Тігіншілердің ұстазы
qarmaqshy-tany.kz ДӘЛ ҚАЗІРГІ УАҚЫТТА ҚАЙ САЛАДА БОЛСЫН, ЕҢБЕК ЕТКЕННІҢ ТАСЫ ӨРГЕ ДОМАЛАП ТҰРҒАН ЗАМАН. ӘЙЕЛДЕР ҚАУЫМЫ ӨЗ ҚОЛЫНАН КЕЛЕТІН ТІГІНШІЛІКПЕН, ҚОЛӨНЕРМЕН АЙНАЛЫССА, КЕЙБІРІ БИЗНЕС ӘЛЕМІНІҢ ПАДИШАСЫ АТАНЫП ЖҮР.
«Әйелдің ең бірінші парызы – ине мен жіптің парқын білу, яки тігіншілік өнерін терең меңгеру...» деп ағылшын жазушысы Оскар Уайльд айтқандай, әйел затының тігіншілікпен айналысуы қанмен келетін дүние десек те болады.
Иә, түрлі маталарды пішу, оны қонымды етіп тіге білу ізденісі мол, көз майын тауысатын шығармашылық жұмыс. Ал, тапсырыс беретін бүгінгі әйелдер қауымының талғамы өте жоғары.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – тігіншілікті балаң кезінен бастаған кәнігі шебер Шәрікүл Ералиева. Ол ғарышкерлер қаласы атанған Байқоңырдағы «Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі» білім беру мекемесінде «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығынан студенттеріне дәріс береді. Тігіншіліктің тарихы мен пішіптігудегі сан қырлы әдіс-тәсілдерді, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды, киім тігу кезіндегі ұқыптылықты үйрететін апайдың алдынан талай шәкірт түлеп ұшты.
«Мен ол кезде он алтыда едім. 1976 жылы Қызылорда қаласында бұрынғы ГПТУ-проф техникалық училищесін бітіріп, Жалағаш аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатына (ателье) жұмысқа тұрдым.Тігіннің қыр-сырын үйреніп, пішіп тігетін болдым. Әкем мектепте тарих пәні мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол кісі 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. Мен үйдегі он баланың алтыншы перзентімін. Ата-анам балаларын оқытамын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етті, үйдің үлкендері жоғары оқу орындарында оқиды. Ағаларым, тәтелерім үй тіршілігімен айналысса, ал мен кішкентайымнан анам тігіп жүрген тігін машинасына отырып, үшінші сыныптан бастап белдемше, басқа да киімдерді пішіп тіге беретінмін. Жұмысқа тұрғанда қыздарға көйлек, пальто пішіп беретін едім. Кейін мені жеңіл көйлек пішуші курсына жіберіп алды.
Соғыстан кейін әкем мектепте тарих, әдебиет пәндерінен сабақ берді. Ол заманда көпбалалы отбасыларда дұрыс киім де жоқ, бірімізден қалғанды біріміз киіп өмір сүрдік. Ал мен әкем дұрыс киініп жүрсе екен деп киім тігіп ақша жинаймын, оған қажетті заттарды алатынмын. Айлығымыз 150-200 сом болғанша тапсырыс қабылдап, қыздармен жарыса киім тігетін едік. Сондағы 10 сомның 3 сомы бізге айлыққа қосылады. Жұрт әкеме «Соңғы кезде жақсы киінетін болдыңыз» десе, «Менің тігінші қызымның әпергендері» деп мақтанатын, «Ау, бізде ұл бар, қызыңызды бізге берсеңізші» деп, үйге көруге келетіндер де табылды. Тігіншілікті үйренудің бір себебі — үйде бала көп оларға арнап киім әпере бермейді. Тәтеңнен қалғанын киесің. Менің әпкем болды, медицина факультетіне оқуға түсті. Жексенбіде маған бас киім, ақ халат тігіп бер деп келеді. Түнімен тігіп дайындап беретін едім. Жаңа жылда тапсырыс көп болады, түнімен ұйықтамай тігін тігетін едік. Жас болып қыдырыспаға бару жоқ ол кезде. Жеңіл, астарлы сырт киім тігуді меңгердім. Айтайын дегенім, мұның бәрінде киімнің өңдеу әдістерін үйрену жолында еңбектенген екенмін. Қазір енді кез келген киімді пішіп, тіге аламын. Тігіншілік қыз балаға керек мамандық. Бүгінде Байқоңыр қаласындағы колледжде «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша жастарға дәріс беремін. Тігіншілікті қалап келген қыздарға өзімнің бар білгенімді үйретуден жалыққан емеспін, – дейді
Шәрікүл Әбілханқызы.
Қымбат БЕРДЕШ, Байқоңыр қаласы