Нүкте

Тұншығып, демін алар емес. Мына дүние бейнебір оған жат боп туғандай. Құла түзден пана таппай, сахараның шөлінде қаталаған байғұстың күйін кешті. Жарықтық, әлем дегеніңіз жай бір әншейін дөңгелек тәрізді. Айналып келген шардың бойындағы болмашы даққа ұқсатты ол өзін. Қолын бір сілтеді.
Кенет... Кенет сонадайдан бір сәуле көрінгендей болады. Сәуле дегеніңіз мына жарықтың ең бір керемет шұғыласындай ғой, шіркін. Тіршіліктен күдерін үзген бейбақтың сөнген үміті жылт-жылт етіп түнгі қаламындай жарқырай жөнеледі. Әлгі сәуле алыстай барып өшіп, үстіне суық су құйып жібергендей, селк ете қалады.
«Иә, жоғалшы, мен сені ұмытқанмын» деді де жан-тәнімен айғайлай жөнелді. Оның сүлесоқ кейпін мына ғаламның бақытты адамдары түсінер ме?! Мұң басқан денесін көтере алмай солқ-солқ басады. Жүрісі өнер емес... Ал оның өміріне мән сыйлаған сәуле алыстаған сайын кішкене бір қара нүктеге айналып кете барды.
***
– Мен – жынды емеспін! – деп жан дауысымен айғай салды.
Бұл сөздің де түк маңызы қалмаған. Титімдей де болса сөзге сенер һәм сүйенер болса, бәзбіреу келіп жүйкесі тозғандар киетін жеңі байлаулы киімді шешіп тастап, қолынан ұстай қашар еді. Ешкім ондайға бармады. Демек, айнала қоршаған орта оны жындыға балап, мүсіркей қарайды. Аурухана ауласына шықса, ерсілі-қарсы жүргендердің жанарынан «байғұстың ешкімі жоқ па екен», «тым әдемі бала екен, тағдыр-ай» деген сынды сөздерді оқыды. Бұл оқиға күн сайын қайталана, тіпті өрши түсетін. Күн сайын жаңаша пікірлер қосылатын. Мұның бәрі оның шынында да жүйкесін жұқарта бастады. Сағираштың салы суға кетіп, ұнжырғасын түсірген түйткілдің әп-сәтте осынша ушығып, тағдыр тәлкегіне түсіреді деп кім ойлаған?! Көңілі күздей күңіреніп, сәт сайын ботадай боздайтынды шығарды. Тізесін құшақтап, аурухана кереуетінде ыңырсыған күйі балалық шаққа саяхаттайтынды шығарған. Әпенді байының әрекетінен туындаған мәселенің соңында жындыхананың терезесінен сыртқа телміріп, ыңылдап отырады да қояды.
– Тағдыр... Тізесін құшақтатып, бала-шағадан айырылды. Жалғаннан не көрді дейсің бұл бейбақ?! Өмірде жар таңдаудан жолы болмай, опасыздықтың құрбаны болды.
Дәрігердің жанашырлығы оның жоғын қайта әпермес. Бірақ, мына бес күн жалғанда оның жанына бойлар бір тірі жанның барын ұқтырып тұрғандай. Ол жынды емес еді... Тек оны тағдыры осындай кісі аярлық күйге түсірді.
Бәрі керемет болатын. Айрандай ұйыған отбасының шырқын Әсеттің жұмыстан қысқарып, өзгеге деген ашуын әйелінен алғанынан пайда болды. Көрмегенді көрсетті. Баланы ұрып, қатынды тебетінді шығарды. Соңғы рет балаларын ертіп төркіндеп кеткен Сағирашты құдықтың басынан су әкеле жатқанын көріп, сілікпесін шығарып сабаған. Ит жанды дегенмен, әйел байғұсқа да жан керек қой. Сүйегін сүйретіп үйге жетіп, емделіп алды да елден безіп тайып тұрды. Бір айналдырғанды шыр айналдырған тағдыр дегенің қойсын ба, жұмыс сұрап барғанда жылы шырай танытқан Бәтима құлдыққа сатты да жіберді. Көрген күні құрысын. Бір тілім нан үшін әу баста тәнін сатты, қызығар түгі қалмаған соң құлша жұмсады.
– Құдайым-ау, мынау Сағираш емес пе?! – деді бір әйел базарда азып-тозған келіншекті байқап қалып. Ауылдағы Ермектің кенже қызы еді бұл осында тұрмысқа шыққан. Әйтеуір, жәрдемші Жаратқан жол көрсетіп, көсегесі көгергір Ермектің қызының арқасында айқыш-ұйқыш шырғалаңнан шатты-бұтты қашып шыққан. Әлі күнге құжаты жоқ, әлдекімдердің қолында. Ал балаларының қайда екенін тап басып айтар тірі пенде жоқ.
Терезенің арғы жағында қабатталған темір торға қадалған жанардың түкпірінде оның тағдыры айна-қатесіз жазылып тұрған-ды. Шағын денесі солған гүлдей күн санап азып бара жатты. Тамаққа тәбет те жоқ. Тек сүйегін сүйреткен жанының бары болмаса, өзгелер адам деуден қалған.
– Бала-шағасы бар ма? Туысқандары келіп тұра ма? – деді жаңадан келген Мақсұт дәрігер медбикені сөзге тартып.
– Отбасы бар. Балалары өзінен кейін табылып, әкесіне тапсырылған, – деді де демін ішіне тартып, бір күрсініп алды медбике. – Балалары әлі өсе қоймаған, ал күйеуі менің мұндай жезөкше әйелім жоқ деп бас тартып отыр. Бұрын да маңдайынан сипаған емес. Не істесін енді?! Қайта үйленіп, отбасын құрған. Қазір ел қатарлы тұрып жатыр. Жұмысы бір ыңғайланған, – қысқа өмірбаянды бір ауыз сөзбен жеткізді.
Мақсұтты да тағдыр еркелетпеп еді. Көз алдына бұлыңғыр балалық шағы орала берді. Жатса да, тұрса да өмірден өткен жарының көшірмесіндей болған Сағираштың бейнесі көз алдында көлбеңдей берген. Әйтпесе, қатардағы көп науқастың бірі деп қарар ма еді... Күндіз-түні науқастың жай-күйін зерттеді, күн сайын сөйлесуді әдетке айналдырды. Тіпті, сәті түскенде аулада өскен гүлдерден жұлып әкеп қолына ұстатып кететін. Сондағы науқас әйелдің көңіл-күйінің қаншалықты көтерілгенін көрсеңіз... Жанардан тамшы құлап, оның жүрегі езілетін. Гүлді уыстап ұстап, делдиген танауымен құшырлана иіскеді. Шіркін, мұндай құрметті он жыл отасқан Әсеттен де көрмеп еді, Сағираш күн санап құлпыратынды шығарды. Тіпті, дәрігер келетін уақытта әдемі көйлегін киіп, үстіне әтір сеуіп дайындалатын. Бастапқыда көзі бақырайып таңырқай қарайтын келіншек кейін күлімсіреп Мақсұттың келуін күтетінді шығарды.
– Сағираш...
Ол үнсіз жанарын тіктеп Мақсұттың нұрланған жүзіне қарады. Өмірге қайта әкелген жанға деген құрметінен бөлек бір күн көрмесе сағынатын бір ұшқын сезімді оның жанарынан аңғару қиын емес-тін. Иә, ол жынды емес еді... Тек күрмеуі қиын тағдырымен жан бойы мұнтаздай дәрігерге не үшін керек екенін түсінбеді. Ал, дәрігерде үн жоқ. Бар-жоғы есімін айтты да бірер минут үздігіп қарап, қайта тұрып кетті. Оның жаны жылап, кеудесі күңіренетінін кім сезсін?!
***
Жыртық үйдің жамауы бар. Тағдыр таяқтаған екен деп тұтас адамзат баласы Сағираштан көшін аулақ сала алмас. Жақсылық пен жамандықтан, ақ пен қарадан тұратын мына өмірде Мақсұттың мәңгілік махаббаты қайта оянды. Жаны жылап, бойы мұздаған, таңға дейін дымын шығармастан жастығын жасқа малшыған азаматтың іштегі тоң боп қатқан шер-мұңы да жібіді. Өйткені, жары о дүниелік болғанда жылап қалған екі айлық балаға ана жылуын тек Сағираш қана сыйлай алатын еді...
– Сағираш, сен менің жарым болшы...
– Сен менің өткенімді білемісің?
– Ол маңызды емес.
Қысқа ғана диалогқа шыдамады білем, Мақсұттың иығына басын қойған Сағираш солқылдап, өкісігін баса алмай еңкілдеп жылады. Көңіліңді тербеп, сезіміңді қозғайтын мына көрініс оларды өмір бойы табыстырған сәт еді.
Уақыт – жүйрік. Сол кездегі жасқа толмаған бүлдіршін Алпамыстың анасы болып кеткен Сағирашты Мақсұттың төрт баласы түгел ана деп көкке көтереді. Жаратқанның әмірі ғой, тағдырдан теперіш көрген жан кез-келген пенде тәрізді бақытқа лайықты және ол сол бақытқа қол жеткізді де. Көз жасын тыйды, тек кейде балалары ойға түскенде жалғыздықта үнсіз жылап алады. Бірақ олардың көзіне көрінуге беті бармайды, ары жібермейді. «Мендей жезөкше ана кімге керек?» дейді тағдырына налыған танакөз.
***
...Жаңбырлы күн еді. Қолшатырды ұстаған Сағираш Алматының ақ жауынының астында қақшиып қатты да қалды. Төбеден тамған тамшымен қоса жанардан аққан жас қосылып, айнала қарауытып кеткен. Состиып тұрған пенденің қаққан қазықтай тұруы әлдекімдерді алаңдатқан да жоқ. Ел таңырқай қараса да, оның көз алдында тек жетім бұрышта қайыр тілеп, сақалы мен шашы өсіп қаңғыбасқа айналған Әсет қана тұрды. Күске айналған түр-өңі оның көшеде түнеп, барар жер, басар тауы қалмағанын айтқызбай ұқтырады. Кідіріп қалған Сағирашты көліктің басып кете жаздаған шопырының үні селк еткізді. «Өлгің кеп жүр ме немене» деген жүргізуші оның тағдырынан не білсін?! Ес жиған келіншек қайыршының алдына бармады, ары қарай өтіп кете барды. Әсет те көрді, білем. Ұзаққа дейін қолшатырдың астындағы келіншекті жанарымен шығарып салды. Кете барды, кете барды, алыстаған сайын Сағираш қаңғыбастың көз алдында алыста қарайған нүктеге айналып қала берді...
Бір өкініш, бір үміт...
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
28 шілде 2018 ж. 2 059 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 062

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031