» » Электр торабы толығымен жаңғырады

Электр торабы толығымен жаңғырады

БҰРЫН ӘРБІР ҮЙДЕ БІРНЕШЕ МАЙ ШАМ БОЛАТЫН. СЕБЕБІ ЖАРЫҚ ЕҢ ЫҢҒАЙСЫЗ УАҚЫТТА, КЕШКЕ СӨНІП ҚАЛАДЫ. ТІПТІ, БІР КЕЗДЕРІ ЖАРЫҚТЫ ТЕК УАҚЫТПЕН БЕРЕТІН БОЛҒАН. ОЛ КЕЗДЕ БІРАҚ ҚАЗІРГІДЕЙ ТЕХНИКА ДАМИ ҚОЙМАҒАН ЕДІ. АЛ ҚАЗІР ШЕ? ӘРБІР ҮЙДЕ ТЕЛЕДИДАР МЕН ТОҢАЗЫТҚЫШТЫ ЕСЕПТЕМЕГЕНДЕ ТОҚ КӨЗІНЕН ҚУАТ АЛАТЫН БІРНЕШЕ ҚҰРЫЛҒЫ БАР. ЖАҚЫНЫМЫЗДАЙ БОЛЫП КЕТКЕН СМАРТФОННЫҢ ӨЗІ ТОҚҚА ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ. БАТАРЕЙКАСЫ ТАУСЫЛЫП, СӨНІП ҚАЛСА ЖАНЫМЫЗДЫ ҚОЯРҒА ЖЕР ТАППАЙ ҚАЛАМЫЗ. МІНЕ, ОСЫНША ТЕХНИКАНЫҢ "ӨМІР СҮРУІН" ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТІН – ЭЛЕКТР ТОРАБЫ. АЛ АУДАНДЫ ЖАРЫҚПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІП ОТЫРҒАН ОСЫ ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАЙ-КҮЙІ ҚАНДАЙ?


Қазіргі таңда өңірде атқарылып жатқан жұмыстар көп. Оның ішінде аудан орталығындағы 220/35/10 кВ "Жосалы" қосалқы станциясын қайта жаңғырту жобасы қолға алынды. Естеріңізге сала кетсек, аймақ басшысы Мұса Оспанұлы халық алдында есеп бергенде атқарылуы тиіс бес негізгі бағытты нақтылап көрсетті. Оның ішінде Жосалы кентіне кварталішілік газ тарту желісінің құрылысын аяқтау, Ақтөбе ауылында жылына 1500 тонна құс етін өндіретін фабриканы қолданысқа беру, балалар лагерінің құрылысын жандандыру, ауыл-аймақта жұмыссыздық мәселесін жою мен кенттегі электр торабын жаңғырту мәселесі айтылған-ды.

Бүгінде ауданды жарықпен қамтамасыз етіп отырған электр торабын жаңғырту жұмыстары биылғы көктемнің басында бастау алған еді. Маңызды жұмыстарды мердігер компания өз қолына алған. "Tech Service KZ" серіктестігі жұмысты наурыздың 11 күні бастады. Алайда, әлем назарын өзіне аударған пандемияның әсерінен жұмысты уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.

Біреу білсе, біреу білмес. Алайда, біздің кенттегі 220/35/10 кВ "Жосалы" қосалқы станциясы сонау 1969 жылы өз жұмысын бастаған. Сол кезден бері аудан көлемінде үздіксіз қызмет етіп келе жатыр. Негізінде сол кездегі техниканың әлеуеті бойынша бұл станция тек 25 жыл жұмыс істеуі тиіс болған. Дегенмен, өзіне жүктелген тапсырманы екі есе атқарып, халықтың игілігі үшін 50 жыл үздіксіз қызмет етіп келеді. Биыл бұл жүйе жаңғыртылады. Мердігер компания ұзаққа созылған карантиннен кейін өз жұмысын қайта бастады.

– Қазіргі кезге дейін 35 кВ қосалқы станцияның бағаналары бекітіліп, суға арналған резервуар мен ашық тарату құрылғысының ғимараты салынды. Сондай-ақ өрт сөндіру кезінде қолданылатын су насосы станциясының да құрылысы жүріп жатыр. Жобаны осы жылдың екінші тоқсанына дейін аяқтау қажет. Яғни жоспар бойынша тамыз айының соңында жаңғырту жұмыстары толықтай бітуі тиіс. Сондықтан қызметкерлер үздіксіз жұмыс істеуде, – дейді серіктестіктің бас энергетигі Бақытжан Рүстемов.

Негізінен станцияны жаңғырту жұмыстары өткен жылдың аяғында басталды деуге болады. Себебі қыстың басында-ақ құрылысқа қажетті техникалар мен құрал-жабдық, материалдардың кейбірі әкелініп қойылған. Алайда, қарлы мезгілде жаңғырту жұмыстарын істеу қауіпті болғандықтан жылы уақытқа дейін шегерілген. Қазір жұмыс басында шамамен 35 адам жұмыс істеп жүр. Соның ішінде 15 адам мердігер компанияның қызметкерлері. 20 адам аудан тұрғындары. Яғни, жаңғырту жұмысы арқылы ауданда тағы қосымша жұмыс көзі ашылып, жерлестеріміз нәпақа тауып жүр. Алдағы уақытта тағы бірнеше жұмыс орны ашылып қалуы да мүмкін.

– Атқарылып жатқан жұмыс көлемді екені сөзсіз. Қиындықтар да кездесіп жатыр. Мәселен, қажетті бірнеше материал біздің елде өндірілмейді. Көршілес мемлекеттен сатып алуға мәжбүрміз. Ал қазіргі ахуалға байланысты шекара жабық болғандықтан құралдар кешігіп келеді. Бірақ барлық іс жоспар бойынша атқарылып, өз уақытында аяқталады, – дейді бас энергетик.

Жаңғырту жұмыстарынан соң электр торабы заманауи жабдықталып, қуат берукүші көбейеді. Ауданды толықтай электр жүйесімен үздіксіз қамтамасыз етеді. Тіпті көршілес Жалағаш ауданында осындай жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болса, жарықты уақытша біздің электр торабынан алу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар салынып жатқан басқару орталығында диспетчер мамандардың жаңа жұмыс орны, демалатын бөлмесі болады. Яғни, қызметкердің жұмыс барысында өзін жайлы сезіну үшін барлық жағдай жасалынбақ. Тозығы жеткен ескі ғимараттан көшіп, жаңа орында жаңа техникамен жұмыс істейді. Станцияның бар аумағын қоршап тұрған қоршаулар да жаңадан салынатын болады.

– Жалпы құны өте ауқымды. Десе де тұрғындар тарапынан "Жұмыс жаздың соңына дейін жүрсе, біз қалай жарықсыз отырамыз?" деген шағымдар түсіп жатады. Бірақ, реконструкциялау бары сында электр қуатымен қамтамасыз ету
тоқтамайды. Осы олқылықты болдырмас үшін де ең алдымен 35 кВ-тық станцияны, кейін 220 кВ станцияны жаңғыртамыз. Ал елді мекендерге жарықты беру уақытша көршілес аудан арқылы жүзеге асады. Яғни, үйіңізде бір-екі сағатқа сөнген жарықтың жаңғыртуға ешқандай қатысы жоқ. Ол кезде біздің қызметкерлер көршіңіздің немесе көшедегі жарық шамының ақауларын жөндеп жатады, – дейді аудандық электр торабының бас инженері Мейрамбек Шахмаранұлы.

Иә, аудан әлеуетін арттыру үшін атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Электр торабын жаңғырту да үлкен жұмыстың бірі. Жоба аяқталған соң халық игілігі үшін қызмет етері сөзсіз. Міне, биыл қорытындыланатын жобаның қазіргі атқарылған жұмысы осындай.

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ
19 мамыр 2020 ж. 1 131 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 341

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 424

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930