Алло, 103?

Бас ауырып, буын сыздаса, жүрек қысылып, дене қызуымыз көтерілсе жанымызды қоярға жер таппай дал боламыз. Осындайда ойға оралатын бір-ақ нәрсе бар. Ол – жедел жәрдемнің көмегіне жүгіну. Сын сағатта жаныңа батқан дерт секундтар талғамайды. Сағаттың тықылы бір орында тұрып қалғандай. Мұндайда біз кешігіп келедіге басып, жедел жәрдемді кинәлауға дайын тұрамыз. Бірақ саралап көрмедік.
– Алло, 103 па? Жедел жәрдем шақырайын деп едім.
– Тыңдап тұрмын, айта беріңіз, шағымыңыз қандай? Көшеңізді айтыңыз, – деген диспечер қоңырауды қабылдап болып тереңірек бір күрсінді.
Аудандық жедел жәрдем бөліміндегі кезек күттірмейтін бөлімшеге келгеніміз сол-ақ еді. Аң-таңбыз. Сала мамандарымен сұқбаттасу үшін енді тек орайлы сәтті күту қалды. Жан-жақтан шақыртуларды қабылдап болып, ентігін енді ғана басқан Гүлшат Татишова басын бір шайқады.
– Көп. Шақыртулар күн сайын көбейіп келеді. Карантин уақытында аз түссе, қазір тәулігіне 40-қа жуық қоңырау қабылдаймыз. Шағымның басым бөлігі дене қызуының көтерілуі, жөтел. Біздің 45-бригадада қазір 3 көлік бар. 16 қызметкер ауысыммен қызмет атқарады, – деп ағынан жарылған диспечердің сөзін «вызовтан» келген Нұрболат Байтөлепов бөліп жіберді. Уақыты мен барып-келгеніне есеп берген соң назары бізге ауды. Шаршаса да жігері жонбаған жас жігіт күлді де тіл қатты.
– Сегізов көшесінен келе жатырмын. Дене қызуы көтеріліп, жөтелі күшейген екен. Бүгін жұмысқа 8.00-де қосылдым. Сағат қазір 11.00. Осы аралықта 4 үйге шақырту алдық. Оның 3-еуінің дене қызуы көтерілген. Менің алдымдағы ауысымда болған фельдшер бір түнде 25 шақыртудан шықты, – деді ол арнайы қорғаныш кәстөмін шешіп жатып.
Иә, мұнда барлығы минут, сағатына дейін есепке енеді. Шақыртулар үсті-үстіне түскен соң үлгере алмай жататын кездері де бар. Соны жұртшылық түсінсе екен дейді олар. Әңгіменің тіні тарқатылып жатқанда тағы бір қоңырау түсті. Бұл жолы да дене қызуым көтерілді деп шағымданған тұрғын екен. Бригадамен ілесе еріп жедел жәрдем бөліміне қарайтын бөлімшеге жол тарттық. Мұнда да бір тәулікте 45-55-ке жуық шақыртуға қызмет көрсетеді. Жұмыс қауырт. Уақыт шектеулі. Жан-жаққа шақырту түсті деп жүгіре шыққан мамандар. Айналаға қарауға шамасы жоқ. Анадай жерде біреуі арнайы қорғаныш кәстөмін киіп жатыр. Мына жақта біреуі дезинфекциялануда. Енді бірі – қажетті жарағын алып, жедел жәрдем көлігіне аттанды. Бөлімше босай салысымен бөлім меңгерушісінің уақытша қызметін атқарушы Ғазиза Сәрсенова мен аға фельдшер Үміт Шадиеваны аз-кем әңгімеге тарттық.
– Соңғы 15-20 күннің ішінде пневманиямен шағымданушылар қатары артты. ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 3 шілдедегі №450 бұйрығы бойынша санатпен жұмыс істейміз. Мәселен, фельдшерлік және мамандандырылған бригадалардың ЖМКС диспетчерінен шақыртуды қабылдаған сәттен бастап, пациенттің тұрған жеріне дейін жетудің уақыты бар. Бірінші жеделділік санаты 10 минут, екінші санат 15 минут, үшінші 30 минутқа дейін. Ал төртінші жеделділік санаты алпыс минутқа дейінгі уақытты құрайды. Бөлімшеде 2 бригада, 3 жедел жәрдем көлігі бар. Сондай-ақ, 15 фельдшер, 4 диспетчер, 9 жүргізуші, 6 техникалық қызметкер ауысыммен жұмыс істеуде, – дейді Үміт Шадиева.
Диспетчердің жанында тұрып жұмыс барысымен таныстық. Біз түсінбейтін бағдарлама. Біз біле бермейтін көше-кезектер. Байыппен түсіндірген маман кім, қай уақытта шақырғанын, қанша уақытта барып келгенін айтты. Мұндағы есеп облысқа дер кезінде жеткізіліп отырады.
Түйін
Сұқбаттасып болғанымыз сол-ақ екен көмекке кеткен жедел жәрдем көлігі жүйіткіп келді. Аппақ қорғаныш киімін киген мамандар бөлімшеге келіп, мән-жайды айтып жатты. Ал біз өз жөнімізбен кете бардық.
Айнұр ӘЛИ



27 маусым 2020 ж. 1 049 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 035

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031