» » Қазақы қалып, әдемі қылық

Қазақы қалып, әдемі қылық

qarmaqshy-tany.kz Қазақ әуелден босағадан аттаған жас келіннің тәрбиесі мен көргентүйгеніне мән берген. Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан бұл үрдіс бүгінгі күнде де өз маңызын жойған жоқ. Өткен аптаның жұмасында аудандық К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» тақырыбында келіндер сайысы өтті. Мағыналы байқауды халықаралық Қазақ тілі қоғамының аудандық филиалы ұйымдастырды. Басты мақсат – қазіргі жас келіндер арасында ұмыт болған ата-дәстүр салтымызды қайта жаңғыртып, қазақ келініне тән әдемілік, әдептілік, ізеттілік және ісмерлік пен тапқырлықты дәріптеу.
Байқау шымылдығын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков ашып, келіндерге сәттілік тіледі.
– Атадан қалған ұлттық тәрбие қай кезде де өзекті. Біз ұлы иманды, қызы инабатты ұлттың ұрпағымыз. Балаларымыздың дұрыс болуын қаласақ «Келешегіңді ойласаң, бесігіңді түзе» демекші, тәрбие беруді бесіктен бастағанымыз жөн. Осындай өнегелі іс-шаралардың қатары көбейе берсін, – деп бақ сынаушы келіндерге батасын берді.

«Пай, пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай, көл дария секілді пейілдері-ай» десе дегендей-ақ, қазақ келіндерінің бар болмысын бойларына жиған ауданның 7 келіні баптарын да, бақтарын да сынады. Қатысушылардың бірі – ұстаз болса, енді бірі – дәрігер, тағы бірі – кітапханашы. Сансалада табысты еңбек етіп, бір отбасының түтінін түтетіп, әулет тізгінін жалғап отырған берекелі келіндер ұлттық киіммен сахнаға көрік берді.

Келіндер 5 кезең бойынша сынға түсті. «Сәлем – сөздің атасы» атты алғашқы кезеңде өздерін таныстырған келіндер ортаны өлең-жырмен толтырды. Ал, «Өнерлі өрге жүзер» атты екінші кезеңде қатысушылар өнерлерін ортаға салды. Әуелетіп ән салған келіндер көп қошеметіне бөленді. Сонымен қатар, қатысушылардың арасында жолдасымен, енесімен, қызымен бірге ән шырқағандар болды. Бұл дегеніңіз нағыз отбасылық бақыт. Себебі, бақ сынауға бел буған отбасының бір мүшесіне деген құрмет, сыйластық, әрі қолдау. Осындай берекесі жарасқан отбасыларға көрермен қауымы да ерекше ризашылығын білдіріп отырды. Бұл кезең сайыстың ең көрікті бөлімі десек те болады. Қазір қоғамда белең алып отырған «ене мен келін» деген суық қарым-қатынастың керісінше жарасымдылығын көрсетіп, ой салған өнер ортасы болды. Ән де шырқалды, би де биленді, мағыналы өлең де оқылды, сіңліге сыр да жеткізілді. Бәрі де қазақы қалыппен, әдемі қимылмен өрілді.

Ал, «Ана көрген тон пішер» атты кезеңде талапкерлер өз қолдарымен жасалған бұйымдарын әділқазылардың алдына ұсынды. Ерекше дизайнмен жасалған көрпеше, жастық, түрлі бұйымдар көздің жауын алып, бір-бірінен асып түсті. Қатысушылардың әрбірі бір ғана бұйым емес, бірнеше бұйымды сахна төріне алып шыққанда келіндердің бос уақытын тиімді өткізіп, жоқтан бар жасап, қажетсіз дүниені кәдеге жарататын шебер, епті екенін аңғардық.

«Бесік жыры» деп аталған келесі кезеңде келіндер бесік жырын жанды дауыста түрлі сахналық композициямен ерекше етіп орындады. Бұл кезеңде де отбасы мүшелері, әсіресе енелері келіндеріне қолдау білдіріп, сахна төріне шықты. Бесік жырын айтып қана қоймай, бесікке қажетті жабдықтарды толық түсіндіріп, жас келінге аналық ақыл, әжелік нақыл да айтылды. Тағы бір айта кетерлігі, бір қатысушы өзімен бірге қызын да кішкене бесікпен сахна төріне отырғызып, оны тербеткені көпті сүйсінтті. Бұл қыз тәрбиесінің нәзік бір көрінісі, болашақ ана болуға дайындықтың алғашқы сатысы, әрі көпке үлгі болды.
«Ақылына көркі сай» атты соңғы бөлімде келіндер білімін сынға салды. Салт-дәстүр, қазақы тұрмыс-тіршілікке орай дайындалған сұрақтарға қатысушылар тапқырлық танытып, тосылмастан жауап берді.
Иә, қазақ халқында «Жақсы қыз болу – бақыт, жақсы ұл болу – одан да үлкен бақыт, ал жақсы келін болу – нағыз бақыт» деген мақал бар. Қай кезде де қазақтың келіндері өздерінің ибалылығымен, инабаттылығымен үлкенге де, кішіге де үлгі бола білген. Сайысты қорытындылаған әділқазылар үміткерлер тарапынан кеткен кемшіліктерді жасырмай ортаға салып, олардың өзгелерді тәнті еткен жақсы жақтарын да атап өтті.

– Бүгін тағылымды, тәрбиелі, үлкен мәні бар іс-шараның куәсі болдық. Салт-дәстүрді ұстану, үлкенді құрметтеу, сәлем салу – мұның бәрі қазақылығымызды танытып тұратын ұмытылмайтын дүниелер. Келіндердің барлығы жақсы өнер көрсетіп, салтдәстүрді жете білетіндігін аңғартты, – дейді әділқазы алқасының төрайымы Нұршат Наурызбаева.

Осылайша, қазақ келінінің ақылы мен парасаты сынға түскен байқау да өз мәресіне жетті. Қазылар алқасы үшін «мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктерді» анықтаудың қиын болғаны рас. Соның нәтижесінде «Инабатты келін» номинациясы бойынша аудандық оқушылар үйінің «Шахмат» үйірмесінің жетекшісі Фариза Жұмағазықызы, «Өнерпаз келін» номинациясын Төретам кентіндегі №269 мектептің мұғалімі Жадыра Серікбаева иемденді. Ал, жүлделі үшінші орынға №3 «Ертөстік» бөбекжай-бақшасының логопеддефектологі Айгерім Үсенбаева мен №250 мектептің мұғалімі Раушан Өтепова лайық деп танылды. Екінші орынды №28 мектептің мұғалімі Назерке Тарғанова жеңіп алса, бірінші орын аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Мөлдір Жазықбаеваға бұйырды. Аудандық аурухананың І санатты дәрігері, зертхана меңгерушісі Гүлдана Қалмаханова сайыстың бас жүлдесін қанжығасына байлады. Сайысқа қатысушы барлық талапкерге арнайы диплом, бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Сайысты ұйымдастырушыларқатысушыларға қойылған талаптар өте жоғары болғанын, десе де жас келіндердің өздерін жақсы қырларынан таныта алғандарын жеткізді.

– Біздің халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы 30 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында сөз саптауға, білімдік деңгейді анықтауға байланысты түрлі іс-шаралар өткізілді. Ал, биылғы жылға біз қазақ келіндерінің қай бағытқа қарай бара жатқанын, дәстүрсалтымызға қалай қарайтынын анықтау мақсатында осы келіндер сайысын ұйымдастырдық. Бауыржан Момышұлы «Бесік жырын айта алмайтын келіндерден қорқамын» деген еді. Біздің сайысқа «Бесік жырын» қосуымыздың басты себебі – осы. Алайда, келіндер бесік жырын беске айтып, бізді қорықпауға болатынымызды аңғартты. Келіндер сайысы өте жоғары деңгейде өтті. Ауданның ибалы да инабатты келіндері сайысқа қатысуға ниет білдіріп, өздеріңіз байқағандай ерекше дайындалып келгендерін паш етті. Бұл іс-шара отбасылық құндылықтарды дәріптеп, қоғамдағы аналар мәртебесінің артуына сеп болады деп ойлаймын. Қатысушыларды қолдауға келіп отырған отбасы мүшелеріне, ұжымға арнайы уақыт бөлгені үшін ерекше алғысымды білдіремін. Осы байқаудың мәнді де сәнді, көрікті өтуіне қол созған баршаңызға алғысым шексіз, – деді аудандық филиалдың төрайымы Гүлжауһар Раева.

Иә, қазақ халқында келіннің орны қашанда ерекше. Бүгінгі төрімізде отырған қызымыз ертең бір азаматтың жары, бір әулеттің келіні, болашақ ана. Сондықтан әрбір қазақ келіні шаңырағының бақыты болсын дейміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
16 мамыр 2023 ж. 224 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930