» » Өтпелі кезең өкінішке ұрындырмасын

Өтпелі кезең өкінішке ұрындырмасын

qarmaqshy-tany.kz Елімізде мектеп оқушылары арасындағы жанжал мен төбелес жиілеп кетті. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс бұл күні өршіп тұр. Оған жыл басынан бері бақ пен әлеуметтік желілерде тарап кеткен бейнежазбалар дәлел. Бірін-бірі бопсалау, қорқыту, қорлық көрсету секілді іс-әрекеттерді телефонға түсіріп оны көпшілік елге тарататынын қайтерсіз?! Кемел келешектің иесі деп сеніп отырған жасөспірімдеріміз келеңсіздіктің небір «Көкесін» көрсетіп жүр. өкінішті, әрине. Олардың мұндай оғаш қылықтары қоғамды, әсіресе ата-ана қауымының көңілін күпті етіп, алаңға салып отырғаны белгілі.

Жақында Өскемендегі оқушы қыздың өзі қатарлы бойжеткенді ұрып-соғып жатқан видеосы тарады. Аяусыз соққыға жыққаны былай тұрсын, шешіндіріп, оны көпшілікке таратып жібергені көптің ашуына тиді. Иә, жігіттерді былай қойғанда бойжеткендердің жаға жыртысып, таяқтағаны тіптен ұят секілді.

Жасөспірімдер қылмысы өршіп тұр

Құқықтық статистиканың және арнайы есепке алу комитетінің ресми деректеріне сүйенсек, соңғы үш жылда 3500-ге жуық жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Атап айтар болсақ, 2021 жылы 1504, 2022 жылы 1545 болса, биылғы жылдың өзінде 376 жасөспірім қылмысқа барған. Сондай-ақ соңғы үш айда олардың қатысуымен 101 аса ауыр қылмыс тіркелген екен.

Жыл басынан бері қылмыстық жауапкершілікке тартылған 14-17 жас аралығындағы 376 тұлғаның 353-і ер бала болса, 23-і қыздар. Нәзікжанды қыздарымыздың да бұл қатардан қылаң бергені адамгершіліктің азайғанының көрінісі ме дерсіз.

Жасаған қылмыс түрлеріне келер болсақ, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыс – 22, ұрып-соғу – 5, кісі өлтіру – 3, тонау – 4. Бұл тек наурыз айына дейінгі мәлімет. Десе де сәуір айында еліміздің бірнеше өңірінде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің әсіресе қыздардың төбелесі әлеуметтік желі арқылы тарап кетті. Бұл, әрине бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ананың жүрегіне тигені анық.

Соңғы уақытта орын алған Қазалы ауданындағы жасөспірімдер арасындағы төбелес, Алматы облысы, Кеген ауданы, Саты ауылындағы екі оқушының өз-өзіне қол жұмсауы, Шығыс Қазақстан облысындағы қыздар арасындағы қатыгездік, міне тізбектей берсек тіптен көп. Түптеп келгенде бар дүниені тәрбиеге әкеп тірейміз. Одан соң ата-ана мен мектеп қайда қарап отыр деп бәйек боламыз. Бұзақылыққа барған жасөспірімдердің атаанасы туралы сөз еткенде олардың лауазымды қызметте жүргені айтылады. Мұнан соң «бұл қалай болғаны?» деп даурығады жұрт. Басшылық қызметте жүрген жанның баласы осындай болса, қарапайым халықтан не күтеді деген сынды. Әрине, жұмысбастылықтың соңы бала тәрбиесіне кері әсерін тигізіп жатыр. Бірақ бала болашағы үшін деп күні-түні еңбек етіп, баласының да бабын, тәлімі мен тәрбиесіне жіті көңіл бөліп жүргендер де бар арамызда. Әйтсе де олар тым аз.

Аудандағы жай қалай?

Ауданда бейуақытта бақылаусыз жүрген жасөспірімдердің саны азаймай тұр. Түнгі уақытта көше мен ойын-сауық орталықтары балалардың үйір болатын орны. Осыны ескеріп, тәулік бойы тыным таппай, кәмелетке толмағандардың ісімен айналысатын тәртіп сақшылары мен еріктілер, мектеп ұстаздары бірігіп түнгі рейдтік жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Бұл жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу және қоғамға жат іс-әрекет жасауға бейім, қадағалаусыз және қараусыз қалған, түнгі уақытта заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз үйден тыс болуы деректерін анықтау мақсатында ұйымдастырылуда.

Күнделікті аудан әкімінің орынбасарлары мен ардагерлер, аудандық мәслихат депутаттарының және тиісті сала басшыларының қатысуымен түнгі рейд жұмыстары жалғасын тауып келеді. Сонымен қатар рейд барысында кафелер, дүкендер, компьютерлік клубтар, аллеялар және көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары араланып, кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түсіндірме жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кәмелеттік жасқа толмаған жастардың түнгі сағат 23.00- ден кейін заңды өкілінсіз көшеде немесе ойын-сауық орталықтарында жүруге тыйым салынатындығы ескертілуде.

«Қызым үйде, қылығы түзде»
Мұндай жайттың көбі қыздардың «өтпелі» кезеңінде жиі болатын көрінеді. Олар өз қатары арасында «мықты» болып көрінгісі келеді. Ашу-ызаға жиі бой алдырады. Сондайақ, алғашқы махаббат, мектеп ішіндегі түрлі жағдайлар да бойжеткендердің сөзге келіспей қалуына себеп болады. Соңғы жылдары қыздар арасындағы төбелесті әлеуметтік желіге тарату жиіледі. Мамандардың пікірінше, оның соңы кек алумен аяқталып жатады. Әсіресе, мектеп жасынан төбелеске бейім, тәрбиесі нашар қыздар жанжалдың бел ортасында жүреді. Жанжалға себеп болатын жағдайлардың легі – махаббат, яғни жігітке таласу, қызғаныш пен ақшаға қатысты.

Психолог мамандардың пайымынша, қандай жағдай болмасын, баланы тыңдау керек. Қазір кей ата-аналар баламен сөйлеспейді. Оның немен айналысып жүргенін, тіпті не ойлайтынынан бейхабар. Баламен жиі әңгімелесіп, ойына құлақ түру қажет. Мейірім мен махаббатқа шомылып өскен баладан бұзақылық шығады деу қиын. Өйткені кішкентайынан бойына мейірімділікті, адамдықты, адалдықты сіңіріп өскен баланың жаман болғанын көргеніміз жоқ. Жалпы, қазіргі жасөспірімдер арасындағы суицидтің, келеңсіз оқиғалардың көпшілігі отбасындағы берекесіздік пен ата-ананың екіге ажырасуына байланысты дейді мамандар.

Әлеуметтік желідегі қыздардың шаш жұлысып, теуіп, тістеп, бірін-бірі аяусыз ұрып жатқан төбелесіне қарап отырып, кейде адамдар аяушылық сезімнен айырылған ба деген еріксіз ойға қаласыз. Жұдырықтасқыш қыздардың тілі де жүйрік. Небір былапыт сөздерді айтқанда төбе шашыңыз тік тұрады.

Қазір жастар арасында төбелесу «сән» емес. Олар бір-бірімен білім арқылы ғана ерекшелене алады. Иә, қоғамды дүр сілкіндірген ұрдажық оқушы қыздардың қылығы көпке сабақ болуы қажет. «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» деген сөз бар. Қалай десек те, нәзік жаратылыс иесінің төбелескені бұрымдыларға жараспайтын қылық. Жаман әдеттің алдын алу үшін қоғам болып әрекет етуіміз қажет. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, бұл балалардың өтпелі кезеңінде жиі орын алады. Өтпелі кезең өкінішке ұрындырмасын, ойланайық. Бала болашағына бейқам болмайық!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
28 сәуір 2023 ж. 376 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 545

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 614

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031