» » Мейірім керек адамға

Мейірім керек адамға


Сенбі. Ертелетіп жолға шықтым. Таңғы уақыт болған соң ба, көшеде көлік қарасы аз. Вокзалға келгенімде пойыздың келуіне әлі біршама уақыт бар екен. Күту залына кірдім. Онда кіргенім сол еді бір бұрышта бүрсеңдей отырған жанға көзім түсті. Алғашында мас адам болар деп қорқа бастадым. Тағы бір жан орындықта сыртқы киімін жамылып ұйықтап жатыр. Вокзал іші айтарлықтай жылы емес. Десе де жанына жылу іздегендердің бұл жерден басқа тұрағы жоқ секілді. Кезекші оператор сол маңда жүрген соң, күту залындағы орындыққа жайғастым. Қорқынышым әлі де сейілер емес. Дәл сол сәтте кезекшімен бірге тағы бір жолаушы күту залына енді. 19-20 жасар бозбала болса керек. Кезекші бүрсеңдей батарея үстіне жайғасқан жанға орындыққа отыру қажеттігін ескертуде. Сонда ілесе келген бозбала жұпыны киінген жаннан «бас киімің бар ма?» деп сұрады. Бейтаныс жан басын шайқады. Артық сөйлеуге шамасы да келер емес. Сонда әлгі жігіт өзінің бас киімін ұсынды. Ойламаған жерден көңіл жылынар көрініске тап болдым. Өзгенің жанына жылу сыйлаған бейтаныс жолаушының бұл әрекеті мейірімді жандардың көп екенін көрсетті.
Өмір болған соң, түрлі жағдай болатыны анық. Бүгін бүрсеңдей отырған бұл жанның да өмірі аз уақыт бұрын басқа болған болар. Ақтағаным емес. Десе де кім білсін? Мені қуантқаны қоғамның қандай да бір мүшесіне деген құрметтің әлі де бар екені.
Иә, адамдар «дүние арбасына» мінгелі бері біраз нәрсені ұмытты. Есепсіз қаражат пен зәулім үйлер де құлқынды тойдыра алмауда. Қоғамда «екі жеп, биге шыққандардың» да дәурені жүре бастағаны белгілі. Ал адамның ақысы ашықтан-ашық талан-таражға түсті. Байлыққа малынғандар онсыз да аз қаржыға қарап отырғанды қанауды тоқтатпады. Осы сәтте ғаламды дүр сілкіндірген індет барша жанға сабақ болды. Ақшаның көмегімен бәрін шешуге болады деген көзқарас өзгерді. Себебі бұл індет бай-кедей, жас-кәрі, шенді-шенсіз деп бөліп-жармастан, тырнағына ілінгенді әкете берді.
Жапырақ та Алланың қалауымен жерге түседі. Біз осыны ұмытпауымыз керек еді. Адамдар өліммен бетпе-бет келгенде ғана денсаулықтың ұлы байлық екенін ұғынды. Бұл індет бізге мейірімділік азайып, қатігездік қанат жайған тұста келді. Осыдан кейін ғана бір адамның өмірін құтқару үшін тамшыдай үлес қосуға ел болып ұмтылды. Осы кезде ғана «Әлемді мейірімділік құтқарады» деген сөз шындыққа айнала түсті. Мейірім – бұл адамдар арасын жалғап тұратын нәзік сезім. Мейірім – адамдардың бір-біріне деген құрметі мен сыйластығын арттырады.
Індет іргеден қысқалы екі жыл өтті. Мейірімді жандардың қатары көбейді. Ұмыт қалған сыйластық қайта орныға бастады. Көпшілік бағаламай жүрген өмірдің құны арта түсті. Сындарлы сәтте адамдарға тым болмаса мейірім мен жылылық сыйлай алсақ – адамгершіліктің белгісі. Ал жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Сондықтан басы ауырып, балтыры сыздағанға да, өмірдің түрлі соқпағында теперіш көрген қамқорсыз жанға да қоғам болып дем берейік. Жақсы сөздің өзі жан семіртеді. Қоғамдағы қатыгездіктің беті ізгі іспен, жақсы үмітпен тұмшаланады. Ал жақсылық үздіксіз жалғасатын болады. Ол үшін сізден керегі – мейірімді жүрек, жылы сөз, адамдарға деген сыйластық қана.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
22 ақпан 2022 ж. 498 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031