» » Буллинг басылмай тұр

Буллинг басылмай тұр

qarmaqshy-tany.kz ЖАҚЫНДА ҒАНА ӘСКЕРДЕГІ ӘЛІМЖЕТТІКТІҢ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ӘЛ БЕРМЕЙ ТҰРҒАНЫН, ОНДАҒЫ ҚОРЛЫҚ ПЕН ЗОРЛЫҚТЫҢ БЕЛЕҢ АЛЫП БАРА ЖАТҚАНЫН АЙТҚАНБЫЗ. ОЛ АЗДАЙ ЕНДІ МЕКТЕПТЕГІ БУЛЛИНГ ҚОСЫЛДЫ. БЫЛАЙША АЙТҚАНДА ОҚУШЫЛАР АРАСЫНДАҒЫ ҚОРҚЫТУ, ӘЛІМЖЕТТІК, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ АРҚЫЛЫ МАЗАҚ ЕТІП НАМЫСҚА ТИЮ ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР. ОСЫДАН КЕЙІН ҚЫСЫМ КӨРГЕН БАЛАНЫҢ ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАУЫ БАСТЫ МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛУДА. ТІПТІ БҰЛ ЖАҒДАЙҒА ЖОҒАРЫДАҒЫЛАР ДА ДАБЫЛ ҚАҒЫП ОТЫР.

Бүгінде оқушылардың арасындағы кикілжіңдер мен адам шошитын әрекеттерді көргенде жаға ұстайсыз. Әлеуметтік желіге кіре қалсаңыз бірбірін соққылап ұрып жатқан жастар мен қызба мінез қыздардың шаш жұлысқан әрекеттері өріп жүр. Мұндай көз сүрінер бейнежазбалардың тез тарауына әлеуметтік желінің жылдамдығы жарап-ақ тұр. Екі жасөспірім төбелессе үшіншісі міндетті түрде телефонға түсіріп алуға дайын тұрады. Сөйтеді де әлгі жеңілгенді немесе қысым көргенді мазақ етуге желіге таратады. Ал әлімжеттікке ұшыраған жеткіншектер оны ата-анасына айтуды ұят санап, іштей тынып жүреді. Себебі оқушылардың арасында іштегі орын алғанды сыртқа шығаруға болмайды деген қасаң қағида бар. Айтқан жағдайда қатардан шеттетілесің. Осыдан кейін кейбір ірілі-ұсақты оқиғалар жабулы күйінде қалуда. Ал әлімжеттіктен мезі болған бала амалсыз өзіне қол жұмсауға барады. Бұл – алаңдатарлық жағдай әрине. Өкінішке қарай, шырқау шегіне жетіп, асқынып бара жатқан осы дерттің емі әзірге табылмай отыр.
Жасыратыны жоқ, кез келген мектептің әр сыныбында ашушаң, күш-қуаты көп, агрессор балалар оқиды. Олар өздерінің қатарластарына әлімжеттік жасауға әрдайым күш қолдана бермейді. Сөзбен кекетіп, келемеждеп, мәжбүрленушінің жүйкесіне тию арқылы психологиялық қысым көрсетеді. Көп жағдайда әлімжеттік бұзақы балалардың тарапынан жүзеге асырылады. Мұндай бұзақылар – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардан болып келеді. Ата-ананың соққысын алған бала ашуға беріліп, өшін басқа балалардан алып жатады. Қиын отбасында тәрбиеленген балаға мейірімділік жетіспегендіктен тіпті ол қылмыстық іс-әрекетке баруы да ғажап емес.
«Ауруын жасырған өледі» демекші кей жағдайда мектеп басшылары болған жағдайды жасырып, мектептің, қала берді өздерінің тыныштығын ойлап, мәселені өзара шешіп жататыны жасырын емес. Осы мәселе төңірегінде сұрай қалсаңыз «Бізде тыныш, ешқандай олқылық орын алған жоқ» деп білдіртпеуге тырысады. Бұл іште жасырған дертіміздің бірі. Жақында жоғары сыныпта оқитын таныс інілерімізді әңгімеге тартып көрдік. «Мектепте әлімжеттік бар ма, төменгі сынып оқушыларына тиісесіңдер ме?» деген сұрағымызды қойдық. Әдепкіде «ондай жоқ бізде» деп айтқысы келмеді. Бізде қоямыз ба? Сауалды түрлендіріп қайта сұрадық. Ағынан жарылып бәрін жайып салмағанымен арасында болып тұратынын жасырмады. Сондағысы әлсіздерді жұмсап, айтқандарын істету. Ал егер ол орындамаса соққыға алынады. Содан кейін орталарынан шеттетіледі. Тура әскердегі әрекет пе дерсіз. Онда да командирдің айтқаны орындалмаса әңгіртаяқ жейсіз. Түптеп келгенде әскердегі әлімжеттіктің бастауы мектептен басталатындай. Қиын отбасында тәрбиеленген бала сол қылығын әскерде жалғастыратыны сөзсіз. Ол жақта да сол әрекетін бастап, өзінен кейінгілерге тыныштық бермейтініне кім кепіл?
Қазір мектепте балалар арасында әлімжеттік немесе суицид орын алса дереу мұғалімдерді кінәлау үйреншікті жағдайға айналған. Мектептен баланың көңіл-күйі болмай келсе «Кім ренжітті, кім ұрды, мұғалім қайда қарап жүр?» деп ақ-қарасын ажыратпай бас салатын әдетіміз бар. Ұстаз тәрбиелеуші емес, балаға білім нәрін құюшы. Баланың мінезі мен тәрбиесіне үйдегі ата-ана жауапты. Сонымен қатар мектептегі психолог мамандар да баланың көңіл күйін бақылап, олармен жеке сөйлесіп, болған жайтты анықтау міндеті. Егер бала әлденеге алаңдап немесе зорлық көріп жүрсе соның алдын алып, ата-анасына хабар беру. Балаға көбірек көңіл бөлу керегін ескертіп, оның «жәбірлеуші» немесе «жәбірленуші» екенін білу.
Көпке топырақ шашты демеңіз. Кей ата-ана мектептегі баласының тәртібінен бейхабар. Бар жүкті мектепке артып қойып жүреді. Әсіресе қиын отбасындағы ата-аналар. Олар мұғаліммен кері байланыста болмайды, баласы тәртіпсіздік жасап қойса шақырғанда келмейді. Осыдан кейін «кім жаман?» мектеп, мұғалім жаман. Ертеңімізге үрке қарап, «қайда барамыз, кім боламыз?» деген сауалдың төңірегінде ойлануға мәжбүр етіп отырған атышулы мәселеге көз жұма қарауға тағы болмас. «Тәрбие – тал бесіктен басталады» дегендей, үйдегі ата-ана баланың тәрбиесін мықтап қолға алса, мектеп қабырғасында да тәрбиелік іс-шаралар жиі өтіп насихатталғаны жөн болар еді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
20 ақпан 2023 ж. 615 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 334

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 421

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930