Пранктың парқы
Бүгінде әлеуметтік желіні қолданбайтын жан кемде-кем. Ондағы жастардың белсенділігі тіпті жоғары. Ал енді сол желі қолданушылардың "жаргон" сөзін білесіз бе?! Қазіргі жастар жаргонының басқа сөздерден айырмашылығы – әлеуметтік желіде кең тарауы. Бүгінгі әңгімеміз де осы туралы болмақ.
Пранк – жаңа ғасырдың тренді. «Пранк» деген не өзі, бізге қалай келді? Әуелі осыған тоқталайық. Бұл сөз ағылшын тілінен аударғанда «қалжыңдау, келеке ету» деген мағынаны береді. Қысқаша айтқанда, алдау операциясы. Егер біз пранкты тар мағынада – телефон бұзақылығы деп түсінсек, бұл телефон байланысын жаппай қолдану басталғаннан кейін көп ұзамай пайда болды. Десе де сол жылдары оны ешкім олай атаған жоқ. Ал пранк бізге соңғы жылдары ғана келді. Пранк ты әлеуметтік желі мен "Tik-tok", Youtube каналынан жиі кездестіруге болады.
Бұл көбінде телефон арқылы жасалатын әзіл ойын. Олар әуелі өздері қалжыңдасатын адамға жасырын қоңырау шалады. Әзілдесіп, кейде ашуландырып не таңғаларлық жайтты айтып, адамның шынайы эмоция сын көреді. Түсірілген аудио не видеоны әлеуметтік желіге жүктеп оқырман назарына ұсынады. Осылайша әлгі жазба қызу талқыға түседі. Рас, қазірде пранк блогерлердің оқырман жинаудағы сәнді “фишкасына" айналған. Жарқыратып "анама пранк", "жігітіме пранк", "енеме пранк" деген секілді жазып қояды. Оны көрген әрбір адам ол не болды екен деп әлгі парақшаға кіреді. Осылайша желі қолданушылардан миллион қаралым жинайды.
Бала күнімізде лагерьде түнде ұйықтап жатқан досымыздың бетіне тіс пастасын жағып қою сол кездің сәніне айналған қалжың ойын болмап па еді? Тап сол жағдайды бүгінгі балаға айтсаңыз, мұны олар пранкқа балайды. Мүмкін, солай шығар. Әйтсе де ол кезде пранк термині болған жоқ еді. Ал енді пранктың түрлеріне кеңірек тоқталайық. «Хард». Ағылшын тілінен аударғанда – ауыр деген мағынаны береді. Бұл әңгімелесушіге қатысты қатты әзілдеу, қалжыңдасушыны жегідей жеуге алып келеді. Түрлі эмоциялы көңіл-күйді тексереді. Ойынның қызығы да сол. Автор өзі қалжыңдасатын адамын ашулануға, жағымсыз эмоция көрсетуіне қол жеткізуі керек.
«Лайт» – жеңіл, хардқа қарама-қарсы нұсқа. Жақсы әзілге, еркелікке сәйкес келеді. Қазақша айтқанда, қағытпа қалжың дегенге саяды. Ойын нәтижесінде барлық қатысушылар, оның ішінде жәбірленуші (пранктың құрбаны) де күлкілі болады. Батыста пранктың дәл осы жеңіл түрі көп сұранысқа ие.
«Radioprank» – бағдарлама жүргізушісін мазақ ету үшін радиостанцияға қоңырау шалу. Арандату мақсатында тікелей эфирде қоңырау шалып, көпшілікті күлкіге қарық ету мақсатында жасалады. Бүгінде еліміздегі кейбір бағдарламаларда бұл көрініс кездесіп жатады.
«Технопранк». Өз дауысының орнына олар жазбадан басқа адамдардың сөзін кесу арқылы алдайды. Бір қызығы, бастапқыда мазақ ететін бұл пранк кейде оң мақсатта қолданылады. Мысалы, «пранк журналистика» ел тұрғындары үшін маңызды жасырын ақпаратты алуға және жариялауға мүмкіндік береді. Кейбір ерсі бейнелер елеулі әлеуметтік мәселелерге назар аударуға бағытталады. Жоғарыда пранктың пайдасы туралы да айта кеттік. Дегенмен трендтен қалмайтын жастар мұны түсіне бермейді. Олар тек желіні жаруды, оқырман жинауды, танымалдылықты көбірек ойлайтын сыңайлы. Иә, әзіл-әзілімен, қалжыңқалжыңымен ғой. Әйтсе де өзгені мазақ етемін деп жүргенде өзіміз мазаққа айналмасақ болғаны.
Ақнұр САҒЫНТАЙ