Теңіздей толқыған сары алтын

Жиында келген қонақтар шаруашылықтың биылғы егін жинау науқанына дайындық барысын және ауыл шаруашылығы өнімдерінен әзірлеген көрмемен танысты. Биыл агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда әртараптандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілген. Күріш егісінің көлемі барлық жерде болып жатқан су тапшылығына байланысты былтырғы көлемнен 500 гектарға қысқарған. Есесіне әртараптандыру дақылдарының көлемі 1372 гектарға артып, картоп, көкөніс, бақша өнімдерінің көлемі 232 гектарға, мал азығы дақылы 878 гектарға артық орналастырылған.
Алқап басында аудан басшысы күзгі науқанға дайын тұрған дала диқандарына сәттілік тілеп, ыстық лебізін білдірді.
– «Егіншілік – ежелгі кәсіп, еңбекшіге нәсіп» демекші, ала жаздай төккен маңдай тер еңбектеріңіздің бүгін жемісін көргелі отырсыздар. Күріш – Сыр елінің негізгі байлығы. Осы сары алтынды шашпай-төкпей ысырапсыз жинап алу ендігі міндетіміз. Биыл шаруашылық диқандары еңбегіне орай мерей тұғырынан көрінеді деген сенімдеміз. Алдағы уақытта да өнімдеріңіз мол болсын. Қамба дәнге толсын, – деді аудан әкімі Қайрат Нұртай.
Сыр салысын күтіп-баптауда ауыл диқандарының ала жаздай еңбегі зор. Олар күрішті уақытылы суарып, тыңайтқышын беріп, күні-түн егінжайды қадағалады. Тіпті шілденің шіліңгір ыстығына қарамай, күріштің ауруға ұшырамауының қамын жасап, жауаптылық танытты. Енді міне піскен шақта бұйырған несібесіне қарай мол өнім алуға ниет етіп, оны жинап алуға сақадай сай тұр.
Ауыл ардагері Сайлау Мұхтаровтың ақ батасынан кейін теңіздей толқыған сары алтынға орақ түсті. Жылда озаттардың қатарынан түспей жүрген №5 егіс бригадасының бригадирі Жандос Сәукеевтің Жер-Анадан жоғары центнер өнім алатынына сенімі мол. Осылайша егінжай төсіндегі қарбалас тіршілік ертеден қара кешке дейін бір тыным таппасы анық.
Ерсін СӘДУҰЛЫ