ҚАРМАҚШЫЛЫҚ ӨНЕРПАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Биыл Қызылорданың астана болғанына – 100 жыл. Сонау 1925 жылы мемлекеттің бас қаласын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім қабылданды. Бұл қала – сол күннен бастап ұлт тарихындағы маңызды саяси орталыққа айналды. Сыр өңірі астана болған уақытта үлкен бастамаларға жол ашылды. Жаңа оқу орындары мен өнеркәсіп орындары бірінен соң бірі ел игілігіне берілді. Осылайша Қызылорда – қазақтың өткен жолы мен болашағы тоғысқан, мәдениет пен өнердің алтын бесігіне айналды.
Жақында Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты облыстық өнер байқауында ауданымыз оқ бойы озып, үздік атанып, І орынды иеленген болатын. Осыған орай, аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Жандос Еркінбек байқауға қатысқан мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін арнайы қабылдады.
– Облыстық өнер байқауына ауданымыздағы өнер ұжымдары жоғары дайындық пен кәсіби шеберліктің нәтижесінде жүлделі І орынды иеленіп, аудан мерейін асқақтаттыңыздар. Бұл жетістік – Қармақшы ауданының өнер мен мәдениет саласындағы, яғни өздеріңіздің бірлесе жасаған жүйелі жұмыстың жемісі. Сонымен қатар мерекелік бағдарламада ауданымыздың мерейін асқақтатып, ел алғысын алып жүрген ақтаңгер айтыскер Серік Ыдырысов, Нұржан Шөмекей секілді тұлғаларымыздың атсалысуы да рухани кештің жоғары деңгейде өтуіне серпін болды. Алдағы уақытта да ауданымыздың алдыңғы қатардан көріне беруіне тілектеспін, – деді аудан әкімі.
Жиын барысында аудан басшысы өнер майталмандарына аудан абыройын арттырған еңбектері үшін ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар аудандық Әжелер ансамблі ұлттық әндер шырқап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов және марапат иелері сөз сөйлеп, байқаудың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан мамандарға алғыс білдірді.
Аудан әкімі шығармашылық ұжымның еңбегі жастарға үлгі екенін атап өтіп, мәдениет саласын дамыту бағытындағы қолдау жалғаса беретінін жеткізді.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ