Өзгерістер оң нәтижеге жетелейді
qarmaqshy-tany.kz АУДАН ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ДАМУ ЖОЛЫНДА АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ИГІ ІСТЕР КӨП. АЛҒА ҚОЙЫЛҒАН ЖОСПАРЛАР ЖЫЛ ӨТКЕН САЙЫН КЕЗЕҢІМЕН ҚАРҚЫН АЛЫП КЕЛЕДІ. МӘСЕЛЕН, ЖАҢА ҒИМАРАТТАР, БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢЫ, КӨГІЛДІР ОТЫН, ЖАРЫҚ СЕКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ КҮРМЕУІ ШЕШІМІН ТАБУДА. АПТА БАСЫНДА АУДАН ӘКІМІ ӘДІЛБЕК ЕРСҰЛТАНОВ КЕНТ ІШІН АРАЛАП БЫЛТЫР ОРЫНДАЛҒАН БІРШАМА ІСТІҢ ЖАЙЫН КӨРСЕ, ЕНДІ БИЫЛ АТҚАРЫЛУҒА ТИІС ЖҰМЫСТАРДЫҢ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ.
Алдымен тиісті сала басшыларымен бірге түске дейін кенттегі темір жолдың арғы бетінде орналасқан Н.Айсауытов көшесінің бойындағы 10/04 кв No220 және Ж.Жомартов көшесіндегі 10/04 кв No112 қосалқы стансасын көруден бастады. Бұл қосалқы стансалар кезінде зауыттың балансында болған деседі. Сырты қыштан өрілген шағын ғимарат ішінде орналасқан. Кейін мекеме тараған соң қосалқы стансалар иесіз қалған. Ғимарат көнеріп, жауын-шашынның әсерінен сырты үгітіліп, төбелері тесіліп, ішіне су өткен. Былтыр облыстық энергетика басқармасы балансына қабылдап алып, аудандық электр торабына өткізген. Сонымен қатар Т.Көмекбаев, Т.Ізтілеуов көшесіндегі 10/04 кВ бойынша No8, No9 қосалқы стансалар және «Самара-Шымкент» автожолы бойында орналасқан 10 кВ «Жосалы» орталық тарату пунктінің жағдайы төмен. Қолайсыз ауа райының қатты әсерін көтермейді. Осыдан кейін кент ішінде жарықтың жиі сөнуі орын алуда. Осыған орай аудандық электр тарату торабы осы қосалқы стансаларды жаңасына ауыстыруға ұсыныс беріп отыр. Аудан басшысы тұрғындар үшін өте қажетті жарық, су, жылудың үздіксіз берілу керегін айта келе, бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін электр желілері мен қосалқы стансаларды ауыстыруға бюджеттен мүмкіндік қаралатынын айтты. Сондай-ақ облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасына ұсыныстар беруді тапсырды.
Одан кейін аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов жұмыс сапарымен Қармақшы ауылындағы бөгеу жұмысы жүргізілген «Қожатай» су тоспасына барды. Көптен бері шешімін таппай жүрген су тоспасының қалыпқа келуі мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларды қуантуда. Себебі «Қожатай» су тоспасын бөгеу арқылы Жосалы кенті, Қармақшы ауылы және Қызылтам елді мекенінде мал шаруашылығымен қатар, балық шаруашылығын дамытуға оң әсерін тигізбек. Одан бөлек, су деңгейі көтерілсе, Қараөзек ағысының оң жағындағы «Жұмағұл» каналының бойындағы 15 шақты көлді толтыруға, 5 мың гектардан аса жайылымдық пен шабындық жерлерді суландыруға мол мүмкіндік бар.
Аудан басшысы мұнан соң мал шаруашылығын дамытумен қатар кәсіпкерліктің игілігін көріп отырған «Ауылым – Абыла» шаруа қожалығының төрайымы, жеке кәсіпкер Шырынкүл Күзембаеваның жайылымдық жерімен танысты. 2018 жылы Сырдың суы арнасынан тасып, тасыған су жайылымдық жерлерге жайылған-ды. Одан кейін бес жыл бойы дарияның деңгейі көтерілмей ол жерге су бармай шыққан көк қурап қалды. Малының аузы көкке жарымай біраз қиыншылық көрген жеке кәсіпкер талай жиында мәселе етіп көтерді. Биыл Сырдарияға су мол келіп, жайылымдық жерлерге су жайылып жатыр. Аудан әкімі Әділбек Бөрібайұлы кәсіпкер Шырынкүл Күзембаеваның шаруашылыққа қатысты ұсыныс-пікірін тыңдады.
Түс қайта іс-сапарын жалғастырған аудан басшысы Қорқыт стансасына жол жүріп, елді мекенге іргелес жатқан Сырдария өзенінің жай-күйін көрді. Мұнда су тасқынының алдын алу бағытында Төтенше жағдай бөлімінің басшысына қауіпсіздік шараларын қабылдауды және ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ былтыр жыл аяғында Қорқыт стансасында және Жосалы кентіндегі Д.Мырзағалиева көшесінің бойында балаларға арнап ойын алаңы салынған-ды. Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов балалар игілігі үшін салынған ойын алаңымен танысып, тұрғындардың қуанышын бөлісті. Сонымен қатар, Е.Сексенбаев көшесіндегі абаттандырылған саябақтың жай-күйін бақылап, әрі қарай құрылысы жүріп жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмыс барысын зерделеді. Мердігерлерге жұмыс сапасын талапқа сай жүргізілуін міндеттеді. Мұнан соң аудан басшысы жұмыс сапарының соңғы нүктесін «Сарыөзек» көлін көрумен аяқтады. 2019 жылдан бері мұнда да су тартылып, жайылымдық жерлерге су бармаған. Қазір енді Сырдариядан су келіп, көлдің 50 пайызы сулануда. Әлі де су көтерілсе жайылымдық жерлерді толтырып алуға мүмкіндік бар.
Ерсін СӘДУҰЛЫ