«Әйел сұлу қашанда әдебімен»
Күлжауһар РАЕВА, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы, мәслихат депутаты:
ЖОСАЛЫ, 7 наурыз – qarmaqshy-tany.kz ШУАҚТЫ КӨКТЕМНІҢ АЛҒАШҚЫ КҮНДЕРІМЕН ҚАТАР ЖҮРЕТІН 8 – НАУРЫЗ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІ ДЕ КЕЛІП ЖЕТТІ. БҰЛ – ЖЕР БЕТІНДЕГІ ТІРШІЛІКТІҢ ӨЗЕГІН КЕЛЕШЕККЕ ЖАЛҒАҒАН, ӨСЕР ҰРПАҒЫНА ІЗГІЛІКТІҢ ДӘНІН ЕККЕН АНАЛАРДЫҢ МЕРЕКЕСІ. ОСЫ РЕТТЕ ҚЫЗМЕТІ МЕН ОТБАСЫЛЫҚ ӨМІРДІ ТЕҢ ҰСТАП, ҚАРАПАЙЫМ ҚАЛПЫНАН АЙНЫМАҒАН ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ КҮЛЖАУҺАР РАЕВАМЕН СҰҚБАТТАСТЫҚ.
– Сізді халық қалаулысы, мәслихат депутаты ретінде танимыз. Сонымен қатар үлгілі келін, аяулы жар, ардақты анасыз. Қызмет пен отбасылық өмірді қатар қалай алып жүрдіңіз? Қандай келін болдыңыз?
– Үлкен болмаса да, орта жанұяға келін болып түстім. Енем, жолдасым, қайын інім барлығымыз бірге тұрдық. Анам айтушы еді, «Кісі есігі тоң есік, жібітуге ер керек». Өзің таңдап барғаннан кейін сол үйдің отымен кіріп, күлімен шық. Қайтып босағаға келуге болмайды» деп, осы тәрбиені бойымызға сіңіріп өскеннен болар, ененің көңілінен шығу, анаңдай көру, сыйлау, сол кісінің айтқан тәртібіне қарай жүру – бірден оңай бола қойған жоқ. Тұрмысқа шыққан уақытым №105 мектепте мұғалімдіктен оқу ісінің меңгерушісіне ауысып жатқан сәтіммен тұспатұс келді. Ол қызметтің арқалар жүгі ауыр ғой. Енемнің артықшылығы «жұмыс істеп жүрсің», «уақытылы келмедің» деп айтпайтын. Мен үшін бұл үлкен қолдау болды. Жұмыс орным кенттің бір шетінде болса, келін болып түскен үйім келесі бір бөлігінде. Соған қарамастан таңертеңмен жұмысқа барып, түс уақытында үйіме келіп тамақ дайындап, үлкендердің шайын беріп қайта жұмысыма кететінмін. Қазіргідей көлік жоқ, жаяу жүреміз. Алланың қалауымен дүниеге ұл мен қыз келді. Сөйтіп жүріп мектеп директоры болдым. Мұның барлығы отбасымдағы енем мен жолдасымның қолдауының арқасы. Әлі күнге дейін сиыр сауып, қатығымды ұйытамын. №105 мектепте 25 жылдай жұмыс істедім. 2004 жылы №27 мектепке директор болып келдім. Онда 5 жыл қызмет еткеннен кейін аудандық «Nur Otan» партиясына жұмысқа келдім. Осы жерден зейнетке шықтым. Мұндай қоғамдық жұмыстармен отбасылық өмірді қатар алып жүру оңайға соқпады. Десе де шыдам, төзім қажет. Қандай жағдай болмасын үйің таза, асың пісірулі болуы шарт. Қолымнан келгенше үлгеруге тырысатынмын. Менің бақытыма орай мектепте тәлім берген ұстаздармен әріптес болдым. Олар қашанда тура жолды нұсқап, оң бағыт беретін. Енем 93 жасында өмірден озды. Қазыналы қарттың көңілінен шығуға тырыстым. Қызметте қандай да бір мәселе болсын жұмыстың табалдырығында қалуы қажет. Ал отбасыңа ондағы көңіл-күйді әкелмеген дұрыс. Жұмысың қарбаласып жатса да, келген қонақты қабақ шытпай қарсы алуың керек. Үлгілі келін бола алдық па, бола алмадық па? Оны ағайын-туыс, көрші көлем айтар.
– Бүгінде өзіңіз де енесіз. Келініңізге қандай талаптар қоясыз?
– «Келін қайын ененің топырағынан жаралады» дейді ғой. Келінім келген күнінен бастап үйдің бар тіршілігін игеріп, өзі істеп кетті. Десе де бар тірлікті мойнына артпай, өз басымнан да осы уақыттар өткенін түсіне отырып, қолымнан келгенше көмек беруге аянбаймын. Қазір екі немерем бар. Олардың тәрбиесі, үй тірлігін, қызметін қоса алып, біздің де қасқабағымызды бағып жүр.
– Қарапайым мұғалім қазірде халық қалаулысы. Осындай жетістікке жеткізген қандай қасиет?
– Мұғалімдіктен оқу ісінің меңгерушісі болып ауысқан тұсымда Гүлбаршын Сыздықова деген ақылшы апайым «Бірнәрсе айтайын. Адам өсіп, көтерілген сайын көкірегі де өседі. Соған сай адамдарға деген көзқарасы да басқаша қалыптасуы мүмкін. Сенің тәрбиеңде ондай жоқ деп ойлаймын. Қандай жағдай болмасын адамгершілігіңнен аттама, ардан биік болма» деген еді. Сол кездерде мектеп басшысы болған Райхан Жұмаділдаеваны оқушы күнімнен үлгі тұттым. Оның өзіне жоғары талап қойғыштығы, қандай мәселе туындаса да өзін бірқалыпты ұстауы ұнайтын. Жетістікке жету үшін – қатты қызуқандылықтың қажеті жоқ. Қай істің болса да ақыры, қандай мәселенің де шешімі бар. Мені осы дәрежеге жеткізген қасиет – сабырлылық пен байсалды шешім қабылдау болар.
– Қоғамдағы әлеуметтік әлеуетке көңіліңіз тола ма?
– Өте жақсы сұрақ. Қоғамдық қызметке келмес бұрын әлеуметтік комиссия құрамында жұмыс атқардым. Сонда есік жағалап, көмек сұраушылардың әл-ауқатын білуге үй аралаймыз. Сондай кездерде үй тазалығын сақтамай, лас жерде тұрып жатқан отбасыларды көрдік. Бойында күш қуаты бар жас келіншектің осындай күйіне қарным ашады. Маған қиын тиетіні, балалар оны көзбен көріп, санасына сіңіреді. Олар да масыл болу арқылы күн көруді жалғастырып кете ме деген қорқыныш бар. Сондай-ақ әрбір үшінші шаңырақтың шайқалуы мен ауқатты тұратын туыстың жәрдемге мұқтаж ағайынына мән бермеуі ойландырады.
– Отбасындағы әйелдің рөлі қандай болу керек, сіздің көзқарасыңыз?
– Өзіңді сыйлату үшін өзің үлгі болуың қажет. Өзіңді өзің сыйламасаң, өзгеге сыйлы бола алмайсың. Әйел, ана болғаннан кейін тек өз отбасыңа ғана емес, ағайын-туыс, бүтін бір әулетке дұрыс бағыт беретіндей болуың қажет. Біреудің жел сөзіне ермеу, артық тіл тигізіп өзгені ғайбаттамау да нағыз әйелге тән. Сонымен қатар, әрбір әйел қашанда жинақы, таза жүріп, өзіне күтім жасағаны абзалырақ. Алпыстан ассам да, әлі күнге дейін өзіме күтім жасаймын. Үйде ене, әже болып орамал тағынсам, қызмет барысында шашымды тарап, барынша жинақы жүруге тырысамын. Әйел қашанда әдемі болып, әлемді гүлдендіруі, айналасына нұр шашуы шарт.
– Алдыңғы буын апалардан кімді үлгі тұтасыз?
– Осындай берекелі шаңырақтың отанасы болуыма сеп болған, бір ауыз сөзі арқылы ой салатын аналарым көп, әрине. Атап айтар болсам, Назым Бүркітбаева, Ұлмекен Ақшолақова, Көптілеу Қазақбаева, Забира Сүюбердиева, Дәмелі Жалғасбаева, Тынышкүл Далиева, Гауһар Бөлтіріковалардан алған өнегем көп. Олар қызмет пен отбасылық өмірді тең ұстап, жүріс-тұрысы, мәнді сөзі арқылы бізге аналықтың, даналықтың үлгісін көрсетті.
– Өзіңізді мақсатқа жеткен жанмын деп санайсыз ба?
– Адамға берілетін өлшеулі өмір ғой. Осы өмірдің қиындығы мен қызығы қатар жүрген әрбір сәтті бағалау қажет. Аллаға шүкір, бақыттымын. Әрбір анаға бауырында баласы, тыныш ортасы, ауызбіршілігі бар елі болып жатса, одан артық не керек?
– Артыңыздан ерген сіңлілеріңізге айтарыңыз?
– Жас буынға, сіңлілеріме айтарым табанды болыңдар. Өзі еңбек етпеген, талпынбаған адамға Құдай да, басқа да ештеңе бермейді. Өзіңнің адам ретінде құрметіңді біліп, өзіңді өзің қадірлесең, өзгелер де сені құрметтейді. Жаңалыққа, жақсылыққа қарай бағыт алыңдар. Жамандық нәрсені ойлай бергеннен келер жақсылықтың жолын жабамыз. Мұны айтып отырған себебім, әлеуметтік желінің әлегіне түскендер адаммен араласудан қалды. Әйел қоғаммен белсенді араласқаны дұрыс. Қоғамшыл әйелдің өмірге деген көзқарасы да бөлек болады. Ақ пен қараны айыратын азаматша дұрыс емес жолға түспейді. Барша қыздарға Алла сыйлаған келін, ана, дана әже болу бақытын тілеймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұқбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Сұқбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ