» » Әскердегі әлімжеттікке тосқауыл бар ма?

Әскердегі әлімжеттікке тосқауыл бар ма?

qarmaqshy-tany.kz Жақында әлеуметтік желіні бір шолып шыққанымызша болған жоқ, жаға ұстатарлық сұмдық жаңалық көзге сүйелдей ілікті. Тіпті айтуға ауыз бармайды. Тағы да қазақ әскеріндегі әлімжеттік әрекет жағдай, өзіне қол жұмсаған өрімдей жас сарбаз. Әлеуметтік желіге пост салған желі қолданушы, тергеу кезінде анықталған деректерді ашынғаннан жұртқа жария етуді жөн көрген болу керек, сірә. Ол біздегі қазақ армиясын масқара етуді емес, ондағы ішкі болып жатқан келеңсіз әрекеттің, әлімжеттіктің қашан ауыздықталатынын сұрап, дабыл қақса керек. Рас. Бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес. Осыдан кейін әлгі көріністен хабардар болып жүрген болашақ жас сарбаздарға қалайша «сен әскерге баруың керек» деп нық сеніммен айта аламыз?

Айтпаса сөздің атасы өледі. Жалпы әскер – әу бастан қалыптасқан түсінік бойынша қатаң тәртіп пен бұлжымас бұйрық ордасы. Ал сарбаз – қайтпас қайсарлық пен батылдықтың символы. Алайда қазақ әскері жайлы соңғы хабарлар бұл түсінігімізді көкке ұшыруда. Бейбіт күнде әскерге баласын «Отан» деп жіберіп, «ботам» деп боздап жылаған ата-ананың көз жасына басу айтуға дәрменімізде қалмады. Тіпті ол жақтан сарбаз аман оралды дегеннің өзінде психикалық ауытқу бар, ақыл-есі дұрыс емес. Әскерден әлімжеттік пен қорлық көргені аздай енді оның үстіне зорлық қосылды. Әлгі желіде көрген пост осының дәлелі. Қазақ жігіттерінің мұндай опасыздық, жиіркенішті әрекетке баратындай не көрінді деген сауал намысты қайрайды.
Отан алдындағы әскери борышын өтеген үлкен ағаларымыздан бұл турасында сұрап та көрдік. Алайда олар бұл жағын тым шектен шыққандық санап, бірақ әскердегі әлімжеттік бұрыннан келе жатқан заңды нәрсе екенін жасырмады. Ол да бір әскердің қызық кездері десіп, бізден бұрын келгендер ағаш жарғызып, картоп ашу сынды қара жұмысқа жегіп, еденді де жуығызғандарын айтты. Ол жерде күш қуатымыз сынып емес, керісінше шынығып келдік деді. Одан бұрын сол кездегі әскерден келген ағалар ол жақтағы көргенін айтпайтын. Бізге тек «Отан алдындағы борышыңды өтеуге әскерге баруың керек» деп бір-ақ ауыз сөз айтатын. Қазір қалай? Бүгінгінің жастарына олай деп айту қиын. Өйткені әлеуметтік желіде тараған көріністер, суық хабар олардың әлден психологиясын құлдыратуда. Ал баласының ауру хәлге түскенін көрген ата-ана енді қайтып әскерге жібергісі жоқ.
Тарихта, қазақ әскерінде «дедовщина» яғни, тәжірибелі жауынгерлер жаңадан келген жас сарбаздарға тіс батырып, күн сайын қорлау секілді оқиғалар болмаған деседі. Бұл теріс құбылыс ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап өршіген. Ұлы Отан соғысынан оралған майдангерлер қайтадан әскер құрамында қалып, соғыстан кейінгі келген жас буынға аға болып, ұрыс тәсілдерін үйретіп, темірдей тәртіп орнатқан. Одан кейін олардың орнын басқандар дәстүрді қабылдап, алайда өз білгендерімен заң шығарып, кейінгілерге қысым көрсеткен. Осылайша сол үрдіс уақыт өте түрленіп, ақыр соңы қорлықтан зорлыққа айналып отыр. Мәселенің түп-тамыры осында. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан әскердегі әлімжеттікпен күрес мақсатында әскер мерзімінің өтеу уақытын 2 жылдан 1 жылға қысқартып тастады. Мұндай шешімнен кейін қазақ әскерінде теріс құбылыстың жойылғанын айтты. Бірақ уақыт өте жас сарбаз арасында суицидтің ушығуы тоқтамады. Отан қорғауға шабытпен барған сарбаздар, үйлеріне табытпен оралуда. Демек әлі күнге дейін «дедовщинаның» тамырына түбегейлі балта шабылмай тұр деген сөз. Осының салдарынан әскердегі әлімжеттікті ауыздықтай алмай келеміз. Біз мұнымен қазақ әскерінің беделін түсіруді, балаларға армияға бармауды насихаттап отырғанымыз жоқ. Отанды сыртқы жаудан қорғағандай, дәл қазіргі сәтте Отан қорғаушыларды да қорғау керек. Қорғаныс саласына реформа жасамай, әскердегі қорлық әрекет жалғаса берері сөзсіз.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
29 қаңтар 2023 ж. 313 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 338

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 422

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930