Өмірін өнегемен өрнектеген отбасы
qarmaqshy-tany.kz Қасиетті Қармақшы өлкесі – талай дарын иелеріне құтты болған атамекен. Бұл киелі өңірде өнегелі өмірімен ел-жұртқа танылған, құрметтелген отбасылар жетерлік. Солардың бірі – Ақай ауылының тұрғыны, өңіріміздің дамуына өзіндік үлесін қосып, көптің алғысына кенелген Дәуленбаевтар отбасы.
Ауданға қарасты Ақтөбе ауылында өмір дидарын ашқан Әнуар Дәуленбаев мектепті тәмамдаған соң Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтында «Ауыл шаруашылығы механизациясы» факультеті бойынша жоғары білім алып, алғашқы еңбек жолын туған ауылында техника қауіпсіздігі инженері болып бастаған. Жас маман жұмыстан қол үзбей жүріп «Бағалау және құрылыс» академиясында заңгер- сарапшы мамандығы бойынша білімін жетілдіреді. Сондай-ақ аудан басшыларының шақыртуымен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы, жылдар өте аудандық көпсалалы коммуналдық шаруа шылығы мекемесінің басшысы, «Бесас пап» акционерлік қоғамының атқарушы директоры, Ақай кеңшарының директоры қызметтерін атқарады. Ал кейіннен Қазақстан-Ресей Халықаралық университеті Байқоңыр филиалының директоры қызметін абыроймен атқарса, бүгінгі таңда Әнуар ағамыз академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр колледжінің директоры. Ол – ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге сүбелі үлесін қосып, қажырлы еңбегімен танылған маман.
Осындай елеулі еңбегімен елге танылған Әнуар ағамыз тек өзінің өміріне серік болып келе жатқан мамандығымен ғана емес, қоғамдық жұмыстар арқылы өңірдің өсіп-өркендеуіне де айтарлықтай үлес қосып жүрген атпал азамат десек артық айтқандық емес. Әнуар аға Байқоңыр қаласы мен Төретам, Ақай елді мекендерінің экономикасының нығаюына, тұрғындары әлеуетінің артуын бірінші кезекке қойып, қоғамдық жұмыстарға да барынша үлесін қосып келеді.
Байқоңыр қаласындағы «Nur Otan» партиясы филиалын да басқарды, өңір атынан аудандық, облыстық мәслихат депутаты, аудандық қоғамдық бірлестігінің төрағасы және Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігінің мүшесі болып, тұрғындар көтерген мәселелерді басшылық органдарға жеткізіп, олардың орындалуына күш жұмсады. Сонымен қатар «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі.
Бүгінде аптал азаматтың кеудесінде ауданның қоғамдық және саяси өміріне, экономикалық өркендеуіне үлес қосқаны үшін «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісі жарқырап тұр. Тынымсыз еңбегінің арқасында ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ҚР Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», Ресей Федерациясының «Байқоңырға – 55 жыл», Қазақстан Республикасының Ұлттық бизнес рейтингін ұйымдастыру комитетінің «Кәсібіне адалдығы үшін» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен, «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына – 20 және 25 жыл», сондай-ақ «Қазақстан мәслихат тарының құрметті депутаты» мерекелік медальдарымен марапатталып, мерейі үстем болды.
Міне, отағасының өнегелі істеріне сүйеу болып, оның ел алдында абыройын асқақ татып жүрген бақытты шаңырақтың отанасы, киелі Кентау қаласының тумасы Қасымбек пен Дәнеш есімді қазақтың қарапайым да өнегелі отбасында тәрбиеленген, ұлты мыздың салт-дәстүрін ұлықтаған Гүлнар Қасымбекқызымен шаңырақ көтеріп, бүгінде отбасының мақтаныштары ұл-қыздарын тәрбиелеп, олардан тараған 12 немеренің бақытты ата-әжесі атанып отырған жайлары бар.
Осындай бақытты отбасының отанасы, ауыл-аймақтың ибалы келіні Гүлнар Қасымбекқызының өміріне тоқталсақ, бала лық шағын Кентау қаласында өткізіп, киелі Қармақшы өңіріне келін болып түскен ол алғашқы кезде аудан орталығы мен Ақтөбе ауылында сауда саласында, кейіннен заман ағымына қарай есепшілік мамандықты игеріп, бүгінде отбасылық кәсіптің басты құрылтайшысы болып еңбек етуде.
Өмірлік жары Әнуар ағамызбен жоғарыда айтқандай ұл-қыз өсіріп, олардың қоғамнан өз орындарын сайлап алуларына еңбек сіңіруде. Сондай тындырымды істердің арқасында бүгінде өнегелі отбасында тәрбиеленген ұрпақтар еліміздің әр өңірінде ел экономикасының өркендеуіне сүбелі үлестерін қосып жүрген жайы бар.
Атап айтар болсақ, ұлдарының үлкені Арман – Ақай ауылындағы бірнеше сауда және құрылыс заттары орталығын басқарып, өңірде кәсіпкерлік саланың дамуына перзенттік үлесін қосып жүрген белгілі кәсіпкер. Қыздарының үлкені Айман – Астанада мұнай саласында басшылық қызметте. Шолпаны – С.Жиенқұлов атындағы «Байқоңыр» колледжі директорының орынбасары, аудандық мәслихат депутаты. Сонымен қатар кіші баласы Әбдірахман да мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасының, Англиядағы Экзетер университетінің түлегі. Жоғары білімді жас бүгінде Астанада қаласы әкімдігінде бөлім басшысы болып қызмет етеді. Ал кіші қызы Қазына елордадағы Сарыарқа аудандық ішкі істер бөлімінде полиция қызметкері болып, халық тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін қызмет етуде.
Міне, өздерінің ерекше өнегесімен елге танылып жүрген Дәуленбаевтар әулетін өңір тұрғындары Ғарышкерлер айлағындағы бақытты отбасы деп таниды.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ