Тәжірибе алмасу – сапаны жақсартады
qarmaqshy-tany.kz Қоғамдағы әрбір бала бақытты болуға лайықты. Өмір – жарық дүние көзін көрген әр пендеге берілген мүмкіншілік және ондағы адамдар бір-бірімен тең. Білім алуға, еңбек етуге, алға талпынуға, ізденуге қоғамнан өз орнын алуға құқылы. Кейде бәрі ойдағыдай бола бере ме? Өмірдің сыны, онымен күрес те қатар жүріп отырады. Оның ішінде денсаулық мәселесінде балаларымызға көмек қолы мен қолдаудың қажеттілігі де көп сезіледі. Осы мақсатта ауданның білім саласында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жосалы кенті орталығында орналасқан Ү.Томанов атындағы №183 орта мектеп жанынан ашылған инклюзивті қолдау орталығы сөзімізге нақты дәлел бола алады. Орталықтың атқарып отырған қызметі, бағытбағдары, қоғамға қажеттілігі жайында орталыққа жауапты маман, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлшат Наукебаевамен сұқбаттасқан болатынбыз.
– Гүлшат Уәлибекқызы, орталыққа жауапты маман болып бекітілген екенсіз. Қай кезден бастап жұмыс істеп келесіздер, мақсатымен таныстырсаңыз?
– «Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін инклюзивті ортаны қалыптастыру бойынша 2020-2022 жылдарға арналған өңірлік Жол картасы» аясында 2020 жылы аудандық білім бөлімінің бұйрығымен Ү.Томанов атындағы №183 мектеп жанынан инклюзивті орталық ашылып, жұмысын бастады. Ол 2022 жылы инклюзивті тәжірибені дамыту және тәжірибе алмасу мақсатында инклюзивті қолдау орталығы аудандық Ресурстық орталығы болып қайта бекітілді. Орталықты ашудағы мақсат – жалпы білім беру ұйымдарында психологиялық қолдау көрсету, педагогтардың қызметін үйлестіру және оларға әдістемелік көмек көрсету. Одан бөлек, ортақ тәжірибе жинақтау, тарату бойынша аудан мектептерімен бірлесе отырып практикалық жұмыстар жүргізу. Дұрыс сұрадыңыз. Енді бағыттарына тоқталып кетейін. Олар – ерекше білім беруді оқыту, тәрбиелеу, дамыту. Кеңес беру, ағартушылық, коррекциялық дамыту жұмыстары және оқушылардың ерекшелігіне қарай педагогикалық-психологиялық қолдау көрсету.
– Ерекше балалармен жұмыс істейтін болғандықтан сіздердегі мамандардың да біліктілігі басты назарда ұсталатын шығар. Себебі, қай жұмыста өзінің маманымен атқарылса, ол нәтижелі болмақ емес пе?
– Әрине, маман білікті, іскер болса, жемісті жұмыс көрсетеді. Біздегі қызмет әдеттегі оқу процесінен өзгешелеу болғандықтан, баламен жеке жұмыс жасауға күш жұмсалады. Орталықта 3 маман қызмет етеді. Оларды өз ісінің шебері деуге болады. Барлық жұмыс менің қадағалауымда. Мамандарымызға келер болсам, психологымыз Гүлбаршын Әбілтаева инклюзивті білім беру процесін психологиялық-педагогикалық ұйымдастыруымен байланыстыра жұмыс істейді. Әрбір оқушы үшін жетістікке жету – өзінің мүмкіндігіне қарай орындай алатын әрекетін жүзеге асыруға көмектеседі. Арнайы маман, дефектологымыз Перизат Шахантаева білім беру бағдарламасын табысты меңгеруге және балалардың толыққанды әлеуметтенуін қамтамасыз етеді. Ал, логопед Зульфия Сайранбекқызы сөйлеу тілі бұзылған баланы оқытумен, тілінде ақауы және сөйлеу тілінде бұзылысы бар балаларды тәрбиелеумен, олардың өзіне деген сенімділігін арттырумен айналысады.
– Жылына орталықта қанша бала қызмет алады? Нендей іс-шаралар жүргізудесіздер?
– Орталық ашылғалы бері 2020-2021 оқу жылында 22, өткен оқу жылында 20, ал биылғы оқу жылында 17 білім алушы қабылданған. Осы оқу жылында арнайы маманмен бағдарлама бойынша 12, логопедпен 9, психологпен 18 білім алушыға қызмет көрсетілуде.
Ресурстық орталық 4 кабинетпен қамтылған. Онда ол заманауи талапқа сай құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларға сабақ кестесі алдын ала бекітіліп отырылады. Оқушылармен түзете дамыту жұмысын жүргізу сапасында динамикалық өсу, алға жылжушылық бар. Танымдық процестердің дамуы, оның ішінде сөйлеу, ойлау, зейін, ес, қабылдау үрдістерінде оң нәтиже байқалады.
Жұмыстың сапасын арттырып, жақсылыққа жетелейтін тиімді әдіс-тәсілдер екеніне шүбә жоқ. Бұл тұрғыда да бірқатар жұмыстар іске асуда. Мысалы, өткен оқу жылында аудандық білім бөлімі мен ресурстық орталықтың бірлесе ұйымдастыруымен «Әлем мүмкіндігі – баршаға ортақ» тақырыбында аудандық жас мамандарға арналған әдістемелік отырысы өткізілді. Онда жалпы білім беретін мектепте ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқытуда тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалану, оқушылардың ерекшелігіне байланысты педагогикалық қолдау көрсету жұмыстары кеңінен сөз болды. Отырыста жаңа идеялар ұсыну, пікір алмасу, ой бөлісу, тәжірибе жинау назарға алынды. Ресурстық орталықтың арнайы психологы Гүлбаршын Әбілтаева оқушылармен атқарылып жатқан психологиялық жұмыстар бойынша тоқталып өтіп, педагог-психологтармен және арнайы мамандармен тәжірибесін бөлісті. Орталықтың ұйымдастыруымен өткен келесі іс-шара – «Менің қолымнан бәрі де келеді» тақырыбындағы олимпиада. Оған аудандағы 5-6 сынып оқушылары қатысып, жоғары жетістік көрсеткендері облыстық турға өткен болатын. Ол жақтан да балаларымыз жүлделі болды. Осы оқу жылында аудандық ерекше балалардың өнерін қолдау, дамыту мақсатында «Шексіз шығармашылық» байқауы ұйымдастырылды. Оқушыларымыз «Сурет салу» кезеңі бойынша Нұрсұлтан Тоқшылық (жетекшісі Гүлнар Бүркітбаева) жүлделі І орынмен марапатталса, «Хореография» кезеңі бойынша Нұрай Назарбекқызы (жетекшісі Перизат Шахантаева) ІІ орынмен мадақталды. «Көрме» кезеңінде Мирас Әшірбек (жетекшісі Гүлназ Нұрланқызы) ІІІ орынмен және «Ән айту» номинациясында Әділет Марат І орынды (жетекшісі Зульфия Шадимова) жеңіп алды. Мектеп базасында өткізілген «Ерекше білім беруде қажеттілігі бар балаларды оқытуда жаңа технологияларға бейімдеу» тақырыбындағы облыстық семинардан үйренеріміз көп болды. Онда педагог-логопед Зульфия Шадимова «Заманауи ата-ана ұстанымы» тақырыбында ата-аналармен жұмыс жасаса, Перизат Ғаниқызы «Көңілді үзіліс» тақырыбында тренинг жүргізді. Психолог Гүлбаршын Төреханқызы кері байланыс жасап, іс-шараның мазмұнын байытып отырды. Семинардың қорытындысында жұмысымыз жоғары бағаланып, оқу орталығының арнайы сертификаты тасырылды.
Қоса кетсем, біздің жұмыс процесімізде оқушылармен жеке дамыту сабақтары өтеді. Түзете-дамыту сабағы әрбір оқушымен кестеге сәйкес аптасына 2-3 мәрте жеке дамыту бағдарламасы бойынша жүреді. Оқу жылының басында балалардың әрбіріне тұжырымдама, хаттама, тексеру, сөйлеу карталары жасалып, журналға енгізіледі. Оқушы туралы мінездеме, ата-анамен келісімшарт және басқа да құжаттар толтырылады.
– Орталықтың жұмысынан біршама хабардар болғандаймыз. Алға қойған жоспарларыңыз қандай?
– Алға қойған жоспарымыз көп. Соның бастысы – ерекше білімді қажет ететін балаларды қоғам ортасына қосып, әрбір адамның қарым-қатынасқа құқылы екенін ұғындыру, даму аясын жан-жақты кеңейту болып табылады. Алдағы уақытта да ата-аналарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, жұмысымызды жалғастыра беретін боламыз.
– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!
Әңгімелескен Сәрсенкүл АҚКІС