» » Балағат сөзге бала үйір болмасын

Балағат сөзге бала үйір болмасын

qarmaqshy-tany.kz Әнеугүні кешкілік жұмыстан келе жатып, көшедегі бір жайтқа кезіктік. Сабақтан қайтқан үш-төрт бала жаға ұстасып, ерегесіп-ақ тұр. Түрлеріне қарасаң жоғары сыныптың оқушылары деуге келмес. Бастауыш сыныптың балалары. Бірақ аузынан шыққан сөздері «әпәйдік». Жақсы сөздер емес. Құдды балағат сөзге тойып алғандай. Бір-бірін сыбап жатыр. Енді біреуі асырып айтса, екіншісі жұдырық ала жүгіруге шаққа тұр. Тоқтар емес. Манадан бері сыртынан жағымсыз қылықтарын бағып келе жатқан жаман сөзге шыдамымыз таусылды. Араларына кіріп екі жаққа айырдық. Үлкендік ақыл айтып, бұның дұрыс еместігін түсіндіріп, қой дестік. Тоқтамға келген олар да бір-бірін кінәлап «өзі ғой» десті. Осыдан кейін «Біз кімді тәрбиелеп жатырмыз? Болашақ ұрпаққа не үйретіп жатырмыз?» деген ой көкейде сұрақ болды.

Қазір үлкендер былай тұрсын, баланың қасында әдепті сөйлеуден кенде қалып жатырған жайымыз бар. Бұл жайтқа қоғам болып жеңіл қарап келеміз. Оған сөзсіз дәлел көп. Қарапайым мысал отбасындағы ата-ана баланың көзінше жанжалдасып, ашық былапыт сөйлеуі. Мұндай қиын отбасында өскен ұрпақ тәрбиені бойына тез сіңіреді. Одан бөлек тілі былдырлап енді шығып келе жатқан балаға қызық көріп жаман сөз үйретеміз. Оның айтқанына мәз болып шабыт бергендей «тағы айтшы» десеміз. Тіпті балабақшадан бірінің сөзін бірі қағып алатын балаларымыз да бар. Айналып келгенде өзіміздің аузымыздан шығып жатқан боқтық сөздер. Ал бала соны айна қатесіз қайталаушы. Осыдан кейін кімге өкпелейміз? Әлгі айтқан әке-шешеден сыбайтын бала қайдан шығып жатыр дейсіз?
Пайғамбарымыз өзінің бір хадисінде «Қиямет күні кісінің таразыға ауыр басатын нәрсесі – көркем әдебі. Сөзсіз, Құдай боғауыз, былапыт сөз айтушы кісіге ашуы келеді» деген. Осы өсиетке сүйенер болсақ, бүгінде қаншама адамға Жаратқанның ашулы екендігін шамалай беруге болады. Жалпы біреуді балағаттап сөйлеуден бүгінде жер беті аман қалып отырмағаны анық. Соның ішінде қазекең де бұл жағынан ешкімге дес берер емес. Мәселен оңтүстік өңірге бара қалсаңыз «шешеден», батыс өлке «анадан», ал солтүстік аумақтар «әкеден» сыбап сөйлеуі қанға сіңген. Түптің түбіне келгенде тіршіліктің бастауы Адам ата мен Хауа анамызға тіл тигізіп отырмыз. Бойымызға тарап кеткені сонша онсыз сөз құдды сөз болмайтындай. Тіпті оны қоспай сөйлесе, сөздің көркі бұзылатындай. Адамның есірткі затына немесе алкогольге тәуелді болғанындай, балағат сөзге тәуелділік деңгейі алдыңғы қатарға шығып отырғаны рас. Жастайынан боқтық сөз айтып, оған құмар болып өскен адам соған әбден еті үйреніп, әдеттеніп алады да, енді қайтып одан құтыла алмайтындай көрінеді. Былапыт сөз оның өмірінің «көркі мен сәніне, әңгімесінің тұздығына» айналады. Екі сөзінің арасына үшінші сөз қылып әлгі боқтықты қоспаса бір нәрсе жетіспей тұрғандай сезінеді. Атам қазақ осыдан кейін мұндайға «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деп сипат берген. Адамдар арасындағы ұрыс-керіс, дау-жанжал, бір жеріңді ауыртып алғанда айту былай тұрсын, қуанған кезде де боғауыз сөз айтуды әдет қылдық. Ол рас. Оны келістіріп айта білуді өнер әрі мақтаныш ретінде көреміз. Осыдан кейін қоғамның біртіндеп рухани жағынан жадап-жүдеп бара жатқанын ашық көруге болады.
Әйгілі Шекспир «Сөз дегеніміз – жел, ал балағат сөз – азынақ» деген. Азынақ желдің сүйектен өтіп бойыңды тоңдыратыны секілді, жағымсыз, былапыт сөз де сүйектен өтіп, жаныңды ауыртатынын ұмытпағанымыз жөн. Себебі, қоғамның бұзылуы, адам- дардың мейірімсіз де ашушаң болуы, отбасындағы ажырасу, үлкенге ізет, кішіге құрмет секілді құндылықтардың азаюына кім кінәлі деген сансыз сауал қойылғанда, оның бір жауабы ретінде адамның боқтық сөзге әуестеніп, кәдуілгі үйреншікті нәрсеге санағанын айтады. Осыдан кейін Пайғамбарымыздың «Құдайға және ақырет күніне сенген адам не жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» дегені еске түседі. Осы бірауыз өсиеттің өзі қаншама ұлы шындықты паш етіп тұрғаны рас қой. Көздің зинасы – қарау, құлақтың зинасы – әдепсіз сөз тыңдау секілді, тілдің зинасы – балағат сөз айту екенін естен шығармайық.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
07 қараша 2022 ж. 576 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 313

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 412

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930