Еңбектенген өрге шығады
qarmaqshy-tany.kz Көш ілгерілегелі өңірімізде кәсіпкерлік саласы кеңеюде. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін мемлекеттен көрсетілетін қолдау көп. Жеңілдетілген несиелер алып, кәсібін жандандырып жүргендер жетерлік. Қазақ қолөнерінің басты бір саласы – тігіншілік қадым заманнан күні бүгінге дейін өзінің өміршеңдігін жоймаған. Жалпы, тігін өнеркәсібі – әлем экономикасының алдындағы үлесі мен салмағы жоғары кәсіп десек те болады. Себебі, мұндай атадан қалған асыл қасиет кез келген жанға бақ болып қона бермейтіні анық. Тегіне, қанына тартып асыл өнердің ризығын жеп отырған жандар қаншама.
«Шебердің инесі де алтын, соққан күймесі де алтын» деген тәмсілдің тереңіне үңілсек қазақ дәстүрінде ісмерліктің орны ерекше болғанын ұғамыз. Қанға сіңген қасиет дәуір жаңарған сайын жаңарып, ұрпақтанұрпаққа жалғасып келеді. Осындай ұрпақ сабақтастығымен үндескен тігіншілік өнерді Төретам кентінің тұрғыны Мейрамкүл Кенжембаева да жалғастырып келеді.
1964 жылы Арал ауданы, Сексеуіл кентінде дүниеге келген ол кішкентай кезінен тігіншілікке бейім болған. 1980 жылы мектеп қабырғасында жүріп жазғы олимпиадаға киіз қалауыш тігіп, одан жүлде алады. Нағашы жағы тігіншіліктен дүкен ұстаған шебер кісілер болған. Сексен екі жасқа келген анасы әлі күнге дейін киім тігетінін естігенде таң қалғанымыз да рас. Осындайда үлкендердің «сүйегі алтын» деп айтқан сөзі еске түседі. Отбасында 7 ағайынды болса, 5 қыз, 2 ұлдың текті өнерге деген жақындығы бар. Себебі, апасы Қияш пен сіңілісі Жәмиланың Ақтөбе қаласында жеке ательесі жұмыс істейді. Отбасымен текті өнерді кәсіп еткен өнегелі жанұяның еселі еңбектері көпке үлгі болатындығы анық.
– Тігіншілік – үлкен төзімділікті, шыдамдылықты қажет ететін өнер. Бұл өнер маған қанмен дарыған. Анам, анамның анасы да тігінші. Жастайымнан анамның тігін машинасында құрақ құрап отырғанын көріп өстім. Ес білгеннен кейін анамызға қолғабыс жасап, біз де көрпе көктеп, көрпеше тіге бастадық. Өйткені, өзіме қатты ұнайды, жүрек қалауым ғой. Киім тігіп, халықтың сұранысын қанағаттандыруға атсалыстым, – дейді ол.
Отбасында құдай қосқан қосағы Құрманәлі теміржол саласында қырық жылдан астам уақыт жұмыс істеп, бүгінде зейнеткерлікке шыққан. Тәрбиелеп өсірген 1 ұл, 1 қызынан 7 немере сүйіп, қызығын көріп отырған жайы бар.
«Бақыттың кілті – еңбекте» дегендей, шынайы еңбектің ырысы мен несібесі мол болатындығы анық. Күн ұзағынан тапжылмай отырып, он саусағы майысқан тігінші шеберлердің келістіріп тіккен киімдеріне құрметпен қарап, еңбегін бағалауға әбден болады. Еңбек нарығында ерекше танымал, сұранысқа ие тігіншілік өнер заманның талабына сай талғаммен киіну табысқа бастайтын алғы шарттардың бірі. Тігін тігу өнері – махаббат пен сұлулыққа деген құштарлықтан туындаса керек. Сұлудың мүсінін айшықтайтын киімнің өз қолыңнан шыққаны жарасымды болары анық. Әсіресе, бәріміз сәнді әрі талғаммен киінгіміз келеді.
Кейіпкеріміздің айтуынша, перде қайыру, шалбардың балағын, көйлектің етегін қысқарту, киімкешекті өңдеу сияқты тапсырыстар оған еш қиындық тудырмайды. Мұндай тапсырысты ұзаққа созбай, сол мезетте бітіріп беруге тырысады. Жұмыстың сапасына қарай бағасы да қолжетімді.
Кәсібінің нәсібін көріп отырған Мейрамкүл апаның отырған дүңгіршегінен байқағанымыз ыдыс-аяқтар сатумен айналысатындығы. Қос тірлікті қатар алып жүру әрине, оңай шаруа емес. Дегенмен, алға қарай ұмтылыс жасап, еңбектенген адамға қашанда кеңістік бар.
Қ.БЕРДЕШ