» » Бала бойына білім нәрін сепкен

Бала бойына білім нәрін сепкен

qarmaqshy-tany.kz ҰСТАЗ – ҰЛТТЫҢ БЕТ-БЕЙНЕСІ, МЕМЛЕКЕТТІҢ АЙНАСЫ, ТҰЛҒАЛЫҚТЫҢ ТЕМІР ҚАЗЫҒЫ. «ҰСТАЗЫ МЫҚТЫНЫҢ – ҰСТАНЫМЫ МЫҚТЫ» ДЕГЕН ДАНАЛЫ ҰҒЫМНЫҢ ӨЗІ ҰСТАЗДАР ҚАУЫМЫНЫҢ ХАЛЫҚ АЛДЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗЫН, АДАЛДЫҒЫН НАҚТЫЛАЙДЫ.

Мұғалімдік қызмет – берері көп, қадірлі де қастерлі мамандық. Өйткені әрбір шәкірт мұғалімнен ғана білім мен тәрбие, үлгі-өнеге алып үлкен өмірге жол ашады. Әсіресе бастауыш сынып мұғалімдерінің кез келген педагогикалық ұжымда еңбекшіл, ұйымшыл, балажан қасиеттері басқалардан ерекшеленіп тұратыны анық.
Шынында мектепке имене кіретін алты жастағы бала үшін жүзі мен жүрегінен тек ұстаздық, аналық мейірім мен шуақ төгілуге тиіс мамандықтың қыр-сырын игеру, кейбір ұсақ-түйек нәрсеге дейін мән беріп, ізгілік пен инабаттылықты бала бойына сіңіру кез келген мұғалімнің қолынан келетін іс емес. Жақсы қасиеттерді шәкірт бойына аналық мейіріммен сіңіре білу асқан шеберлікті, біліктілік пен білімділікті қажет те, талап та етеді.
Тарихы тереңді бойлаған білім шаңырағы – Ш.Уәлиханов атындағы No26 орта мектептің ардагер ұстазы Рая Аққозиева осындай жанның бірі.
1975 жылы Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищені тәмамдаған Рая Аққозиева өзінің еңбек жолында көптеген қоғамдық жұмыстарды атқарды. Яғни 1985-1990 жылдары аудандық «Озық тәжірибе» мектебінің мүшесі және 1989-1999 жылдары аудандық білім бөлімінің штаттан тыс инспекторы болды. Қызмет ете жүріп білімін де шыңдады. Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтты бітіріп, жоғары санаттағы маман атанды.
Ал еңбек жолындағы асуларына келер болсақ, алғашында қарапайым мұғалімдіктен бастаған жас маман, кейіннен 1989-1990 жылдары мектептің бастауыш сынып оқу ісінің меңгерушісі, одан соң аудандық білім бөлімінде бастауыш сынып әдіскері, бастауыш сыныптар бойынша әдістемелік бірлестіктің жетекшісі қызметін абыроймен атқарды.
Ұлағатты ұстаз өзінің ұстаздық қызмет еткен жылдарында бірнеше рет аудандық, облыстық, республикалық семинар, конференцияларда сабақтар мен өзінің тәжірибелік түрлі әдіс-тәсілдерін көрсетті. Атап айтар болсақ, 1991 жылы «Талап – тұлпар, білім – сұңқар» және 1999 жылы «Жүректерге жол тапқан» тақырыптарындағы іс-тәжірибесі аудан, облыс ұстаздарына біліктіліктерін арттыруға арналған кітапшалары таратылды. Сондай- ақ 2003 жылы «Шығармашылықпен жұмыс істейтін бастауыш сынып мұғалімдерінің материалдары» атты сабақ үлгілері, қазақ тілінен 3-сынып бойынша «Дидактикалық танымдық материалдар» деген атпен кітапша болып облыстық кадрлар біліктілігін арттыру институтынан тарады.
Бар саналы өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған Рая Аққозиева шәкірт тәрбиелеудегі елеулі еңбек еткен жылдарында ҚР Білім және ғылым министрлігінің, бірнеше рет аудандық білім бөлімінің, облыстық білім басқармасының құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды. 1997 жылы ҚР «Білім беру ісінің озық қызметкері» төсбелгісін омырауына тақты.
Міне, білімі мен өмірлік тәжірибесін шәкірт бойына сіңіріп, құрмет төрінен көрінген ұлағатты ұстаз Рая Аққозиева өмірлік серігі Болатбек ағаймен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген немерелерінің сүйікті атасы мен әжесі. Бүгінгі таңда ұрпағының барлығы да жоғары білімді мамандар.
Б.МАДИЯРОВА,
No26 мектептің мұғалімі
05 желтоқсан 2022 ж. 751 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 379

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 458

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930