» » Жарық неге жиі өшеді?

Жарық неге жиі өшеді?

Соңғы уақытта ауданда жарықтың сөнуі жиілеп кетті. Жарқырап тұрған жарықтың беймезгіл уақытта жалп етіп өшуі көптің ренішін тудыруда. «Алдын ала ескерту керек қой» деген жұрттың өкпе-назын да құлағымыз шалып жүр. Күнделікті тіршілігімізді осы бір қуат көзінсіз елестете алмайтынымызды дәлелдедік. Оның үстіне заманауи құрылғыларға байланғалы электр қуатына деген тәуелділігіміз артып келе жатқаны жасырын емес. Сонымен «жарықтың сөнуіне не себеп?» деген сауалға жауап іздеп, аудандағы электр торабына ат басын бұрдық.
Кенттегі бірқатар электр желілерінің 80 процентінің тозығы жеткен. Яғни 1970 жылдан бері жөндеу жұмыстарын көрмеген электр стансалары бар. Осы ретте халықтың тұрмысын жақсарту және электрмен қамтамасыз ету мақсатында былтыр 220/35/10 кВ «Жосалы» қосалқы қондырғысын қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 1 млрд 130 млн теңге қаржы бөлініп, электр стансасына толық жаңарту жұмыстары жүргізілді. Алайда әрі қарай тоқты тарататын кент ішіндегі 10/04 кВ қосалқы стансалар мен желілер көне. Мекеме басшысы Руслан Еспенбетов осындай тозығы жеткен электр сымдарының салдарынан жарықтың жиі сөнуі орын алып жатқанын айтады.
– Кенттегі жарықтың жиі сөнуі біріншіден электр бағандары мен желілердің тозуынан. 70-жылдары жүргізілген сымдарға жөндеу жүргізу қиын. Жыл өткен сайын олар да көнеріп, созылып кеткен. Тозығы жеткен сымдар кернеуге шыдас бермей үзіліп кетіп жатады. Жөндеу жұмысын жүргізерде жарықты сөндір­мей жұмыс істей алмаймыз. Оған қоса ауа райының қолайсыздығы тағы бар. Мәселен кешегі стансадағы жаңартылған қондырғылардың бар­л­ығы компьютер­лендірілген. Бұрын­ғысы Кеңес кезіндегі қондырғы бол­ғасын қолмен қосып, ағытылатын. Тозығы жеткеннен кейін аса ажыра­тыл­ған жоқ. Енді жаңа үлгідегісі қысқа тұйықталу секілді қолайсыздық туындаса, компьютер автоматты түрде апаттың алдын алып, ажыратуды іске қосады. Кейін оперативті түрде қалпына келтіріп, іске қосу аздаған уақытты алады. Одан бөлек жаңбыр жауғанда жарықтың сөніп қалатын әдеті тағы бар. Көбіне тұрғындар әдейі өшірді деп ойлайды. Олай емес. Керісінше жарықтың сөнбегенін қалаймыз. Трансформаторлар жұмыс істеп тұрғаннан кейін бойы қызып, өздігінен ылғалды кептіріп отырады. Ал ауа райы желді кезінде тозған сымдар үзіліп, трансформаторға тоқ келмей ылғал тартып қалады. Ондай кезде қайта іске қосу қиындық туғызады. Қанша дегенмен көненің аты көне, – дейді мекеме басшысы.
Аудан ішінде 88,75 шақырым 10 кВ электр желісі болса, 78,92 шақырым 0,4 кВ желісі бар. Ал 27 дана 10/0,4 кВ қосалқы станса жұмыс істеп тұр. Бірақ 1970 жылдары салынғандықтан тозығы да жеткен. 2019 жылы бюджеттен 60 млн ақша бөлініп кенттегі 18 көшенің бағаналары мен 0,4 кВ желісі ауыстырылыпты. Алдағы уақытта аудандағы қосалқы стансалар мен электр желілерін толығымен жаңарту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда аудан әкімшілігімен бірлесіп сметалық құжатын дайындауға ықпал жасалуда.
Жарықтың өшуіне тағы бір себеп, көшедегі талдар да электр желілеріне кедергі келтіруде. Жел тұрса бұтақтары екі сымның тұйықталуына немесе үзілуіне әкеп соғуда.
– Өзіміздің жылдағы жоспарымыз бойынша көктемнің наурыз айынан бастап профилактикалық жұмыстар басталады. Ол уақытта тозығы жеткен электр желілеріне жөндеу жүргізіп, сымдарға кедергі келтірген талдарды кесеміз. Бірақ жарықты өшірер алдында халыққа ескерту айтып, әлеуметтік желілерге хабарлама таратып отырамыз. Тағы бір ескертетін жайт, қазір үй-жайлар мен кәсіпорындардағы электр энергиясын шамадан тыс тұтыну сақтандырғыш тетігінің қызып кетіп, істен шығуына әкеп соғады. Тұрғын үй өртінің жиі шығуы осын­дай ақаулардың туындауынан. Заңдылығында техни­калық шарт бойынша бір үйге 5 кВ берілу керек. Соған қарай 16 немесе 25 амперлік ажыратқыш автомат орнатылу қажет. Қазір тұрмыстық техникалар көбейгелі бір үй 10 кВ-қа жақын электр қуатын пайдаланады. Сондай тоқ күшін қолданғаннан кейін әлгі автоматтар көтермей ажыратылады. Содан кейін не істейміз? Базардан барып жоғары кернеуді көтеретін 63 амперлік автоматты сатып аламыз да орнатамыз. Ол ешқашан сақтандырмайды. Қысқа тұйықталу кезінде немесе өртенген жағдайда да ажыратылмайды. Себебі жоғары кернеуге арналған ажыратқыш сондай үлкен күшті күтеді. Сондықтан қуат көзін пайдалануда осыны қаперге алуды ескертеміз. «Сақтанғанды Құдай да сақтайды» дегендей жарық бір өшіп, бір жанып тұрған кезінде тоқ көзінен уақытша ажырата тұруға кеңес береміз, – дейді Руслан Марукаұлы.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтатын болсақ, аудандағы жарықтың өшуінің өзіндік себебі бар дегіміз келеді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
10 сәуір 2021 ж. 2 629 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 442

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 516

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031