Мерейлі мейірбикелер
Жыл сайын мамыр айында Халықаралық медбикелер күні тойланады. Бұл күні ақ халатты абзал жанды медбикелерге құрмет көрсетіліп, олардың еселі еңбегіне алғыс білдіріледі. Расымен, медбикенің жұмысы қызық әрі қиын. Дәрігердің науқасқа тағайындаған емін жүргізу де осы маманға жүктеледі. Адамдарға алғашқы медициналық көмекті де медбикелер көрсетеді. Қазіргідей карантинде көбі отбасының қасында болғанда, олар төтенше жағдайға себеп болған індетпен күресуде.

Осы жылдар ағысымен талай жанның алғысына бөленген жан әлі де жұртшылықтың ризашылығын алуда. Еңбек демалысына кетсе де жанұшыра «Мәрияш апай қайда?» деп аймағының медбикесін іздейтіндер көп. Бүгінде көпбалалы ана Мәриямкүл немерелерінің қызығына бөленген ардақты әже. Ал анасының жолын қуған қызы Медициналық Академияны бітіріп, Ақтөбе қаласында кардиолог-дәрігер болып қызмет атқарады.
– Ең алғаш еңбек жолым әскери госпитальде, жұқпалы аурулар бөлімшесінде басталды. Алғаш кезекшілікке түскен күнім. Әскерилер бірінен соң бірі түрлі себеппен қатты ауырып келді. Сол күні бар білгенімді сарп етіп, бар күшімді салып ем-домымды жасадым. Ертеңіне келсем әлгі әскерилер «Кеше бізді емдеген медбикеміз, тәуір болдық, рақмет сізге» деп алғысын жаудырғанда қатты қуандым. Осы сәттен бастап адамдардың алғысын алу мен үшін үлкен бақытқа айналды. Қырық жыл медбикелік қызметімде түрлі жағдай да болды. Біздің жұмыста «8 сағат істедім, жұмысым аяқталды» деген нәрсе жоқ. Ауру деген күн-түнге, жыл мезгіліне қарамайды. Дәл қазір вирус жұқтырғандарды емдеп жатқан дәрігерлер сияқты үй бетін көрмей жұмыс істейтін кездер де болады, – дейді жалпы тәжірибелік мейірбикесі Мәриямкүл Махмутова.

– Жұмысымыздың қиыны мен қызығы қатар жүреді. Соған қарамастан пациенттердің көңілін тауып, бағыт беріп, ыстық лебізіне бөленіп алғысын алсақ бізге одан асқан бақыт бар ма? Елімізде таралып жатқан жаман індеттің келуі оңайға тиген жоқ. Алайда вируспен күресуде талмай жұмыс атқарудамыз. Жұртшылыққа насихаттау жұмысын жүргізіп, сақтық шарасын қатаң сақтауын қадағалап, қызметкерлер арасында қажетіне қарай семинар сабағы өткізілуде. Кез келген мамандықтың өзіндік жауапкершілігі бар. Өзіме артылған жауапкершілікті сезіне отырып, қызмет жолымда адал еңбек етуге, сенімдерін ақтауға тырысамын. Ал індет көп жайлаған аймақтардағы күні-түні қызметте жүрген барша медицина саласының қызметкерлеріне тек сабырлық тілеймін, – дейді аға мейірбике.
Әлемде медицина қызметкерлерінің жартысынан көбі медбикелер екен. Олар денсаулық сақтау жүйесінде өмірлік маңызы бар қызмет атқарады. Бүгінде олар адам денсаулығына қауіп төндірген пандемиямен күресте алдыңғы қатарда тұр. Олар COVID-19-ға қасқайып қарсы тұруда. Иә, еліміздегі барлық мейірбикелер мен мейіргерлер құрметке лайық жандар.
Айнұр ӘЛИ