» » Кішкентай кәсіпкерлер

Кішкентай кәсіпкерлер

Осыдан біршама уақыт бұрын газетімізде 10 жасар қойшы бала туралы жазған болатынбыз. Сонда талапты балаға таңдай қағып, пікір білдірушілер де көбейген-ді. «Кәсіпкер» деп айтуға ертерек болар. Десе де «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, бүгінгі кейіпкерлеріміздің талабын көріп, жақсылыққа үміттендік.
Ағайынды Нұрдәулет пен Нұрмұхаммед біршама уақыттан бері түрлі кейіпкердің киімін киіп, көптің көңілін көтеріп жүр. Ел арасында «аниматор» аталып кеткен бұл қызмет түрі кентімізде сұранысқа ие. Перзентханадан сәбиін алып шыққанда немесе туған күн кештерінде осындай ерекше кейіпкерлермен қуанту сәнге айналуда. Ерекше қимылымен елітетін қонжықтарды көргенде еріксіз жүзіңе күлкі үйірілетіні анық.
– Үлкен ұлымыз Нұрдәулеттің ойы ұшқыр. Көп нәрсені армандап, қиялдағанды ұнатады. Бірде Youtube желісінен «Мынау қалай күшті. Бізде де осындай болса ғой» деп таңданып қарап отырғанын байқадым. Осылайша бірден 7 кейіпкердің киімін алдырдым. Киімдердің барлығы үлкен адамдарға арналған. Оларды көріп, балалар қуанып, өздері кисек деген тілегін білдірді. Мен қарсы бол- мадым. Осылайша бастап кеттік. Бұл киімдерді құр киіп тұру – пайда әкелмейтіні анық. Әрбір қуанышқа ортақтасу барысында үлкен дайындық жасаймыз. Жүріс-тұрысы, қозғалысы, тазалығы дегендей. Кейде үлкен кісінің, кейде кішкентай баланың туған күндеріне шақырту түседі. Сондайда қуаныш иесінің жас ерекшелігіне қарай қалай қозғалу керек екенін алдын ала дайындап, сахнаға шығатын әртістей баптап жіберемін, – дейді анасы Гүлназ Төлен.
Иә, «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген. Балаларының болашағына сенім білдіріп, кәсіп көзін сеніп тапсырған ата-анасы оларға қолдау білдіруден шаршамайды.
– Мен жетінші сыныпта, ал інім алтыншы сыныпта оқиды. Туған күндерге тек сабақтан тыс уақытта барамыз. Қазір қосымша Youtube-тан шардан түрлі фигура жасауды үйреніп жүрмін. Болашақта түрлі кәсіпті меңгерген білікті кәсіпкер болғым келеді. Анамыз бізді әр кешке жақсылап дайындап жібереді. Тіпті әрі қарай дайындалсақ актер болуға да болады, – дейді ақкөңіл Нұрдәулет ағынан жарыла.
Теңгенің тиыннан құралатынын, оның қандай еңбекпен келетінін жақсы білетін кішкентай кәсіпкерлер тапқан қаржыларын үлкен кәсіп ашуға жинағысы келетінін де жасырмады.
– Балалар бұл кәсіпке мұқтаждықтан емес, қызығушылықпен бейім болды. Осының арқасында қазір көпшілікпен араласуды да үйреніп жүр. Балалардың қуанғанын, қорыққанын, түрлі эмоциясын көріп келеді. Әр кәсіптің өз қиындығы да бар ғой. Мұндай кейіпкерді алғаш көрген балалар кейде тас лақтырып, кейде итеріп жіберіп жатады. Осындайда түсіністікпен қарауды, төзімділік танытуды меңгеруде. Ал кейде қатты қуанып көзіне жас алған әже-апаларды көргенде үйге «біз ол кісіні ерекше қуанттық» деп риза болып келеді. Өзгеге бақыттың бір бөлшегін сыйлағандарына қуанышты. Үлкені жаңа идея, ойын түрлерін іздеуге құмар болса, кішісі түрлі икемімен баланы да, үлкенді де өзіне тез баурап алады. Әр құттықтауға шыққанда өздерінің киетін киімдерін, қажетті заттарын алдын-ала дайындап қояды. Болашақта ұлдарымыздан күтер үміт мол, – дейді ата-анасы.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
22 қыркүйек 2022 ж. 450 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031