» » Желі сауатсыздыққа жегуде

Желі сауатсыздыққа жегуде

qarmaqshy-tany.kz Бүгінде қолына смартфон ұстап, әлеуметтік желіге кірмейтін адам кемде-кем. Тіпті былдырлаған бүлдіршіннен бастап ата-әжелерімізге дейін «WhatsApp» пен «Instagram»-ды шемішкедей шағады. Солай емес пе?! Әрине, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын ғаламтордың пайдасы жетерлік. Дей тұра қоғамға тигізер кері әсері де жоқ емес. Әсіресе қазақтың шұрайлы тілінің шырқын кетіріп жүргендер саны артып барады.
Әлеуметтік желі бізге қаншалықты қажет? Иә, қазірде біз телефонмен таң атырып, кеш батырамыз. Жасыратыны жоқ, заман ағымына ілесеміз деп әлеуметтік желіге кіріп, тіл тазалығын кері ысырып, ең байда, орамды қазақ тілінің қадірін кетіріп жүрген жоқпыз ба?
«Вконтакте», «WhatsАpp», «Instagram» – жастардың бел­сенді әрі ең көп қолданатын әлеуметтік желілері. Желілерде белсенділік артқанымен, жазу және сөйлесу тілі өте төмен деңгейде. Қазіргі жас буынның ғаламтордағы жазбасы немесе бір-бірімен хат алмасқанда сөйлесу тілі мәз емес.
– Слм!
– Каксын?
– Не жан? нестеп?
– Жай жатқан. Өз?
Жоғарыдағы диалогтан байқап отырғаныңыздай, бұл жастардың бүгінгі сөйелесу тілі. Қазақ тілінің грамматикасында орфография және орфоэпия заңдылығы бар. Орфография – сөздің дұрыс жазу заңдылығы болса, орфоэпия – дұрыс оқылуы. Өкінішке орай, әлеуметтік желіде екі теория бойынша дұрыс қолданылмайды. Тіпті бір-бірінен ажырата алмайтындар көп. Одан бөлек пунктуация бар. Мұның бәрін мектеп қабырғасында қазақ тілі сабағында өтеді. Дей тұра туған тілімізге немқұрайлық танытатыны қалай?
Желідегі жазбалардың кейбірінен дауыс­ты дыбысты тіпті таба алмайсың. Жылдам хат жазу үшін сөздің ішіндегі дауысты дыбысты тастап кету – грамматикалық қателік. Осыған бой үйретіп алған жастардың ертеңгі күні жазу ережесін ұмытып кетпейтініне кім кепіл?! Қателерге кеңінен тоқталайықшы. Жастардың дені ең алдымен жіктік жалғауын түсіріп жазады. Мәселен отырм – отырмын, ұйктайм – ұйықтаймын, билмейм – білмеймін. Одан соң дауысты дыбысты түсіріп жазу: кдрп – қыдырып, мсқ – мысық, сөзді жөнсіз қысқартып қолдану: раха – рахмет, см – сәлем, сб – сау бол, басқа тілдегі сөздерге қазақ тілінің жалғауын қосып қолдану: каксын?, плизбен (please) сойлессейши деген секілді. Айта берсең мұндай мысал жетіп жығылады. Сонымен қатар, кейбір жазбадан тыныс белгіні мүлдем таба алмайсың. Ал енді бірі сөйлемнің басын, адамның атын үлкен әріппен жазу деген ережені мүлдем ұмытқан.
Рас, бүгінде қолданушы жастардың өз «тілі» қалыптасқан. Олар ең алдымен қазақтың төл әріптерін қолданбайды. Осылайша қазақ тілін жетімсіретіп қолданып жүр. Төл әріптерді қолданып жазатындар да бар. Бірақ олардың саны бірең-сараң ғана. Мұны жастардың өзі де мойындайды.
– Әлеуметтік желіде хат жазғанда қа­зақ әріптерін қолданбаймын. Желі қол­данатындардың көбісі осылай жазады. Сөздерді қысқартып, өзіме ыңғайлы етіп жаза беремін. Бастысы, менің жазғанымды сөйлесіп отырған адамым түсінеді, – дейді желіні жиі қолданатын жанның бірі Диана Әлиева.
Ал екінші бір желі қолданушысы желіде сауатты жазуға шақырады.
– Әр адам әуелі өзінен бастау керек. Айта­лық әлеуметтік желідегі парақ­шамдағы жазбаларды қазақ тілінде жүргіземін. Өзгелерге хат жолдағанда төл әріптерді қолданып, тыныс белгісін ұмыт қалдырмаймын. Осылай әр адам жауаптылықпен қарау керек. Бұл біздің ең бай, сөздік қоры мол, өзге ел қызыға қарайтын ана тіліміз емес пе?! Оны аяқасты етуге ешкімнің хақысы жоқ, – дейді Әйгерім Төлегенова.
ТҮЙІН
Ғабит Мүсіреповтің «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деген аталы сөзі бар-ды. Осыған қарап, «бүгінгі қазақ жастарының дені өз тілімізге өгей болғаны ма?» деген сауал ойға келеді. Өз тілімізді өгейсітіп алмайықшы!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
05 желтоқсан 2022 ж. 475 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 341

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 424

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930