» » Дүбірлі Дала күні

Дүбірлі Дала күні

Дала диқандары үшін еңбектің нағыз өлшенер шағы күз айы. «Балапанды күзде сана» демекші еңбеккерлер ала жаз бойы маңдайы күнге күйіп сары алтын күрішін баласындай күтіп баптаса, енді астықтың бір дәнінде жерге қалдырмай қамбаға төкпей-шашпай жинау міндеті бар.

Жақында Дүр Оңғар ауылында егінге алғашқы орақ рәсімі мен «Дала күні – 2023» семинар-кеңес өтті. Дала жиынына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров арнайы елге жұмыс сапармен келіп қатысты.

Алдымен қонақтар «Жаңажол» ЖШС шаруашылығының күріш алқабымен танысып, егінге орақ салу рәсімінің куәсі болды. Ауылдың еңбек ардагері Бегалы Пірдашовтың ақ батасымен маңызды іс-шараның лентасы қиылды. Егінді оруға сақадай сай тұрған техникалар да жер сүзгілеуга асыға жұмысына кірісті.

Іс-шараға қатысушылар мұнан соң егін жинауға арналған техникалармен және жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін көрді. Аудан әкімі Жандос Еркінбек аудандағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша жасалған бірқатар жұмыстарды таныстырды.

– Биыл ауданымызда жалпы егіс көлемі 26 288 гектарды құраса, оның ішінде күріш 13 770 гектарды құрап отыр. Су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жұмыстары жүйелі жүргізілді. Қазір күзгі егін-терім жұмыстары кестеге сай орындалуда. Ауданда өсірілген ауыл шаруашылығы дақылдарын жинап, ел қамбасын еселейтін боламыз, – деді аудан басшысы.
Иә, жазғы ауа райының аптап ыстығы мен елдегі су тапшылығы мәселесі биылда диқандарды алаңдатып тастағаны жасырын емес. Осындай жағдайдан кейін шаруашылық мамандарының жоғары өнімділікке қол жеткіземізбе деген күдік-күмәні көбейе түскені рас. Алайда аймақ басшысының тікелей тапсырмасымен су насостары алынып, шаруашылықтар бұл қиындықты да еңсеріп шықты.

Дала жиыны одан әрі соң семинар-кеңеске жалғасты. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы пен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сейпілұлы, барлық аудан әкімдері, басқарма басшылары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері мен сала ардагерлері қатысты. Кеңесте облыс әкімі аяқ су тапшылығы мәселесін қозғап, оның алдын алу бойынша бірқатар ұсыныс айтты.

– Аграрлы сала облыс экономикасының негізгі бағыттарының бірі болып саналады. Оның ішінде аймақтың табиғи ерекшелігіне, ауа райының топырақ құрамына бейімделген күріш аймақтың негізгі дақылы болып қалыптасқан. Соңғы жалдары орын алған су тапшылығының әсерін Сыр диқандары қатты сезініп келеді. Биыл да вегетация кезеңінде егісті сумен қамтамасыз ету күрделі жағдайда өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының, Үкімет басшысы Әлихан Асханұлының, Үкімет мүшелерінің қолдауының арқасында аймақта су тапшылығының алдын алу шаралары дер кезінде қабылданды. Өткен жылы Үкімет резервінен бөлінген қаржыға 21 канал тазаланып, 52 ұңғыма қалпына келтірілді. Қосымша 133 насос сатып алынып, ел игілігіне пайдаланылуға берілді. Облыста арнайы жұмыс топтары құрылып, суды тиімді пайдалану үшін егістікті кезектесіп суаруды, қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалануды жолға қойдық. Осындай қиындықтарға қарамастан, күріш көлемін 89 мың гектар етіп сақтап қалдық», – деді аймақ басшысы.

Басқосуда облыс әкімі егін жинау науқанына дайындықтың барысына және саладағы өзекті мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ, келер жылдан бастап суды тиімді пайдалану үшін күрішке берілетін қолдаудың көлемін қысқартып, қаржыны әртараптандыру мақсатында егілетін дақылдарға бағыттауды ұсынды. Одан бөлек субсидияны ауыспалы егіс тәртібін сақтап, егістік жерді лазерлік тегістеуден өткізген және каналдар сағасына су есептегіш құралдар орнатқан шаруашылықтарға ғана беру керегін айтты. Сонымен қатар облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы министрлік әзірлейтін тұқым шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына күріш тұқымы мәселесін арнайы қосуды және қолдауды сұрады. Себебі күріш шаруашылығындағы күрделі мәселе – ол сапалы тұқыммен қамтамасыз ету.

«Дала күнінде» ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров сөз алып, Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың Сыр диқандарын егінге орақ салу рәсімімен құттықтау хатын оқып берді. Одан кейін Министр диқандар мен су шаруашылығы мамандарын ҚР Премьер-министрінің Алғыс хатымен марапаттады.

Шаруашылықтар ерте егілген дәнді дақылдарды жинау жұмыстарын аяқтады. Дәнді және сүрлемдік жүгерімен қатар картоп, майлы, малазықтық, көкөніс, бақша дақылдарын жинау жұмыстары жүргізілуде. Ал күріш егісінің суы толық байланды. Жалпы егін жинау науқанын 10 қазанда аяқтау межеленген.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
  
16 қыркүйек 2023 ж. 333 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 261

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 360

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930