» » Әліппе – алғашқы оқулық

Әліппе – алғашқы оқулық

БІЛІМНІҢ БАСТАУЫ, ҚАЙНАР КӨЗІ – МЕКТЕП БОЛСА, КЕЛЕШЕК ҰРПАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҒЫ – БАСТАУЫШТА ЕКЕНІ БАРШАМЫЗҒА АЯН. ОСЫ ТҰСТА МҰХТАР ШАХАНОВ АҒАМЫЗДЫҢ МЫНА БІР СӨЗІ ОЙҒА ОРАЛАДЫ. «БАЛА ЖҮРЕГІ – КІШКЕНТАЙ КҮЙ САНДЫҚ. СОЛ САНДЫҚТЫҢ КІЛТІН ТАПСАҢ ҒАНА АШЫЛАДЫ. МҰҒАЛІМНІҢ ҚОЛЫНДА ҮНЕМІ СОЛ КІЛТ ЖҮРУІ КЕ- РЕК» ДЕГЕНІНДЕЙ, БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ ДЕ ҮНЕМІ ІЗДЕНІСТЕ ЖҮРУІ ШАРТ.
Бүгінгі күні әлемдегі барлық елдер жоғары сапалы білім жүйесіне ұмтылуда. Білім беру жүйесін болашақтың талабына сәйкес дамытуға күш салуда. «Білім бастауы – бастауышта» дегендей, аудан мектептерінің бастауыш сыныптарында тәжірибесі мол, педагогикалық шеберлігі шыңдалған, шығармашыл әрі өз ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын ұстаздар жетерлік.
Осындай бала жанының бағбанының бірі – Ү.Томанов атындағы No183 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айнұр Қайруллаева. Ол мектеп есігін алғаш ашқан бүлдіршіндерді мектеп өміріне, ережесіне үйретіп, оқу әрекетін қалыптастыру негізінде оқушыларды жеке тұлға ретінде тәрбиелеуде жиырма жылдан астам аянбай еңбек етіп келеді. Биыл да үлкен өмірге қадам басқан 20 бүлдіршінге жетекшілік етуде.
– Бастауыш сынып мұғалімі болу ерекше жауапкершілік. Ол – балалар мен үлкендер әлемінің арасындағы сарапшы. Мұғалімнің еңбегін өзгемен салыстыруға тіпті келмейді, себебі бұл еңбектің жемісі – жан-жақты білімді, рухани тұрғыда жетілген жеке тұлға қалыптастырумен өлшенбек. Мұғалімге отбасы мен қоғам ең қымбаттысын, өз елінің азаматының болашағын, оның тағдырын табыс етеді. Бүгінгі мұғалім қандай болса, ертеңгі болашағымыз да сондай болмақ. Сол үшін үнемі ізденісте, жаңаны игеруге құмар болуымыз шарт, – дейді Айнұр Әділбекқызы.
Иә, әріп танымай, қолға қалам ұстамай келген бүлдіршінді үлкен әлемге жетелеу оңай дүние емес. Қарапайым қағидалармен қатар, білім мен тәрбиені қатар меңгерту нағыз шеберлікті талап етеді. Бастауыш сынып оқушылары үшін мұғалім олар еліктейтін, үлгі ететін абыройлы жан. Олар ұстазының бүкіл іс-қимылына, жүріс-тұрысына, сөйлеу мәнеріне, адаммен қарым-қатынасына еліктейді. Сондықтан да жауапкершілігі мол, адал да мейірімді, әділ де парасатты, рухани дүниесі бай педагогтар ғана балаға білім мен тәрбие беріп, оның жан дүниесіне әсер ете алады. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді.
Тағы бір қуантарлығы, бастауыш сыныпқа «Әліппе» оқулығы қайта оралды. Жыл құсы оралғандай осынау тамаша жаңалыққа былтыр балалардан бұрын ата-ана да, ұстаз да қуанды.
– Әліппе бұл бүлдіршіндердің алғашқы оқулығы. Ең алғаш мектеп табалдырын аттағанда қолына алатын ерекше кітабы. Былтырдан бері қолданысқа қайта енген жаңа Әліппе ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде жасалған. Әліппе оқулығы үйретуде, әріптерді, дыбыстарды танытудың реттілігі оңайдан – қиынға, жеңілден – күрделіге өту, білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу қағидаттары негізінде алынған. Ол «Сауат ашу» оқулығына қарағанда өте жүйелі жасалған. Баланы оқытуға да, олардың түсінуіне де ыңғайлы, – дейді педагог-зерттеуші Айнұр Қайруллаева.
Иә, бүгін әліппесін арқалап, мектепке алғаш келген бүлдіршін, елінің арқасүйер азаматы болары сөзсіз. Ал оның бойындағы адамдық, адалдық, Отанға дейін сүйіспеншілік қасиеттері мен терең білім негізі осы бастауыштан басталмақ. Сондықтан да бүгінгі бастауыш сынып ұстаздарына артылар жүк те, күтер үміт те, жарқын болашаққа деген сенім де мол.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
19 қыркүйек 2022 ж. 633 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 325

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 417

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930