АЛТЫН ҚОЛДЫ ШИПАГЕРЛЕР
Бүгінде ауданда 101 дәрігер, 457 орта буын медицина қызметкері бар. Олар аудан тұрғындарының денсаулық жағдайының жақсаруына сеп болуда. Қолдан келгенінше адам жанына арашашы болып жүр. 14-маусым – медицина қызметкерінің күні. Мереке қарсаңында аудандық мәдениет үйінде «Адам жанының шипагерлері» тақырыбында салтанатты шара өтті.
Шара шымылдығы аудандық медицина саласының қызметкерлеріне арнайы түсірілген бейнероликті көрсетумен басталды. Аудан әкімі Сұлтан Мақашов денсаулық сақшыларын төл мерекесімен құттықтап, сала үздіктеріне алғыс хат, сала ардагерлеріне аудан әкімінің сыйлықтары табысталды. Мұнан соң бірқатар медицина қызметкерлері Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының алғыс хатымен марапатталды.
Иә, бүгінгі мереке басқа мерекелерден өзгерек. Әдетте дәрігерлерді ақ халатта көрсек, ал бүгін олар сахнада әуелете ән шырқады. Мерекелік кеште сөз алған аудандық емхананың бас дәрігері Бақытжан Нысанбаев әріптестерін төл мерекесімен құттықтады.
– Қазір барлық ғылымның цифрлануға көшіп жатқаны белгілі. Медицина саласы да цифрландыру жүйесіне еніп жатыр. Бұл жұмыстың жүйелі әрі жылдам жүруіне көмектеседі. Осының арқасында халыққа қызмет көрсету жақсарып келеді, – дейді бас дәрігер.
Бақытжан Нысанбаев медицина саласында зейнеткерлік жасқа толған бірқатар сала мамандарына сый-құрмет жасады.
Мұнан соң аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Владимир Шерғазин жақында өткен медицина қызмеркерлерінің 53-ші спартакиадасының қорытындысын жариялады. Спартакиада нәтижесі бойынша І орынды аудандық аурухана әкімшілігі иеленіп, арнайы кубок табысталды. Жүлделі ІІ орынды аудандық емхана ұжымы иеленсе, ІІІ орынға жедел жәрдем ұжымы жайғасты. Жеңімпаз бен жүлдегер командаларға арнайы алғыс хат пен қаржылай сыйлық табысталды. Кеш соңы мерекелік концертке ұласты.
Ақнұр САҒЫНТАЙ,
«Қармақшы таңы».