» » Бастауыштағы ағай

Бастауыштағы ағай

qarmaqshy-tany.kz Ұстаз деген ұлы мамандықтың арқалар жүгі тым ауыр. Алайда осы мамандықты игеріп, саналы ғұмырын өзгенің перзентіне білім берумен өткізетін асыл жанның дені нәзікжандылар. Қай білім ордасына бас сұқсақ та, ұстаз қауымының басым бөлігі әйел адам екенін байқаймыз. Ал бала тәрбиесінде ер адамның да орны ерек. Жоғары сыныпқа сабақ беретін ұстаздардың арасында ер азаматтардың бары рас. Ал бастауыш сыныптағы мұғалімдер ортасынан оларды кездестіру қиын. Бірақ, жас өскінге қалам ұстатып, партаға қалай отырудан бастап үйрететін ер ұстаздар да бар екен. Аудан көлемінде бастауыш сыныпқа жетекшілік ететін жалғыз ер адам бар. Ол – №121 мектептің мұғалімі Мейрамбек Қанатов.



– Бүгінде мұғалім болып жүргенім – бала күндегі арманымның орындалғаны. 1989 жылы 8 сыныпты үздік бітіріп, М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжде білім алдым. 1993 жылы осы мектепке жұмысқа орналастым. Бала арманыма қол жеткізгендегі қуаныш сезімі жауапкершілікпен астасып, қайнаған қазанға қойып кеттік. Міне, биыл осы қызметте табан аудармай жұмыс істеп жүргеніме 30 жыл толыпты. Осы уақыт аралығында өзге пәндер бойынша 2 жоғары оқу орнын бітірдім. Бірақ бастауыш сыныптан басқасына ауысқым келмеді. Бала кезімнен балаларды қатты жақсы көрдім. Бастауыш сынып мұғалімі немесе балалар дәрігері боламын дейтінмін. Сол арман мені осы мамандыққа әкелді, – дейді білікті ұстаз.
Айтуынша, ата-аналар бастауыштағы ер мұғалімді көргенде, баласының сынып жетекшісі екенін білгенде таң қалатын да, қуанатын да кездері болады екен. Кейде «жоқ, апай болғаны дұрыс» деп өзге ұстазға ауыстыратын ата-аналар да ара-тұра кездеседі дейді. Расында қоғам бастауыштағы ер мұғалімді қабылдауға дайын емес секілді. Ал тәжірибелі ағай өзінің тәжірибесінде сыныбында ер балалардың көп болатынын алға тартты. Соған қарағанда ұл тәрбиелеп отырған ата-аналар ұстаздың да ер адам болғанын ұнататын секілді.
– Бастауыш білім – бәріміз білетіндей, мектеп өміріндегі және онан кейінгі білімнің негізін қалыптастыратын маңызды кезең. Бала осы кезде қалай қалыптасты, кейін сол бағытпен кетеді. Жалпы жауапкершілігі ерекшелеу саналатын білім берудің бұл сатысына ер мұғалімдерді тарту үшін алдымен қоғам қажеттілік тудыруы керек. Атааналар кеудеден итермей, керісінше ер мұғалімге мүдделі болуы керек. Бұл тұрғыда заңдық жағынан да қолдау қажет. Бір ақсақалдан «Сонау соғыс жылдарында бір адамды жай ғана мұғалімдік мамандығы болғаны үшін қан майданнан елге қайтарды. Осыдан 50 жыл бұрын ауылдағы екі-ақ адамда соңғы үлгідегі көлік болатын, оның бірі – мұғалім. Мен үшін мұғалім мәртебесі деген – осы» дегенді естіп едім. Бұдан артық айта алмаймын. Бір қызығы, қандай жағдай болсын оқушыларымсыз, осы қызметімсіз бақытым толыспайтындай көрінеді де тұрады, – дейді кейіпкеріміз.

Мейрамбек Қазтайұлы осы жылдар ішінде 7 сыныпқа жетекшілік еткен. Қазір 2-сыныптың сынып жетекшісі. Шәкірттері арасынан «Алтын белгі», «Елбасы медалін» алғандары да бар. «Ауданда барлық мекемеде оқушыларым бар. Барсаң алдымнан құшақ жая қарсы алады. Кез келген жерде мәртебең жоғары. Міне, нағыз ұстаз бақыты деген осы. Жолдасым екеуміз оқуды бірге бітіргенбіз. Ол да 30 жылдан бері балабақшада тәрбиеші. Көпбалалы отбасымыз. Үлкен ұлым мен қызым, келінім мен күйеубалам – ақ халатты абзал жандар. Ал үшінші перзентім менің жолымды таңдап, бастауыш сынып мұғалімі мамандығына жоғары білім алуда. Кішкентайларымыз мектеп оқушысы. Қазір жасым елуден асты. Ендігі арманым – осы мамандығыммен зейнет демалысына шығу» деген ұстаз оқушыларының арқасында демалып келгенін де мақтанышпен жеткізді.
Оқушылары «Алтын белгі» алғаны үшін «Бурабай», «Біркөлік» шипажайларына тегін жолдама беріліпті. Бұл да еселі еңбектің нәтижесі. Аудан, облыс көлеміне сабақтар өткізіп, әріптестерімен тәжірибе алмасудың шебері бірнеше түрлі мадақтамамен құрмет төрінен де көрінген. Республикалық газет, журналдарға үздік сабақтары мен айтары бар мақалаларын жариялап тұратын білікті маманнан жас ұстаздардың үйренері көп-ақ.
– Бастауыш сынып мұғалімі болу ерекше жауапкершілік. Ол – балалар мен үлкендер әлемінің арасындағы сарапшы. Мұғалімнің еңбегін өзгемен салыстыруға тіпті келмейді, себебі бұл еңбектің жемісі – жан-жақты білімді, рухани тұрғыда жетілген жеке тұлға қалыптастырумен өлшенбек. Мұғалімге отбасы мен қоғам ең қымбаттысын, өз елінің азаматының болашағын, оның тағдырын табыс етеді. Бүгінгі мұғалім қандай болса, ертеңгі болашағымыз да сондай болмақ. Сол үшін үнемі ізденісте, жаңаны игеруге құмар болуымыз шарт. Осыдан 10-15 жылғы мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндермен салыстырғанда соңғы жылдардағы балалардың ойөрісі мүлде бөлек. Қазіргі балалар заманауи технологияларды жетік білгендіктен бе, танымы бөлек. Қойылған сұраққа нақты жауап бере алады, ойындағысын ашық жеткізеді. Өздерін еркін ұстайды, – дейді Мейрамбек Қазтайұлы.

Иә, әріп танымай, қолға қалам ұстамай келген бүлдіршінді үлкен әлемге жетелеу оңай дүние емес. Қарапайым қағидалармен қатар, білім мен тәрбиені қатар меңгерту нағыз шеберлікті талап етеді. Бастауыш сынып оқушылары үшін мұғалім олар еліктейтін, үлгі ететін абыройлы жан. Олар ұстазының бүкіл іс-қимылына, жүріс-тұрысына, сөйлеу мәнеріне, адаммен қарым-қатынасына еліктейді. Сондықтан да жауапкершілігі мол, адал да мейірімді, әділ де парасатты, рухани дүниесі бай педагогтар ғана балаға білім мен тәрбие беріп, оның жан дүниесіне әсер ете алады. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Жүрек қалауын тауып, қызметін «мамандықтың төресі» деп бағалайтын ағайымыздың осы бір ғажайып қызметін басқа мамандыққа алмастырмай, зейнет жасына дейін үздіксіз жалғастыруына тілектеспіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
03 қазан 2023 ж. 426 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 017

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031