» » Елге жарық сыйлаған, ХАЛЫҚТАН АЛҒЫС ЖИНАҒАН

Елге жарық сыйлаған, ХАЛЫҚТАН АЛҒЫС ЖИНАҒАН

Бұрын «свет» дегенің уақытымен жанатын. Дүкендерде балауыз майшам тұрмайтын.  Оның өзі бірде болса, бірде жоқ. Сабақты білте шамның жарығымен оқыдық. Бала болған соң онша-мұнша мән бермедік. Ал қазір сол жарықсыз ештеңенің қызығы болмайтындай. Себебі барлық техника осы жарықпен байланысты. Цифрландық. Қош. Сол жарық бізге қайдан келіп тұр? Өміріне қауіпті жүк арқалаған электр торабы қызметкерлерінің атқарып жатқан қызметі қандай?
Жеңіл көлік жүйткіп келеді. Алыс­тан бақылаған үлкен-үлкен электр бағаналар маңына ат басын тіреу бізге де бұйырыпты. Әрине, үйдегі лампаны ауыстырғанда, болмаса ылғалды қолмен тоғы бар жерді ұстағанда үрей болатыны жасырын емес. Ал мұндағы ірі электр бағаналары қорқынышты одан әрі үдете түскендей. Әңгімені әріден бастаған мекеме басшысының айтуынша, алғашында бұл жерде небәрі 13 адам қызмет көрсеткен екен.
– 1920 жылы 22 желтоқсанда ГОЭЛРО жоспары, яки ел тарихында электрлендіру негізіндегі халық шаруашылығын дамытудың алғашқы жоспары қабылданды. Аудандық электр торабы 1969 жылы 220/35/10 кВ Жосалы қосалқы стансасына қызмет көрсету мақсатында құрылған. Бертін келе аудан көлеміндегі электр желілерінің ұлғаюына байланысты адам саны да, техника да арта бастады. Қазір электр торабында 61 қызметкер, оның ішінде 9 инженер жұмыс істейді. 12 әртүрлі және арнаулы көлік бар, – дейді аудандық электр торабының басшысы Руслан Еспенбетов.
Кезек ауданға үздіксіз жарық берген торап стансасына бару. Терезеден-ақ менмұндалаған біздіңше «башня», қатар-қатар орналасқан тоқтар әлденені меңзеп, өзіне шақырып тұрғандай. Қызық, алғаш рет аяқ басқан жердің біз білмейтін құпиясы да жоқ емес. Қоршауды ашқан бойда әлгінде айтқан үрей үдеп жатыр, үдеп жатыр. Алыстан қуыршақтай көрінген торап біз жақындаған са­йын үлкейіп жатыр, биіктеп жатыр. Қысым, әлде мөлшерден артық энергия бәлки, кері күш денеңді қысып тастағандай. Еркін тыныстау мүмкін емес. Санадағы сан-сауалмен алысқан ойды әлдекімнің дауысы бөліп жіберді. «Мында келіңіздер» деген мекеме басшысы кезекшілікпен осында қызмет атқаратын құраммен таныстырды. Әні, анау жерде біз жарық өшкенде қоңырау шалатын жедел желі қызметкері отыр. Бізге қарайлауға уақыты жоқ. Демек, жұмысы қыза түскен сыңайлы. Қоңырау шалғанын үлкен дәптеріне тізіп отыр. Қасындағы серігіне мән-жайды айтып, әлдеңені меңзеп жатыр. Қолына ұзынша келген құралын ұстаған ол сыртқа қарай беттеді. Ізін суытпай біз де ілесе шықтық. Қатар-қатар орналасқан қосалқы стансаның біріне әлгі құрал­ды тигізіп тексеріп жатыр. Тоқ ұрған жіңішке дауыс естілді. Демек жарық барып тұр дейді ол күлімдей. Иә, бұл – Нұрбек Бекбаев. 16 жылдан бері осында қызмет көрсетіп келе жатқан ол қазір IV дәрежелі білікті маман.
– Әрине, баста қорқыныш болды. Тұтас электр сымдарының арасында жүру қауіпті. Алайда бұған да үйренісіп кеттік. Бұл қолымдағы құрал – УВПУ. Қай жерге жарық барып тұр, не бармай тұр осы құрал арқылы анықтаймыз, – деген ол өз жұмысына қайта кірісе кетті.
Әңгімені әрі қарай жалғаған бас инженер әр қондырғыға күрделі жөндеу жылдық жоспарға сай жүргізіп келетінін жеткізді.
– Торап балансында 35 кВ 299,6 км, 230 км 10 кВ, 236 км 0,4 кВ электр желісі, 10/0,4 кВ 103 қосалқы станса, елді мекендерге тарайтын 35/10 кВ 12 қосалқы станса бар. Жаңажол мен Жаңаарықта 2 бригада учаскесі қамтылған. Мұнда қызметкерлер тәулік бойы кезекшілікке тұрады. Энергия аурасы қан қысымына әсер етеді. Сол себепті денсаулығына зияны тимес үшін кезекшіліктен соң екі күн демалады, –  дейді электр торабының бас инженері Бақытжан Рахым.
Торап басшысының айтуынша, биыл басты қосалқы стансаны жаңарту үшін 600 млн. теңге, аудандағы өз еркімен тартылғанына 60 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінген. Ендігі миссия – оны кезең-кезеңімен жүзеге асыру. Мекеменің де басты мақсаты – ауданға үздіксіз жарық беру. Аудандық электр торабының қызметін тәптіштеп таныс­тырған басшы «бұл жерде ұзақ қалуға болмайды» деп әңгімесін түйіндеді.
Жабылған биік қоршаудың есігін ашып, сыртқа қарай беттедік. Станса мекемеден алыс орналасқан. Жол жөнекей әңгімеден әңгіме өрбіп жатыр. Бір қызығы жаңбырлы күнге қарағанда қыстыгүні қауіп көбірек болады екен. Мәселен жалғай орналасқан сымдардың бетін қалың қар жабады. Ал сым бойынан өткен тоқ қызып өтеді. Қар еріп мұз болады. Ал мұз тоққа кері әсерін тигізеді. Ал ең бастысы көбінің ойында жүрген «жаңбыр жауса қалтафонымды қуаттайын, жарықты өшіріп тастайды» деген ойға жауап алдық. Жаңбырлы күні стансада жарық мүлдем сөндірілмейді екен. Тек елді мекендегі, көшедегі, әйтеуір тоқ алып отқан сымнан ақау кетсе, соны жөндемекке ғана өшіріледі. Қош. Тарихы тереңде жатқан аудандық электр торабында мүлдем апаттық жағдай тіркелмепті. Тіркелмесін деп тілейміз. Иә, мекеменің қызметі осындай.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
21 мамыр 2019 ж. 971 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 084

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031