Біреуді айыптамас бұрын...
Осыдан біршама уақыт бұрын телефон байланыс құралы ғана болатын. Ал қазір саны мен түрі көбейіп, мүмкіндігі мол гаджеттер нарық қоржынын молайтуда. Бүгінде мектептегі баладан бастап үйдегі қариямызға дейін қалтафон бар. Кез келген адам қолындағы смартфон арқылы айшылық алыс жерден жеткен хабарды әп-сәтте оқып, таныса алады. Әлеуметтік желіде парақшалар ашып, желдей ескен ақпараттарды лезде оқуға да мүмкіндік бар. Тек қалтаңыздағы телефонның бірліктері уақытында толтырылып, интернетке кіре алсаңыз болғаны.
Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер біздің өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Кей адамдар смартфон немесе планшет арқылы әлеуметтік желілерге кіріп, оған кітап оқу, теледидар көру, радио тыңдаудан да көбірек уақытын жұмсайды. Әлеуметтік желінің пайдалы және зиянды тұстары бар. Пайдалы тұстарына келсек, ол қашықтағы басқа қаладағы, алыс елдегі адамдармен, таныстарыңызбен жедел тілдесуге оңтайлы құрал. Өзара пікір ғана алмасып қоймай, өміріндегі жаңалықтарымен, суреттерімен бөліседі. Интернеттегі қызықты жаңалық, сайттар, кітаптар, кинолардың сілтемелерін ұсынады. Әлеуметтік желі арқылы танысып, отау құрып жатқандар да аз емес. Осы құралды пайдаланып жұмыс іздеу, табу да әлдеқайда жеңілдеді. Енді зиянды деген тұстарына тоқталсақ, кей адамдар виртуалды өмірдегі таныстыққа беріліп кеткендігі соншалықты, отбасы мүшелерімен, әріптестерімен, достарымен аз тілдесіп, оларды тіпті байқамай қалуы да мүмкін. Одан бас тартып, уақытын үнемдей алу, тәуелділіктен арылу желі пайдаланушысына оңайға соқпайды. Әлеуметтік желіні қолдану шы - лар дың бірі адамға пайдалы ақ параттармен, нақыл сөздермен, жақсы жаңалықтарымен бөліссе, енді бірі жөнді нәрсеге де жағымсыз пікір білдіріп жатады. Бірін-бірі мақтағандар да, даттағандар да осы жақтан табылады. «Отыз екі тістің арасынан шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» демекші, желіде дұрыс не бұрыс айтылған пікір, оқшауланған ой көзді ашып-жұмғанша көпшілік арасына жетіп, талқыға түсіп те үлгереді. Сондай-ақ, пікір жазуға келгенде алдына жан салмайтын, дәлелінің баржоғына қарамастан ақиқатқа таласатын, соңында ғайбат сөйлеп, бірін-бірі сотқа беретін қолданушылар да бар. Расында да, әлеуметтік желінің әлегінен сотқа шағым білдірушілердің қарасы көбейген. Әлемжеліден жалған парақша ашып, ар-намысқа тиіп, ол отбасылық дауға ұласып, тіпті шаңырақтар да шайқалып жатқаны жасырын емес. Одан бөлек, заң тұрғысынан да қатаң жазаға тартылуыңыз әбден мүмкін. Әлеуметтік желіде әдеп сақтаған абзал. Бұл жердегі әдебіңіз өмірдегі болмысыңызды айқындап тұратынын ұмытпаған жөн. Әлеуметтік желіде жазар ойыңызды, бөлісер ақпаратыңызды сараптан өткізіп алыңыз. Өйткені, артық айтылған бір сөз, бір әзіл, бір ақпарат қоғамда үлкен дау, арты өкінішке соқтырар сілкініс тудыруы мүмкін. Біреуді айыптаймын деп өзіңіз айыппұл арқалап кетпеңіз… Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА