыңды әпке-сіңлілер жұмыс барысында жиі хабарласып, бір-бірінен кеңес сұрайтындарын жасырмайды. Ең қуаныштысы, дәрігерлер династиясы жалғасын тауып келеді. Бүгінде әулиеттің жастарының ішінде де медицина саласын таңдағандар бар. 180 жыл – бұл шек емес.
31 мамыр 2021 ж. 1 148 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 022

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031