» » Астықты алқапқа орақ түсті

Астықты алқапқа орақ түсті

ӘР МЕЗГІЛДІҢ ӨЗІНЕ САЙ ЕРЕКШЕЛІГІ БАР. ЖАЙДАРЫ ЖАЗДАН СОҢ ТАҢҒЫ САЛҚЫНЫ ЕСКЕН КҮЗ ДЕ КЕЛДІ. ДЕСЕ ДЕ КҮЗ ЕҢ ЖОМАРТ, ЕҢ БАЙ МЕЗГІЛ. БҰЛ УАҚЫТТАҒЫ НАУҚАН КЕЗІ АСТЫҚ ПЕН ЕГІННІҢ, ЖЕМІС-ЖИДЕК ПЕН КӨКӨНІСТІҢ УЫЛЖЫП ПІСІП, ҚАЗАН БОЛАТЫН МЕЗЕТІ. ҚАЙНАҒАН ТІРШІЛІКТІ, БЕРЕКЕЛІ БІРЛІКТІ, АСЫП-ТАСҚАН МОЛШЫЛЫҚТЫ КӨЗ КӨРЕТІН СӘТКЕ ЖАҚЫНДАДЫҚ ЕМЕС ПЕ?
«Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, аудан шаруалары күзгі жиын-терім науқанына белсене кірісті. Жақында ғана күрішке алғашқы орақ түсті. Ащы тер шыққан сайын алтын дән төгіле кетті. Үйілген меруерт астық қырманға одан сайын көрік берді...
Қазір не керек? Бәрі бар. Барын ұқсатып, мына қызуы қайнаған тіршілікте нәсібін көріп жүргендер жетерлік. Елдің табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың еңбекпен біте қайнасу қабілетінен де байқалса керек-ті. 2500-ге жуық тұрғыны бар ІІІ Интернационал ауылы түрлі ұлт өкілімен тату өмір сүріп, тыныс-тіршілігі, қам қарекетімен көз қуантуда. Кемтігі бүтінделіп, табысы еселеніп, еңсесі еңбектен көтерілген мекеннің қазан-ошағы жиюлы, тұрмысы тұрақты. Жыл сайын күріш егіп, қамбасын астыққа толтыратын жер биыл да жақсы нәтиже көрсетуге еңбек етуде.
– Серіктестіктің басты кәсібі – күріш өндіру. Жыл сайын нарыққа шығатын өнім көлемін шашаусыз жиып-теруде. Одан бөлек шаруашылық әлеуметтік жауапкершілікке баса назар аударады. Мәселен, әр бригададан бақшалық жер дайындалған. Жерге үлесі бар тұрғындар өзіне тиесілі аумаққа бақшалық дақылдарын екті. Одан бөлек алқапта өскен жоңышқа орылып, таратылды, – дейді мамандар.
ІІІ Интернационал – мамыражай ауыл. Жыл сайын күріш егіп, қамбасын астыққа толтыратын ауыл биыл да бітік егін өсіріп, сейсенбіде қырманға алғашқы орақ түсірді. «Достық Жер МК» ЖШС-дағы Әлімжан Пұсырмановтың No5 егіс бригадасында өткен мерекеге жұмысшы-диқандар, ауыл ақсақалдары, осы шаруашылыққа демеушілік жасап отырған Муслим Музаппаров, Ерсін Қалмахановтар қатысты. Іс-шара барысында ауылдық округтің әкімі Нұрлыбек Сайымов құттықтау сөз сөйлеген соң рәсімнің лентасын қиды. Ауыл ақсақалдары маңдайы күнге күйіп, табаны жерге тілінген диқандарға ақ батасын берді. Шалғайдан жарқырай түскен күн сәулесі Сыр сұлуының ажарын ашып тұрғандай еді. Еміс-еміс жел екпінімен теңселіп қояды. Аз уақыт үнсіздіктен соң азуын қайшылаған жатка егінге алғашқы орағын салды.
Бұл шаруашылық – аудандағы ауқымды ұжымдардың бірі. Бүгінде серіктестік диқандары жаз бойы мәпелеп өсірген астықты ысырапсыз жинап алудың қамына кіріскен. Жер-Ана да несібесін жерден теретін жұртшылыққа мерейін төгіп тұрғандай. Жаз жауынсыз өтсе де, судан қорқыныш болса да жайқала өскен ақ маржанның шығымы жаман емес.
Уақыт жылдам іспетті. Күз болғанда жиып алған өнімге қарап тағы жадырай түсеміз. Нені аңғармаймыз? Әрине, ерте көктемнен қоңыр күзге дейін күні-түні сайманын сайлаған еңбеккерлердің маңдай терін. Олар қамбаға астық толсын деп жатпай-тұрмай, өнімді өз баласындай үпілей өсіреді. Бап пен жайлылықты қажет ететін егіншілік талай диқанның құтты орнына айналған. Иә, көктемде тырбанып, жер тырнаған диқанның бейнеті өтелетін шақ бұл. Күзгі науқан кезіндегі күн райы жақсы. Диқандарға да керегі осы. Дала төсін еңбек дүбіріне бөлеп жүрген қауымның мол табысқа кенелеріне биыл да көпшіл қауым тілекші.
Айнұр ӘЛИ
03 қыркүйек 2022 ж. 816 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 308

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 407

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930