Сертке берік сарбаз
qarmaqshy-tany.kz Әскер – ер азамат үшін өмір мектебі. Жасыратыны жоқ, қазір әскерден жалтаратындар көбейді. Тепсе темір үзетін жігіттердің дені жердің бір жерінде, желдің өтінде Отанға қызмет етуді орнына әскерге бармаудың түрлі амалын істеп әлекке түседі. Әйтсе де Отан алдындағы борышын мінсіз атқарып жүрген, темірдей тәртіпті серік еткен ер азаматтар да бар арамызда. Солардың бірі – Айдын Таштанов.
Әскердегі қызмет – әрбір ердің ар-намысы мен ұстанымының ісі. «Менің әкем және ағам әскерде қызмет еткен. Енді әскери парызымды орындап, Отан қорғаудағы менің кезегім келді» дейтін әр азаматтың қасиетті борышы.
Айдын – ІІІ Интернационал ауылының тумасы. Осы жылы мерзімді әскерге шақыру маусымында Отан алдындағы борышын өтеуге Алматы облысы, Шонжы жеріне барады. Осында 2 ай қызмет еткен соң, Жамбыл облысындағы 2035 әскери бөліміне ауысады. Бүгінде Отан алдындағы міндетін адал атқарып жүрген жас сарбазға әскердегі озық тәртібі мен үлгілі іс-қимылының арқасында 10 күндік демалыс беріліп, туған жерге табан тіреді. Бізге де ауылын аңсап келген жауынгермен жүздесіп, әңгімелесудің сәті түсті.
Ол наурыз айында облыстан 50-ге тарта жігіттің ішінен іріктелініп, 9 жас жауынгер әскерге аттанды. Айдын бүгінде Жамбыл облысындағы шекара қызметінде әскери борышын өтеп жүр. Қырғызстанмен шекара қақпаларын бақылауда ұстайды. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қалт жібермей күзету жолындағы әскерилердің еңбегін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Шекарада қызмет ету күліп қарайтын зат емес. Үлкен жауапкершілік пен қырағылықты талап етеді.
– Отан, ата-ана алдындағы үмітті ақтап, әскери тәртіпке үйреніп, машықтандық. Әскери антқа адал, сертке берік болуға тиіспіз. Отан алдындағы боршымды өтеуде көріп, біліп үйренгенім көп. Таңның атысы, күннің батысы кез келген жағдайға сақадай сай болуы шарт. Ал ол үшін қырағылық, тапқырлық, білім қажет. Әскерге барудан қашпау керек. Отан алдындағы борышты өтеу – әрбір азаматтың парызы. Онда жаңа достар таптым. Тазалықты, ұқыптылық, жауапкершілік пен шыдамдылықты үйрендім. Ауылдағы ата-ананың қадірін түсіндім, – дейді сарбаз.
Әңгімеміз қысқа қайырылды. Өйткені Айдынның артық сөзге жоқ, тәртіпке бағынғанын бірауыз сөзінен байқадық. Біз қанша әңгімеге тартқанымызбен, жас жігіттің жанарынан алаңдаушылықты аңғардық. Сірә, сағынышы болар деп топшылап едік.Расымен солай болып шықты. Сарбаз бірінші туған ауылына бармай, аудан орталығына бас сұққан екен. Ата-анасын көруге асығып отырған жанға бізде сәттілік тілеп, әскери борышын толық өтеп келуіне тілектестік білдірдік.
Бабаларымыздың «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» аманат еткен осынау ұлан байтақ жеріміз кім-кімге де қастерлі. Әскери қызмет атқару былай тұрсын, бір жылдық әскерге барудан қашқақтайтындар арамызда өріп жүр. Бұндайда сертіне берік Айдынның алғырлығы барша азаматқа үлгі болса екен дейміз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ