» » Саласы бір, сүйікті ісі ортақ

Саласы бір, сүйікті ісі ортақ

Қазіргі таңда баланы оқыту мен оны тәрбиелеу қызықты болғанымен, оңай жұмыс емес. Ал денсаулығы ерекше балаларды тәрбиелеп білім беру одан да қиынырақ. Оларды өмірге бейімдеп, тәрбиелейтін мамандық бар. Ол – дефектология. Бұл сала мүмкіндігі шектеулі балаларды негізгі білім беру бағдарламасын меңгерте отырып, олардың дамуындағы кемшіліктерді түзетіп, барынша қалыпқа келуге бағыттайды. Ауданда осы салада аянбай қызмет етіп, баланың дұрыс қалыптасуына ықпал жасап жүрген отбасы бар. Олар ерлі-зайыпты – Баубек Жорықбаев пен Жансая Өтегенова.
Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларды заманауи қоғамға бейімдейтін маман иелері кенттегі мектептердің бірінде қызмет істейді. Баубек Әскербекұлы О.Шораяқұлы атындағы №30 мектепте сарапшы маман. Ол осы салада 2014 жылдан бері қызмет істеп келеді. Мамандық таңдауда қателеспегенін ағынан жарыла айтты.
– Мектепке тұрғанға дейін медицина саласында жұмыс істеп келдім. Өйткені дефектология – медицина секілді барлық жағын қамтитын сала. Мамандықты дұрыс таңдау – өмір жолыңдағы ең басты айшықты қадам. Жауапкершілікті керек етер бірден-бір маңызды шешім. Мен осы таңдауда еш қателескен жоқпын деп айта аламын. Бұл сала ауданда бірінші болып №30 мектепте 2011 жылы ашылған. Ол кезде арнайы сыныптар ашылып, балалардың ой жүйесін дамыту арқылы әрі қарай жалпы сыныпқа қосып отырды. Қазір де солай. Мәселен, мектепке қабылданған балалардың арасында әріп танымайтын, санау білмейтін оқушылар болса оларды арнайы 3 сыныптарда оқытамыз. Сосын жақсы нәтиже көрсеткен оқушыларды кәдімгі сыныпқа қосамыз. Осылайша бағыт-бағдар береміз, – дейді ол.
Ал Жансая Өтегенова Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінде дефектолог. Осы салада еңбек жолын бастағанына 3 жылдан асқан. Ол бұл мамандықтың қыр-сырын былай жеткізді.
– Осы салада білікті маман болу үшін медицина, педагогика, психология, нев­ропотология, физиология, заң, тарих секілді саладан қоса білім жинақтау қажет. Сонда ғана алдыңыздағы ерекше балалар мен оның жақындарына нәтижелі пайда тигізесіз. Нағыз маман алдына ерекше денсаулықпен келіп отырған баламен талапқа сай жұмыс жасауы керек. Бұл жандардың қалыпты қоғам мүшесі ретінде өзін-өзі ұстауына, қоғамға сіңіп өз орнын табуына себепкер болатын бірден-бір басты тұлға осы маман болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, қараңғы бөлмеге жарық бергендейсің. Ата-анаға баланың тек жақсы қасиетін айтып, оның әрі қарай өзін-өзі қамтамасыз ететін тұлға болып шығатынын сендіру біздің басты міндетіміз, – дейді білікті маман.
Бір саланы меңгерген ерлі-зайыптылар қызмет барысында бір-бірімен тәжірибе алмасып, білмеген тұстарын толықтырып отырады. Себебі мамандықтарының атауы бір болғанымен атқарар қызметтері бөлек. Баубек теория жағын өте жақсы меңгер­се, жаңадан шыққан заң, бұйрықтарды зайыбына түсіндіріп, айтып отырады. Ал Жансая жаңаша тәсілдерімен бөліседі. «Оқу орнында жүргенде доктор, доценттерден білім алдым. Сол білікті мамандардың қасында жүріп, тәжірибе жағын көп меңгердім. Тақырыптық күнтізбелік жос­пар, балалармен жаңа инновациялық тәсіл бойынша жұмыс істегеннен кейін ол менен осы жағынан көмек сұрап отырады» дейді Жансая.
Баубек пен Жансаяның таныстығы да ерекше екен.
– 2014 жылы Атырауда балабақшада логопед болып екі жыл қызмет істедім. Отбасылық жағдайға байланысты ауылға қайтуға тура келді. Ауылда жұмыссыз жүргенімде туысқан апам аудан орталығында салынған кәсіпкерлік ғимаратын логопедтік бөлме етіп ашып алуға ой тастады. Мен бұл ұсынысына қуана келістім. Сөйтіп өз жұмысымды бастадым. Содан уақыт өте маған бір қыз келіп жүрді. Ол Баубектің танысы екен. Оған «ауданға логопед маман келіпті, жұмыспен араласып тұруыңа болады» деп айтыпты. Сөйтіп біз жұмыс бабымен араласып жүріп, кейін жарасып отбасын құрдық, – дейді Жансая.
Бүгінде ерлі-зайыптылар 1 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Бала тәрбиесіндегі басты қағидаларға берік боламыз дейді олар.

Ерсін СӘДУҰЛЫ

22 қаңтар 2022 ж. 701 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 017

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031