» » Медицина кәсібі – мамандықтың асылы

Медицина кәсібі – мамандықтың асылы

ЕЛДЕ МАУСЫМ АЙЫНЫҢ ҮШІНШІ ЖЕКСЕНБІСІН МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ РЕТІНДЕ АТАП ӨТУ ДӘСТҮРІ ҚАЛЫПТАСҚАН. БҰЛ МЕРЕКЕ ӘЛЕМНІҢ БІРҚАТАР ЕЛІНДЕ ДЕ ТОЙЛАНАДЫ. АҚ ХАЛАТТЫЛАРҒА АРНАЛҒАН МЕРЕКЕ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЕҢ АЛҒАШ «МЕРЕКЕ ЖӘНЕ АТАУЛЫ КҮНДЕР ТУРАЛЫ» ДЕП АТАЛАТЫН КЕҢЕСТЕР ОДАҒЫНЫҢ ЖОҒАРҒЫ ПРЕЗИДУМЫНЫҢ ҚАУЛЫСЫ БОЙЫНША 1980 ЖЫЛДЫҢ 1 ҚАЗАНЫНДА ҚАБЫЛДАНҒАН БОЛАТЫН. ОСЫ УАҚЫТТАН БЕРІ БҰЛ КҮН – ӨМІРІНДЕ БІРДЕ-БІР РЕТ ҚАТЕЛЕСУГЕ ҚАҚЫСЫ ЖОҚ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІНІҢ ТӨЛ МЕРЕКЕСІ.

Аурудың үлкен-кішіні елемей, кез келген уақытта келетіні рас. Сондай сәтте ойымызға алғаш оралатыны, жәрдем сұрап, шипа күтетініміз де – осы дәрігер қауымы. Дүние есігін жаңа ашқан сәби шақтан еңкейген қарттық кезең арасында медицина қызметкерлерімен сан мәрте ұшырасатынымыз хақ. Сол себепті де ақ халатты абзал жандарға барша адамзаттың айтар алғысы шексіз.
Ауданда да ел алғысына бөленіп, халық игілігі үшін еңбек етіп жүрген ақ халатты көп. Дертіне дәру іздеген жан аудандағы орталық ауруханаға жүгінеді. Бүгінде бұл аурухананы білікті дәрігер Бақытжан Нысанбаев басқарады. Онда аудан тұрғындарының амандығы үшін 755 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде дәрігерлер – 77, орта буын – 398, кіші буын – 109, басқа да жұмысшылар – 171. Аурухана ғимараты 1975 жылы салынса, емхана 2014 жылы жаңадан бой көтеріп, пайдалануға берілді. Орталық ауруханада 8 бөлімше жұмыс істейді. Нақтырақ тоқталсақ, қабылдау, терапия, хирургия, балалар, гинекология, перзентхана, қайта оңалту және жұқпалы аурулар бөлімшесі. Олардың әрбірінде білікті де білімді мамандар антына адалдықпен қызмет етуде. Жыл сайын аудандық ауруханадан жылына 5100 пациентке дейін ем алып шықса, емханада 156990 пациент дәрігер қабылдауында болады.
Ал аудан бойынша 1 аудандық аурухана, 1 ауылдық аурухана, 1 аудандық емхана, 6 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік акушерлік пункт, 6 медициналық бекет тұрғын денінің саулығы үшін қызмет етуде.
– Дәрігер арқалар жүгі көп, мол жауапкершілікті талап ететін мамандықтың бірі. Шипа іздеп келген науқасқа еммен қатар, жылы қабақ танытып, дәру болар сөзді айта білу де ақ халаттылар үшін маңызды. Бүгінде мемлекет медицина саласына айқын басымдық беріп, дәрігерлердің өлшеусіз еңбегі еленуде. Дамыған заманға сай ауруханаға жаңа құрылғылар алынуда. Өткен жылы «Шипагер» емханасы күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, жаңа заманға сай «Раяш доктор» атты жеке клиника іске қосылды.
Аты жаман індетпен бетпе-бет күресіп жатқан дәрігер қауымына үстемақының тағайындалуы да біздің салаға деген құрметтің артқаны деп білемін, – дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Сағилатұлы.
Иә, қазіргі елдегі жағдай ақ халаттылардың еңбегін еселегені рас. Әлемді шарпыған індетпен күресте аудандағы жұқпалы аурулар бөлімшесінің қызметкерлері алдыңғы шепте жүр. 20 орынға арналған бөлімшеде 1 дәрігер, 1 аға медбике, 5 медбике, 5 кіші аяжан жұмыс істейді. Олар індеттің өршімеуі үшін уақытпай санаспай еңбек етуге, отбасынан жырақта тұруға мәжбүр болды. Солардың бірі – осы бөлімнің аға медбикесі Зәуреш Қараманова. 30 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман медицина қызметкері болуды бала кезден армандапты. Арманына жеткізер білімді Ресейдің Владимир қаласында игеріп, сол жақта 2 жылдай еңбек еткен. Ал 1990 жылдан бері аудандық ауруханада табысты еңбек етіп келеді.
– Дәрігерлік мамандыққа кішкене күнімнен қызығушы едім. Қызығушылығым мақсатыма айналып, осы маман иесі болдым. Өмірде екі нәрседен қателеспеу қажет дейді. Бірі – өмірлік жар таңдау болса, екіншісі – мамандық. Мен екеуінен де жаңылмаған, бақытты жанмын. Жұмысым – менің сүйікті ісім. Ал науқастың алғысын алу мен үшін үлкен мәртебе. Ризашылық білдірген науқастың шынайы ілтипатын естігенде бұл мамандықты таңдағаныма қуанамын. Кез келген істің өзіне тән қиындығы мен қызығы болары анық. Қазіргі уақыт – әлем үшін үлкен сынақ. Дертті еңсеруге үлес қосқан жандарға үстемақы тағайындалғанына қуаныштымыз. Әлі де сақтық шарасын сақтауымыз қажет. Осындай сын уақытта сыр бермей, қойылған тәртіпке бағыну – баршамызға парыз, – дейді Зәуреш Сақтанқызы.
Мамандығын сүйетін білікті жоғары категориялы маман отбасында аяулы жар, екі ұлдың анасы. Бүгінде немере сүйіп отырған ардақты әже. Тындырымды тірлігінің арқасында облыстық, аудандық деңгейдегі құрмет грамоталарымен, аудандық «Nur Otan» партиясы, аурухана тарапынан алғыс хатпен марапатталған. Еңбектің еленіп, алғыс болып қайтқанына қуанатын маманның мамандығына деген құрметі үлгі алуға тұрарлық.
Ақ халатты абзал жанның қай-қайсысы да құрметке лайық. Десе де, өмірге ұрпағының аман-сау келуіне үлес қосатын акушер-гинекологтің қызметін әрбір ана ұмытпаса керек. Өмірге перзенттің келуі – жауапты әрі таңғажайып құбылыс. Осы сәтте анаға дем беріп, дені сау ұрпағын бауырына басуға себепкер болатын да осы сала мамандары. Адамзат өмірі үшін жауапкершілік арқалайтын маман иесі – Байқоңыр көпбейінді ауруханасының акушер-гинекологі Набира Набатова. Ленинск қаласының тумасы мектеп бітірген соң, Шымкент медициналық училищесінде медициналық көмекші мамандығы бойынша білім алған. Сол жылдан бастап Ленинск қалалық ауруханасының клиникалықдиагностикалық зертханасында фельдшер болып қызмет атқарған. 1989-1995 жылдары Ақтөбе Мемлекеттік Медицина институтының «Жалпы медицина» факультетінде дәрігер мамандығы бойынша білімін жетілдірген. Одан кейін Төретам ауылдық ауруханасында акушер-гинеколог, 2003 жылдың қаңтарында Байқоңыр қалалық ауруханасының антенатальды клиникасында акушер-гинеколог болса, сол жылдың мамырында аурухананың перзентхана бөліміне ауыстырылған. 2008 жылдан бастап осы уақытқа дейін Байқоңыр қаласындағы №2 емхананың антенатальды клиникасында акушер-гинеколог болып жұмыс істеуде. Білімін әрдайым жетілдіріп отыратын ізденімпаз маман 2015 жылы 12 сәуірде акушерия және гинекология саласындағы ҚР Денсаулық сақтау саласындағы маманның сертификатын, 2016 жылы қазанда Ресей Федерациясының «Акушерлік және гинекология» мамандығы бойынша жоғары біліктілік санатын иеленген.
– Өмірге ұрпақтың келуі – маңызды үрдіс. Болашақ мемлекет иелерінің саулығы – бүгінгі ананың саулығымен тікелей байланысты. Біз сол үшін де жаңалықты жатсынбай қабылдап, жаңа технологияларды меңгеріп, ана мен баланың амандығы үшін еңбек етеміз. Білімді қашанда жетілдіріп отыруды мақсат еткенмін. Себебі жаңа заман қарыштап дамуда. Біз де одан қалыс қалмай, жақсылығын көріп, көштен қалмауымыз керек. Мен үшін нағыз бақыт – балапанын бауырына басып, қуанған ананың жымиған жүзін көру, – дейді акушер-гинеколог Набира Нағашыбайқызы.
30 жылдан астам бір салада еңбек етіп келе жатқан Н.Набатованың жеткен жетістіктері де жетерлік. Ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталса, Байқоңыр қаласының соғыс, еңбек, мемлекеттік және әскери қызмет ардагерлері кеңесінің «Адал қызметі және медициналық көмек көрсетуге жеке үлесі үшін» төсбелгісін кеудесіне таққан. Өзге адамның денсаулығы үшін еңбек етіп, ыстық ықыласы мен аялы алақанын ұсына білетін ақ халаттылардың еңбегі ерен. Қазіргі пандемия бұрынға қарағанда дәрігердің қадірін арттырып, адам өміріндегі орнын айқындай түскендей. Үзілгелі тұрған үмітті қайта жалғайтын, тіпті кейде ажалдан арашалап, екінші өмір сыйлайтын ақ халаттылар қандай құрметке де лайық.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
20 маусым 2020 ж. 2 349 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031