Төл басылымның тұрақты оқырманы
qarmaqshy-tany.kz Кент орталығында тұратын Ақпатша Әміралиеваның жасы 91-де. Осынша жасқа келсе де оның қолынан газет түспейді. Біз апаның үйіне барғанымызда күні кеше ғана шыққан газеттің нөмірін парақтап отыр екен. Ол бір әулеттің ынтымақ бірлігін уысында ұстаған, балаларын ел азаматы деңгейіне жеткізіп, немере шөбере сүйіп отырған ардақты ана, асыл әже. Иә, тоқсан жылдан аса ғұмыры бар төл басылымның бүгінде тұрақты оқырмандары аз емес. Оның ішінде газетпен түйедей құрдас апамыз секілді жандар да бар.
Қазыналы қариямыз Қазалының тумасы. 1950 жылы отағасы Әбдіғазы мен отау құрып, жұмыс бабымен осында қоныс аударады. 70 жылдан астам өмірін осы мекенде өткізген олар 13 перзентті өсіріпжетілдіріп аяққа тұрғызады. Отағасы жол бо йында ұзақ жыл қызмет етсе, әжей обаға қарсы күрес бөлімінде еңбек еткен. Саналы ғұмырын еңбекке арнаса да, 4 ұл, 9 қызына тәлімді тәрбие бере білген. Көзге көрінген ұл-қыздарының бүгінде әрқайсысы бір-бір үйдің тізгінін ұстап, шаңырағының ұйытқысына айналып отыр. Берекелі әулеттен тараған ұл-қыздар түрлі салада еңбек етуде. Алтын алқаны екі рет иемденген Ақпатша әжейдің жолын қызы Жақсыгүл жалғаған. Бүгінде ол 7 перзент тәрбиелеп, алтын алқа иеленіп отыр. Анасы секілді аудандық обаға қарсы күрес бөлімшесінде аяжан болып жұмыс істейді.
– Өркендерің өссін, алтындарым. Біз газет пен теледидардағы жаңалыққа әбден үйренгенбіз. Ол болмаса құлақ кескендей күйде боламыз. Ауданның жағымды жаңалығын үзбей оқимын. Өздерің секілді тілшілер түрлі тақырыптарда қалам тербейді. Оның ішінде рухани құндылықтар мен тарихи мақалаларды жақсы көремін. Әр санын асыға күтіп, әрбір нөмірін қалт жібермей оқимын. Газет мазмұнды, оқитын материалдарға бай болады ғой, – дейді әжей.
Әжеміз "жасым келіп қалды" деп қарап жатпайды. Үйдің жұмысын да, деннің саулығын да ойлайды. Азанда ерте тұрады, шайды мүлде ішпейді. Оның орнына қайнаған су ішеді. Уақытылы тамақтанып, үнемі қозғалыста болады. Сондай тынымсыз еңбектің арқасында әлі күнге дейін тың.
– Бір әпкем Кореяда. Қалған бауырларым еліміздің әр қалаларында тұрады. Мерекелік демалыстарда жиі бас қосуға тырысамыз. Өткен жылы анамыздың 90 жас мерейтойын атап өттік. Барлық бауырлар жиналып, арқа-жарқа болғанымыз бар. Аллаға шүкір, анамыз әлі күнге дейін өзі жүріп-тұрады. Әйтсе де әлі күнге дейін кір жуып, тоқыма тоқып, керек десеңіз қамырды да өзі жая береді. Газет-журналды көзілдіріксіз оқиды. Мінезі өте жайлы. Ешкімге кек сақтамайды, ренжу дегенді білмейді. Бізді де сондай болуға үйреткен. Жүрегі жұмсақ, кішіпейіл, ақжарқын қалпынан танбайтын анамызбен мақтанамыз, – дейді қызы Жақсыгүл.
Түйін
Көп жасаған қария – сарқылмайтын дария. Әлбетте жасы үлкен кісілерді сыйлап, оларды қымбат қазынаға теңеп жатамыз. Қадірлі қария атану да үлкен бақыт. Қарттықтың шуақты сәтін сезініп, айтулы асыл қасиеттерін бойына сіңірген атаәжелеріміздің қоғамдағы рөлі қашанда зор болып қала береді. Жарқын жүзінен шуақ ескен апамызбен дидарласып, азкем әңгіме айтып болған соң апа бізге бата беріп шығарып салды. Жаныма ере барған Ерсін ағайдың шығар сәттегі апаның маңдайынан сүйіп жатқаны дүниеден өткен марқұм әжемді есіме түсірді. Жанарыма келген жасты бір сығып алдым. Расымен қарты бар үйдің қазынасы бар ғой...
Ақнұр САҒЫНТАЙ