» » Өмірін ұстаздыққа арнаған жан

Өмірін ұстаздыққа арнаған жан

qarmaqshy-tany.kz Байқоңыр өңіріндегі, соның ішінде Төретам кентіндегі іргелі білім ордаларының бірі – Т.Жүргенов атындағы №80 мектеп-гимназиясы. Аты айтып тұрғандай, жай мектеп емес. Қарапайым мектептерге қарағанда беделі бар осы киелі білім ордасының қабырғасы сонау 1930 жылдардың соңына таяу қаланған. Бұл мектеп төретамдықтар үшін ыстық. Өйткені өңірде алғаш салынған мектеп болған соң, бүкіл ауыл баласы осы мектептен сауат ашқан. Тамыры тереңге жайылған білім ұясынан көптеген шәкірт түлеп ұшты. Мектепті білікті де білімді басшылар басқарды. Осы мектепті біршама уақыт басқарған Райхан Әлиева апайды төретамдықтардың көпшілігі жақсы біледі.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, алдынан талай шәкіртті үкілеп ұшырған ұлағатты ұстаз Райхан Шаухарқызының осы білім ордасы үшін сіңірген еңбегі ерен. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген ұлағатты ұстазымызбен әңгімелесудің сәті түсіп еді.
Балалық шақ – әр адамның ұмытылмас бал күндері. Ол кімді де болсын сағынтпай, аңсатпай қоймайды. Балалық тәтті қылықтарың, айналаңның елжіреп, мейірім төгуі, бәрі де санаңда берік орнап, жаныңа жылу ұялататыны анық. Балалық шағы қасиетті Қармақшы өңірінде өткен Райхан апай 1967 жылы Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектептің 1-сыныбына оқуға қабылданады. Алғашқы ұстазы Әсия Шоқпарова апай болатын. Оқуын 2-сыныптан бастап жанұясының қоныс аударуына байланысты қазіргі Төребай би ауылындағы №199 мектепте жалғастырады. Мектеп 8 жылдық болғандықтан 8 сыныпты 1975 жылы бітіріп, сол жылы Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қазақ қыздар педагогикалық училищесінің мектеп бөліміне оқуға түседі.
– Ұстаз болу – менің бала күнімдегі арманым болатын. Сол арманның жетегімен ұстаздық мамандықты таңдадым.
«Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің асылдығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы» дегендей, өмірдегі көп мамандықтың ішінен ұстаздықты таңдағаныма мақтанамын. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арыңдай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Мұғалімге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу. Оның адамшылық ар-ожданын, намысын, тұлғасын жасына қарамай сыйлау, құрмет тұту. Бұл мұғалімнің терең дүниетанымы мен үлкен жүрегінен келіп шығады. Мектептегі ұстаз – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы, – дейді сөз арасында зейнеткер ұстаз.
Ол алғашқы еңбек жолын 1979 жылы өзі білім алған №199 мектептен бастайды. Өзі туған ауылда, өзіне білім берген ұстаздарының ортасында ұстаздық қызметін 17 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып абыроймен атқарады. 1996 жылы жанұя жағдайына байланысты Төретам кентіне қоныс аударып, №80 мектепте әуелі мұғалім, екі жылдан кейін оқу ісінің меңгерушісі болады. Бұл қызметті абыроймен 15 жыл істеп, 2013 жылдан бастап мектеп директоры қызметін 2019 жылға дейін адал атқарып, зейнеткерлікке шығады.
«Отбасы – адамның алтын діңгегі» демекші, отбасы болашақ ұрпақ бойына адамзаттық құндылықтарды және ұлттың рухани байлықтарын сіңіретін тәрбие ошағы.
Райхан Шаухарқызы 1981 жылы ауылдасы Нұрғабыл Есқалиевпен отау құрып, үлкен шаңыраққа, үлкен әулетке келін болу бақыты бұйырады. Марқұм жолдасы жоғары білімді ауыл шаруашылығы саласының маманы болатын. Ауылда ең алғаш рет құрылған «Жас толқын» комсомол жастар бригадасын басқарып, ауылдың экономикасын көтеруге елеулі үлес қосқан азамат болды. Ол «Халықтар достығы» орденінің иегері, Бүкілодақтық Халықшаруашылығы жетістіктер көрмесінің қола, күміс медальдарының иегері болды.
Отбасында 5 бала, яғни 3 ұл, 2 қыз өсіріп, тәрбиелеген үлгілі жанұяның отанасы Райхан Шаухарқызының бүгінде балаларының бәрі үйлібаранды, әрқайсысы сан салада жоғары қызмет етіп жүрген жайы бар. Немерелерінің алды мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, жоғары оқу орнында білім алуда.
– Отбасы құндылығы – ең алдымен оның әрбір мүшесі екенін ескерсек, оларды құрметтеу, қадірлеу арқылы үлкенге қамқор, кішіге ізет дегенді үйретеміз, яғни адамгершілік қасиетті қалыптастырамыз. Атаана – отбасының алтын діңгегі, бастапқы дәнекері. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Отбасы адам баласының түп қазығы, алтын ұясы. Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туғантуыстарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті біз отбасымызды Отанның кішкентай бөлшегі ретінде қарастырамыз, – дейді ұстаз сөз арасында.
Ұстаздық еткен 40 жылда көптеген жетістікке жетіп, сан алуан марапатқа ие болған ұлағатты ұстаз, соның ішіндегі ең маңыздысы – «шәкірт жүрегінен орын таба алуым» деп біледі. Яғни, ұстаз үшін ұстаздық қызметтегі жетістігі – өз бойындағы бар білімі мен тәжірибесін шәкірттерге дарыту, соларды биіктерге жетелеу деп санайды.
Иә, қазіргі таңда құрметті демалыста болса да, әр нәрсе өз уақытында болғаны қызық және зейнетке шығудың өзі үлкен абырой, зор бақыт деп есептейтін ұлағатты ұстаз үшін немерелерінің ортасында бір сәт демалғанның өзі қызық. Десе де қоғам өмірінен тыс қалуға да болмайды, араласу қажет. Апай қазіргі таңда Төретам кенті бастауыш ардагерлер кеңесімен бірлесе отырып қоғамдық жұмыстарды атқаруда. Алдағы уақытта өмірден алған іс-тәжірибесі мен ақылкеңестерін кейінгі ұрпаққа орынды жерде бере білуді өз міндеті деп біледі. –
Өскелең ұрпағымызды ұлттық бағытта тәрбиелеу, ұлдарымыздың бойында отансүйгіштік, адамгершілік сезімді дарытып, қыздарымызға инабатты қасиеттерді еге білуіміз қажет. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана халқымыз. Атасы мен әжесінің құшағында емес, ғаламтордың шырмауында өскен кейінгі жас буынға ұлттық сананы қалыптастыру және халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған рухани құндылықтары негізінде тәлім беру бүгінгі күннің талабы. Егер біз тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз баянды болсын десек, жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуіміз қажет, – дейді ардақты жан әңгіме соңында.
Қымбат БЕРДЕШ
03 қазан 2023 ж. 606 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 017

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031