» » Жүрек түкпіріндегі сыр

Жүрек түкпіріндегі сыр

Аурухана төсегі. Мең-зең болған бас. Денесі зіл басқандай. Неге бұлай болғанын түсіне алар емес. Барлығы да жақсы еді ғой. Аяқ астынан дүние есігін ашуға жақын қалған сәбиінен айырылып қалу Жанияға оңайға соқпады. Тұла бойы тұңғышы болғандықтан жүрегі қан жылады. Іштегі қимылды сезініп, балапанымен әңгіме-дүкен құру күнделікті әдетіне айналғалы қашан. Бұл қолымен ішін сипай еркелеткенде, ол да түсінгендей тепкілей жөнелетін. Әдетінше қолын ішіне апарғаны сол еді, тыныштық... Көзінен аққан тамшы жастар еріксіз үзіліп түсе берді, түсе берді.
Осыдан бірнеше күн бұрын жайсыз түс көрген-ді. Түсінде баласынан айырылғанын көріп жылап оянғанымен, "Түс – түлкінің боғы" деп мән бермеген. Енді мына оқиға. Ойы сан-саққа жүгірді. Жүрегінің астындағы кішкентай жүрекше енді жоқ. Мұны ойласа денесі дір етеді. Кішкене күнінен баланы ерекше жақсы көретін Жания үшін өз перзентін иіскеу әзірге бұйырмапты. Бұрындары жас сәбиінің иісін құшырлана иіскеп, перзентханадан думандата шығарып алып жатқан сәттер көз алдына жиі елестейтін. Осындай сәтте жүзіне күлкі үйіріліп, тіпті сұлуланып кететін. Өзге палатадан естілген сәбидің үні оны іштей бұқтырып, одан сайын тұншыға жылады.
Кімге де болса перзентінен айырылу оңай емес. Дана халқымыз «Аталатсаң аталат, боталата көрме» деп бұл нәрсені бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеп қойған. Өзгенің көзіне көрінбегенімен, құрсағына біткен сәбидің жүрегінің әрбір дүрсілі анаға таныс. Ана мен бала арасындағы тылсым байланыс, бәлки, осылайша құрсақтан бас­тау алатын болар. Кім білсін? Жанияның бүгінгі күйін дәл осылай іштегі перзентінен айырылған жан ғана шын түсіне алса керек. Десе де, уақыт емші дейді емес пе?
Ауруханадан шыққан соң, үйде көп отырғысы келмей жұмысына қайта қосылды. Мектепте мұғалім болғандықтан, балалармен тығыз байланыста. Әр баланың бал қылығы дертіне шипа болғандай. Жүйріктей сырғыған уақыт өз дегенін алуда. Мектептегі ұстаздығы мен келіндік өмірді қатар алып жүрген Жания күйбең тірлікпен арада бірнеше жылдың артта қалғанын да аңғармады. Ара-тұра отағасыдан естіген күңкілі болмаса, ата-енесі бұл жағдайға түсіністік танытты.
Алайда, бір күні тағдыр күтпеген сыймен қуантты. Қуанышы қойнына сыймаған Жания жаңалығын айтып, шаңырақты шаттыққа кенелтті. Отау құрғандарына біршама жыл болса да сәбидің дауысы естілмегені бұл үйдің үлкендерінің де жанына бататын. Жастардың жарасына тұз сеппейік деп көрегенділік танытып, бұл тақырыпта сөз де қозғалмайтын. Сондықтан да, бұл сәбидің өмірге келуін отбасының әрбір мүшесі асыға күтті. Осылайша күндер зулап, апталар ағылып, жүктіліктің жетінші айына да аяқ басты. Барлығы да жақсы еді. Кенеттен...
Іші ауырып, ауруханаға түсті. Зыр жүгірген дәрігерлерден секем алғанымен, олардың айтқанына көнбеске шара жоқ. Өз денсаулығына қауіп төнгендіктен, мерзімінен ерте босанды. Қызылшақа сәбиінің алғашқы демін көріп, сабырға келді. Ал періштесін дереу жансақтау бөліміне әкетті. Біраз уақыт өткен соң, палатаға ауыстырды. Болған жағдайдан әлі де есін дұрыс жия алмаған ол, айналасына қарады. Сәбиін бауырына басқан жас аналар. Бір кезде:
– Сенің балаң қайда? – деді біреуі.
– Жансақтау бөлімінде..., – деді әлсіз дауыспен Жания.
Бөлме ішінде үнсіздік. «Уайымдама, бәрі де жақсы болады. Алладан амандығын сұрай бер» деп жұбатты егде тартқан келіншек. Одан кейін тағы да тыныштық. Енді ғана өмір есігін ашқан сәбилерін емірене жақсы көрген аналарға қарап көз жасын сығымдап та алды. Бұл сәтте оның қолынан келері тек сол ғана еді. Бөлме ішіндегі тыныштықты медбикенің өктем шыққан дауысы бұзып жіберді.
– Бақытова деген кім?
– Мен...
– Балаң тірі болса осында қаласың, болмаса басқа палатаға ауыстырамын. Барып жағдайын біліп кел, – деді зілді дауыспен. Жанындағы келіншектер мұндай сөзді күтпесе керек, Жанияға аяушылық танытып, сілтідей тына қалды. Ойы сан-саққа жүгірген Жания жылдамдатып жансақтау бөліміне қалай жеткенін де байқамады.
Балаларға арналған жансақтау бөлімі. Өмір мен өлім арасында арпалысқан бейкүнә сәбилер. Қызылшақа періштелер жатқан вакуумда анасының аты-жөні жазулы тұр. Кезекпенен жылжи берді. Алғашқы палатадан өзінің тегін кездестірмегендіктен, келесі палатаға беттеді. Мұнда да жоқ. Сәбиін іздеп, тағы бір бөлмеге кірер сәтте, медбике келіп тегін сұрады. Бір-біріне қарап сөзсіз ұғынысқан олар, басқа кабинетке кіруін өтінді. Онда сәбидің өкінішке орай, аман қалмағанын жеткізді. Одан әрі дәрігер жас екенін, кейін де сәби сүюге мүмкіндігі бар екенін айтып жатты. Алайда ол жұбату Жанияның жанына демеу бола алмады. Ештеңені тыңдағысы да, айтқысы да келмеді. Тек екі көзге ерік берді. Іштегі шерді тарқатудың басқа амалы да жоқ еді. Көкірегі қанша қарс айырылғанымен бауырына басуға аз ғана уақыт қалған періштесін тағы да жер қойнына тапсырды.
Күрең күз келіп, күйбең тірлікпен уақыт сырғи берді. Үміт сыйлаған екінші періштесіне де жарық дүниені көру бақыты бұйырмапты. Қиын болғанымен тағдырдың салғанына көнбеске шара да жоқ. Десе де, тағдыр түрлі тосын сыйға толы. Талай түнді сәби иісін аңсаумен, жастыққа тұншыға жылаумен өткізген Жания бір жыл бұрын сәбиінен айырылса, келесі жылы перзент сүйді. Бүгінде берекелі шаңырақтың жанына жалау болар 5 ұл-қызы бар. Сәбидің шат күлкісіне толған шаңырақта бақыт пен қуаныш тұрақтаған.
Кейде ойлағанымыздың барлығы бола қалса екен деп асығамыз. Тағдырға өкпелеп, назданамыз. Алайда, біз қалаған нәрсенің неге апаратынын біле бермейміз. Тағдырдың тосын сыйға толы екенін ескеріп, басымызға қандай жағдай түссе сабырлық танытқан абзал.

Ақ БОТА
14 қараша 2020 ж. 680 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 383

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 462

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930