Әкеден – ақыл, анадан – мейір
qarmaqshy-tany.kz Әр отбасы жеке мемлекет. Ол мемлекеттің іргетасын қалаушы, басқарушы – отағасы, әке. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы сол үйдің еріне байланысты. Алайда, әке болу бар да, әке бола білу тағы бар. Әке – ұлы күш пен сабырлылықтың иесі іспеттес.
Жақында №121 орта мектепте «Баланың бас ұстазы – ата-анасы» тақырыбында кеңейтілген жиын өтті. Оған мектепішілік атааналар комитетінің төрағасы Асқар Дәулетбаев, қамқоршылық кеңестің төрағасы Баянкүл Бекжанова, АПб-нің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы полиция майоры Гүлмира Исмайлова, мектеп инспекторы Ғалымжан Мұхамедияров, теолог маман Жалғасбек Ысқақов және мектепішілік әкелер институтының мүшелері, 8-11 сынып арасындағы ер балалар, сынып жетекшілер мен әкелер қатысты.
Кездесудің мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты болдырмау және алдын алу. Отбасындағы әке тәрбиесінің ролін күшейту, оқушыларды жат қылықтардан сақтандыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Ата-аналар кеңесінің төрағасы Асқар Дәулетбаев, оқушыларға жасөспірім шағында өз басынан өткен қызықты оқиғалармен бөлісіп, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Күн тәртібінде қаралған мәселе аясында «Отбасылық қарым-қатынас пен рухани адамгершілік дәстүрлерді қалыптастыру мен сақтаудағы әкенің ролі» тақырыбында мектеп директоры Болат Мәлікұлы кеңінен сөз қозғады. Қазіргі таңда елімізде орын алып жатқан жасөспірімдер арасындағы келіспеушіліктің алдын алуға құзырлы органдар мен ата-аналар мектеп әкімшілігімен тығыз байланыста болып, бірлескен жұмыстарда бір болуға шақырды. АПб-нің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Гүлмира Білімжанқызы «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» баяндама жасады.
Жиын соңын жасөспірімдер арасында зілтемір көтеруден әлемнің екі дүркін чемпионы, мектеп оқушысы Ерасыл Сәулебеков пен оның бапкері, мектептің ата-аналар комитетінің мүшесі Айдар Ералиев қорытындылап, алдағы спорттық сайыстарда тәуелсіз еліміздің Әнұранын асқақтатып, көк Туын желбіретуге уәде берді.
«Қт» ақпарат