Ұстаздықты ұлықтаған әулет
qarmaqshy-tany.kz ТАЛАЙ ДАРЫН ИЕСІН ЕЛГЕ ТАНЫТҚАН ТУҒАН ЖЕРІМІЗ АҚЫНҒА ДА, СӨЗ ЗЕРГЕРІ ШЕШЕНГЕ ДЕ, ТАЛАЙДЫ МАҚАМЫМЕН ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРҒАН ЖЫРАУҒА ДА, ЕЛДІ КӨПКЕ ТАНЫТҚАН СПОРТШЫҒА ДА ҚҰТТЫ МЕКЕН БОЛҒАН ӨҢІР. СОНЫМЕН ҚАТАР, ӘУЛЕТІМЕН БІР МАМАНДЫҚ АРҚЫЛЫ ӨМІРІН ӨНЕГЕМЕН ӨРНЕКТЕГЕН ЕҢБЕК ӘУЛЕТТЕРІ ДЕ ЖЕТЕРЛІК. ОЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНА АУДАН ӘЛЕУЕТІНІҢ АРТУЫНА ҮЛЕС ҚОСЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ДӘРІГЕРЛЕР – НЫСАНБАЕВТАР, ФАЗЫЛОВТАР, ҰСТАЗДАР – ЖҰМАТАЕВТАР, ҚАУЫСОВТАР, ІШКІ ІСТЕР САЛАСЫ БОЙЫНША НАЗАРҚҰЛОВТАР ОТБАСЫН ЖАТҚЫЗУҒА БОЛАДЫ.
Біздің бүгінгі әңгімеміз аудан орталығынан шалғай орналасқан Қызылдың қиясындағы Т.Көмекбаев ауылында бар саналы өмірін ұстаздыққа арнап, ел құрметіне бөленген ұлағатты ұстаз, өзі өмірден өтсе де ұрпақтары әке аманатын жалғастырып келе жатқан Мәрдісадық Жұматаевтың отбасы туралы болмақ.
Талай талантқа атамекен болған киелі Алдашбай ахун ауылында өсіп-өнген Мәрдісадық Жұматайұлы ауылдағы орта мектепті тәмамдап, Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтына түседі. Оны бітіргесін туған елінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, кейіннен ауданның кейбір ауылдарда мектеп директорының орынбасары, директоры сынды лауазымды қызметтер атқарады. Ауданда білім саласының өркендеуіне атсалысады. Мұнан кейін үкімет қаулысымен елімізде мал шаруашылығын өркендету саясатының аясында аудан аумағындағы Қызылқұм мен Қарақұм жерлерін пайдалану мақсатында шалғай жатқан Қызылдың қиясынан Жаңақала ауылы бой көтеріп жатқан тұста жас ерлі-зайыпты Мәрдісадық пен оның зайыбы Бәшенбай білім бөлімінің жолдамасымен мектепке қызметке орналасады. Мәрдісадық көкеміз ұстаздық жолындағы өнегелі өмір жолында шәкірттердің қоғамнан орнын сайлап алуына еңбек сіңірген азамат. Ұлағатты ұстаздың қанаты астынан көптеген шәкірт түлеп ұшты. Сала майталманы білім саласындағы елеулі еңбегі үшін салалық, мемлекеттік марапаттарға ие болды.
«Өмір – өнеге» дегендей, Мәрдісадық әкеміз бен әулеттің анасы атанған Бәшенбай апамыз саналы ғұмырында 3 қыз, 4 ұлды дүниеге әкелді. Олардың қоғамнан орнын сайлап алуларына аянбай еңбек етті. Қазақ даналығында «Ат ізін тай басар» деген мағыналы ұғым бар. Міне, «Жақсы әкенің аты жаман ұлға қырық жыл азық» дегендей, әкенің өнегелі өмір жолын ұстанған ұрпақтары мұғалімдік мамандықты таңдаған жайы бар.
Отбасының үлкені, 1972 жылы мектепті тәмамдаған Палайым сол кездері аудан бойынша мектепті «Алтын белгімен» бітірген тұңғыш түлектердің бірі. Ол да әкесі сияқты ұстаздық жолға бар саналы өмірін арнады. Химия пәнінің мұғалімі 40 жылға жуық ұстаздық еткен қызметінде Палайым Мәрдісадыққызы көптеген шәкіртті білім нәрімен сусындатып шығарды. Осындай елеулі еңбегі үшін «Аға мұғалім» және «ҚазКСР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерін иеленді. Сонымен қатар, апайымыздың өмірлік жары, есімі аймағымызға танымал азамат – Рахман Нұрғалиев та ұзақ жыл білім саласында еңбек еткен маман. Ол қарапайым мұғалімдіктен мектеп директоры қызметіне дейін көтеріліп, Қуандария, Т.Көмекбаев ауылдық округтерінің әкімі қызметін атқарды. Елді мекендердің экономикасы мен әлеуетінің дамуына зор үлес қосқан тәжірибелі маман болды. Ал, осындай өнегелі отбасының ұрпақтарына келсек, олардың баласы Жомарт Нұрғалиев ауылдағы No185 орта мектепте ұстаз болып, ата-ана салған жолмен жүріп жатса, келіні Гүлнұр ауыл әкімшілігінің маманы.
Мәрдісадық әкеміздің отбасында дүниеге келген үлкен ұлының есімі – Байсерік. Есімін қоярда туған халқын құрметтесін, ел-жұртымен бірге болсын, деген арманда болыпты. Бүгінде Пайғамбар жасына жеткен Байсерік Мәрдісадықұлы әке жолын қумағанымен, туған ауылының өсіп-өркендеуіне атсалысқан азамат ретінде танылған құрметті жан. Бақша және мал өсірумен айналысатын ағамыз ауылдастары, ағайын-туыс арасында сыйлы, оларға әркез қолдау көрсетіп отырады. Оның өмірлік жары Гүлжамал Жоламанова жеңгеміз өмірін білім саласына арнаған ардақты ұстаз. Одан білім-тәлімін алған бірнеше шәкірт «Алтын белгі» иегері. Ал аға-жеңгемізден тараған ұрпақтар арасында Қайрат ауылдағы мектепте мұғалім болса, келіні Перизат ауылдық әкімшілікте салықшы-маман, қызы Жазира Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Аграрлық технологиялар» қафедрасының аға оқытушысы болып қызмет істейді.
Осындай бірлігі мен ауыз біршілігі жарасқан, шаттыққа толы әулеттің екінші қызы – Мәдина Қызылорда қаласындағы білім ордасының бірінде бастауыш пәнінің мұғалімі ретінде шәкірттер тәрбиелеп, құрметті зейнеткерлік демалысына шыққан ардагер. Оның қызы Гүлназ да ұстаздық етеді.
Отбасындағы Болат та білім саласының маманы. Облыстық арнайы түзету-интернатының қызметкері. Ал оның жары Сәуле дәрігер. Олардан тараған ұрпақтарынан қызы Жайна Байқоңыр қаласындағы Ресей Федерациясына қарасты Оқу шылар үйі директорының орынбасары.
Өнегелі отбасының тағы бір өкілі Марат өзі таңдаған мамандық иесі болса, оның жолдасы Айжан Қызылорда қаласында мектепте физика-математика пәнінің мұғалімі. Бірлігі бекем, ұстаздық қызметті ұлағат тұтқан Мәрдісадық әкеміздің отбасының кіші ұлы Нұрлан да еңбегін білім саласына арнады. Оның жары Қаламқас та ауыл мектебінде ұстаздық қызметте.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп қазақтың бас ақыны Абай айтқандай, мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін мейірімді жан. «Мұғалім мамандығы барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаздан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ десек болар.
Тәуелсіз ел атанып, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұрпақ тәрбиесіне мемлекет тарапынан барынша көңіл бөлінуде. Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Бұл мәселені шешудің кілті, әрине ұстаздың қолында. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Осы орайда Т.Көмекбаев ауылындағы Мәрдісадық Жұматаев отбасынан тараған ұл-қыздарының өскелең ұрпаққа берудегі тәлім-тәрбиесі көпке үлгі.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ