Жастар кімнен үлгі алып жүр?
qarmaqshy-tany.kz Елімізде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстық іс-әрекеттердің көрінісі тыйылмай тұр. Теледидар немесе әлеуметтік желіні ашсаңыз міндетті түрде аяусыз жаға жыртысқан жастардың төбелесі болмаса суық қару ұстаған мектеп оқушысының қылмысы сынды келеңсіз жаңалықтар жарыса жеткізуде. Жақында ғана Қазалы ауданында болған жайт соның айғағы. Айдың-күннің аманында мектеп оқушысын тепкіге алған бір топ баланың бейнежазбаға түскен әрекеті, әлеуметтік желіде желдей есіп, үлкен резонанс тудырды. Бұл бір ғана ауданда емес, барлық аймақта, тіпті өзімізде де көңіл көншітпей тұр.
Бұрын мектеп оқып жүргенімізде бізден жасы үлкен ағаларымыздан «районға» бөлініп жүру туралы жиі еститінбіз. Ара-тұра топ болып төбелескенін немесе бірге-бір шығып, бетін көгерттік дегенді айтып отыратын. Кейін олардың орнын бұзақы жастар басқалы төбелестің мәні өзгерді. Бір-бірін аяусыз соққыға жығу, бір балаға топ болып жабылу, суық қару қолдану, жарақаттау сынды жағдайлар жиі көрініс тапты. Қазіргі мектеп жасындағы жасөспірімдер де тура осы жолдан жаңылмай жүр десек артық айтқандық емес. Себебі, жастардың дені атыс-шабыс видеоларды көруден әрі аспай қалды. Одан қалды түнгі ойынханаларда қатігез ойындарды ойнап, кейін іс жүзінде соны бір-біріне қайталап, арты қайғылы оқиғамен аяқталып жатқандары жетіп жатыр. Сумкаға қару салып, мектепке кірген оқушылардың іс-әрекеті соның дәлелі. Осыдан кейін жаппай жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу шарасы күшейтіліп, қолға алынуда.
Ауданымызда кәмелет жасқа толмаған жастар мен жасөспірімдерді ата-анасыз түнгі беймезгіл уақытта көшеде жүруге тыйым салу мақсатында күн сайын рейдтік жұмыстар ұйымдастырылуда. Оған аудан әкімдігі бастаған топ, яғни ардагерлер, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық полиция мен білім бөлімінің басшылары тартылған. Рейд барысында кафе, дүкен, компьютерлік клубтар, көпқабатты үйлердің аулалары мен қараңғы қуыс көшелерді аралап, оқушылардың ретсіз жүруін қадағалауда. Кезекші топпен репортаж жасауға кенттің қараңғы көшелеріне бізде рейдке шықтық. Әдеттегідей кенттің арғы беті мен бергі беті бойынша екіге бөлініп, көшелерді араладық. Адам көп шоғырланады деген аймақтарды шарладық, қараңғы көшелерді кездік. Мұндайда бұзақы жастардың рейд жұмысы жүретінінен хабардар екені айдан анық. Әзірге қараларын көрсетпеді. Мына қуыста жүреді-ау деген жерлерді де көрдік. Бұл жолы тура түстік. Көліктің жарығын байқаған бір топ жасөспірімнің мектептің қараңғы ауласынан қаша жөнелгені көзге ілікті. Біз жетеміз дегенше үлкен арықтың арғы бетіне өтіп, жан-жаққа жасырынып үлгерді. Осыдан кейін әлгі жасөспірімдердің ата-анасы баласын бақылауда ұстап отыр дегенге сеніп көріңіз. Көшедегі топтық төбелестің осыдан шығатыны анық. Жақында әлеуметтік желіге бір танысымның салған посты ой салды. Ол елдегі балалар арасында жантүршігерлік қылмыстың жиілеп кетуінің бір себебі – ережесіз жекпе-жектің кеңінен насихатталуынан деп ойын дөп айтты. Рас. Ережесіз жекпе-жек дегеніңіз нағыз төбелестің сойқаны. Тек спорттық ойын демесеңіз, аты айтып тұрғандай белгілі бір ережесі жоқ еркін төбелес. Мақсаты – қарсыласын аяусыз соққыға жығып, қан жоса етіп жеңіске жету. Қазіргі жастардың ісәрекеті де тура осы. Олар әлгі ойынханаларда UFC ойындарын ойнап, YouTube желісінен үздіксіз жалғасқан ММА-ді көру арқылы психологиясы соған қалыптасып, қатігездікке көз үйренген. Осыдан кейін түнде көшеде кезіккен жасөспірімге әлімжеттік көрсетіп, соққының астына алып ұрғанды абырой көреді. Міне, тентек төбелестің насихаты жастарымызды осылай тәрбиелеуде. Үйдегі ата-ана баласының не көріп, қандай ортадан, кімнен үлгі алып жүргенінен бейхабар. Бар тәрбиені мектепке артып қойған. Бір оқыс жағдай болып қалса кімді кінәлайды? Әрине мектеп басшысын, одан қалды мұғалімді. Мұндайда атаана өзіне шаң жуытпайды. Баласы көшеден таяқ жеп, бетін көгертіп келсе мектепті сөгеді. Бұл рас нәрсе. Енді мұндай ойдан арылатын кез келді.
Ата-ана бар жауапкершілікті мектепке артқанды қою керек. Ұстаз баланың тәрбиесіне емес, біліміне жауапты. Ал ата-ана баланың үйдегі тәрбиесіне мықтап қарап, керісінше мұғалімдерге көмектесіп, бірлесіп баламен жұмыс жасау керек секілді. Түнгі уақытта бей-берекет көшеде жүрмеуін қадағалап, үйде отыруын бақылауда ұстаған жөн. Сонда ғана көшедегі тентектікті тезге сала аламыз.
Ерсін СӘДУҰЛЫ