» » Даладағы дамылсыз еңбек

Даладағы дамылсыз еңбек

Алқаптан арнайы репортаж
Бүгін ерте тұрдық. Ауыл-аймаққа сапарлатудың сәті түсіпті. Фотоаппаратымызды сайлап, қалам мен қойындәптерімізді қолға қыса редакция ауласына беттедік. Мұнда бізді ауданның түкпір-түкпіріне апаратын, ойдым-ойдым шұқырда, қисық-тегіс жолдарда далаға қалдырмаған «Нива» күтіп тұр. Ескі көлік болғанымен сенімді серігіміздей. Мініп алдық та ІІІ Интернационал ауылына қарай жол тарттық.
Гүрілден көлік ішіндегілердің дауысы емес-еміс естіледі. Сонда да қаттырақ сөйлеп, жоспарымызды нықтап келеміз. Мақсат сол – даладағы дамылсыз еңбекті айна-қатесіз оқырманға жеткізу. Бірер уақыттан соң діттеген жерге де жеттік.
Қазір не керек? Бәрі бар. Барын ұқсатып, мына қызуы қайнаған тіршілікте нәсібін көріп жүргендер жетерлік. Елдің табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың еңбекпен біте қайнасу қабілетінен де байқалса керек-ті. 2500-ге жуық тұрғыны бар ауыл түрлі ұлт өкілімен тату өмір сүріп, тыныс-тіршілігі, қам қарекетімен көз қуантуда. Кемтігі бүтінделіп, табысы еселеніп, еңсесі еңбектен көтерілген мекеннің қазан-ошағы жиюлы, тұрмысы тұрақты. Жыл сайын күріш егіп, қамбасын астыққа толтыратын жер биыл да жақсы нәтиже көрсетуге еңбек етуде.
– Серіктестіктің басты кәсібі – күріш өндіру. Шаруашылықта заманауи, жоғары автоматтандырылған күріш зауыты бар. Жыл сайын нарыққа шығатын өнім көлемін шашаусыз жиып-теруде. Қазіргі уақытта 240 адам жұмыспен қамтылған. Биыл күріштің егістік көлемі 1766 гектар болса, 1600 гектар жерге күріш суға бастырылды. Осы айдың 5-не дейін толық бастырылады. Одан бөлек шаруашылық әлеуметтік жауапкершілікке баса назар аударады. Мәселен, әр бригададан бақшалық жер дайындалған. Жерге үлесі бар тұрғындар өзіне тиесілі аумаққа бақшалық дақылдарын егеді. Одан бөлек алқапта өскен жоңышқа орылып, таратылады, – дейді мамандар.
ТЕХНИКАНЫҢ ТІЛІН ТАПҚАН
Шаруашылық мамандарымен ауыл ішіндегі техника жөндеу шеберханасына келдік. Трактор, тұмсығын созған комбайн, «Камаз» қаз-қатар тізіліп тұр. Мұнда еңбеккерлер жұмыстың қызу үстінде екен. Анадай жерде техника жөндеп жатқан еңбеккерге жақындай түстік. Ол – тракторшы Бекасыл Жамбылов еді. 1968 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Алайда отбасылық мәселесімен осы ауылға қоныс аударып, тұрақтапты. Шаруашылықта 1991 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Алғашында слесарь болып қызмет атқарса, кейін трактор тізгіндейді. 3 баланың әкесі, немерелерінің сүйікті атасы ұрпағының жастайынан еңбекпен біте қайнасқанын қалайды. Маңдай термен келген нанның дәмі тәтті екенін әрдайым оларға айтып келеді. Әке берген тәлімнен қанаттанған ұлы да осы шаруашылықта тракторшы-механизатор болып еңбек етіп келеді.
– Тынымсыз тірлік еткеннің мерейі қашанда үстем. Осыны білетін шаруалар қажырлы жұмыс істеуде. Егінді ала жаздай күтіп-баптайды. Күз келгенде төкпей-шашпай жинап алуы бар. Бізде өз ісін сүйетін, жоғары нәтиже көрсетіп жүрген мамандар жетерлік. Еңбек, адамға қашанда еңбек керек, – деген ол қолындағы қара майды майлықпен сүрте. Әңгімесін қысқа қайырған еңбеккердің уақытын алғымыз келмеді.
Мына беттегі жас маманға көзіміз түсті. Қасына жақындай сауалымызды жолдадық. Бірер уақытын бізге бөлген Ақжол Камал 1998 жылғы. Осы ауылдың тумасы. 2020 жылдан бастап механизатор болып еңбек етуде. Колледж, университетті ойдағыдай аяқтаған бозбала әскерден келе сала шаруашылықта нәпақасын табуда. Алғашында комбайн айдаған ол бүгінде трактор тізгіндеп жүр. Жас еңбеккердің қалада оқып, мемлекеттік қызметтен бас тартып, ауылға келіп шаруашылықта қалғаны қуанарлық дүние. Алдымен ауылының өркендеуіне үлесімді қоссам деген жігіт арманы бүгінде орындалып, әке жолын қуып келеді.
– Әкем Алтай Жүнісов әрдайым еңбектің наны тәтті екенін санамызға құйып келеді. Ол осы шаруашылықта бригадир болып, талай жылдары дала қосында тынымсыз еңбек етуде. Оның үмітін ақтау, мықты маман болып елге еселі еңбек сіңіру менің негізгі мақсатым, – дейді жас еңбеккер.
Шеберхана аумағында гараж бар екен. Ондағы еңбеккерлердің дауысы жарқын-жарқын естіліп, тарсылдаған темірдің дауысы қатар шығуда. Ішіне қарай беттедік. Мұнда біз Әли Искендировпен жолығып, сауалымызды қойдық. Жарқын мінезді ағаның ақкөңілділігі, әрдайым күліп, жылы шырай білдіргені ә дегеннен-ақ байқалды.
Ол осы ауылда 1959 жылы дүниеге келген. Жастайынан еңбекке ерте араласқан ол 1979 жылы шаруашылыққа келеді. Алғашында тракторшы-механизатор болса, 1987 жылдан бастап механик болады. Содан бері осы қызметті абыройлы атқарып, елеулі еңбегімен ауыл арасында сыйлы. 3 баланың әкесі, 8 немеренің атасы. Кіші ұлы осы шаруашылықта трактор жүргізеді екен.
– «Еңбегің қатты болса, тапқаның тәтті болады» дейді. Ал жеке адамның өмірінің алтын арқауы осы маңдай тер, табан ақы, адал еңбекпен өріледі. Тек еңбекпен ғана жеміс өнеді, тек еңбек қана бар қиындықты жеңеді. Ала жаздай аптап ыстықтың астында, егістің басында жүрудің өзі бітпейтін бейнеттің бір көрінісі емес пе? Жақында зейнетке шығамын. Алайда шаруашылықтағы тынымсыз өмірден кету маған оңай тимейтін секілді, – дейді еңбеккер күлімдей сөйлеп.
ҚОСЫНДАҒЫ ҚАРБАЛАС
Егістік басына жол тарттық. Ауылдан 25 шақырым әріректе жатқан алқапқа жету біз үшін еңсерген үлкен еңбектей болды. Жазық дала, тынық ауа болғанымен бұрқыраған майтопырақ көліктің әр мүйішінен кіріп, тұншықтырып жатқандай. Күн де кешегідей емес. Шақырай аспанға көтерілгеннен бастап тас төбеңді тесіп барады. Әні, алыстан менмұндалаған қырманның маңдайы көрінді. №2 бригада.
Уақыт жылдам. Кеше ғана көктем келе алқапқа алғаш дән себіліп еді. Бүгін міне, жайқала өсер ақ маржан суға бастырылып жатыр. Бірер күннен соң толықтай аяқталады. Сырт көзге оңай, айтуға жеңіл көрінгенімен біз аңғармайтын нәрсе бар. Ол – ерте көктемнен ызалы күзге дейін күні-түні сайманын сайлаған еңбеккерлердің маңдай тері. Олар қамбаға астық толсын деп жатпай-тұрмай, өнімді өз баласындай үпілей өсіреді. Бітік шыққан өнімді төгіп-шашпай жинап алу жолында еңбек етеді. Сондай алқаптағы тынымсыз тірлігімен біліктілер қатарында жүрген жанның бірі – Ертай Нұрышев.
Еңбеккермен бригада басында амандық-саулық сұрасқан соң, алқапқа қарай беттедік. Бірер жер әрі жатқан жерге барып жап-жасыл желекке көзіміз тоймады. Ол жас күріштің жайқалған жасыл жапырақтары еді. Көркем келбетті тамашалай отырып, сұрағымызды да қоя бастадық.
Ол «Достық Жер МК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бригадир болып қызмет атқарады. Еңбек адамымен сұқбаттасу сәтінде ерекше жайлылық орнады. Қарапайым, әзілкеш, ақкөңіл жанның өзгелермен емен-жарқын араласуы біз үшін басқаша күй еді. Дала қосында маңдайы күнге күйіп, табаны жерге тілінген Ертай аға 1975 жылы осы ауылда туылған. 1997 жылы алғаш шаруашылыққа сушы болып жұмысқа орналасады. Күні кешегі уақытқа дейін осы қызметті абыройлы атқарған еңбеккер бүгінде №2 егіс бригадасының бригадирі. Алқапқа тиесілі 357 гектар жерге жыл сайын күріш бастырылады. Оның тек 20 гектарлық жері ғана бастырылуға қалған екен. Сәуір айының орта белінен суарылған жұмыс бірер күнде бастырылған соң тамыз айына дейін суда тұрады.
– Былтыр шаруаларға күріш егу оңайға түспеді. Алайда қиындықты еңсеріп, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Биыл да сол, су тапшылығы байқалады. Алайда оның алдын алып, тиімді жұмыстар атқарудамыз. 2 насос бар, 4 насос дайын тұр. Жалпы күріштің «Лидер» мен «Янтарь» сорты егіледі, – дейді бригадир.
Су тапшылығына қарамастан жақсы өнім алу үшін еңбек етіп жүрген 4-ші егіс алқабының сушысы Омар Күзембаевпен тілдестік. 1979 жылы дүниге келген еңбеккер 1997 жылдан бастап осы шаруашылықта сушы болып қызмет етіп келеді. Ол талай жылдар арасында егін егудегі қиыншылықтарды меңгеріп, оның бітік шығуына бар күш-жігерін жұмсап келеді.
– Алғашында күн суытып, біраз кедергі келтіріп еді. Қазір ысып, ауа райы нағыз қолайлығын көрсетіп тұр. Су тапшылығының алдын алып, барлық агроном, мамандар бригада болып, егістікті кезекпен суарудамыз. Мәселен, екі-үш күн бір бригада алса, келесі екі күн бір бағыттағы бригадаға қарай суды жіберіп отырдық. Осындай қиындыққа шағылмай қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, күрішті сусыз қалдырмай өсірудеміз, – дейді серіктестік сушысы.
«Табыстың басты кілті – еңбек» дейді дана халқымыз. Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін жандар көп арамызда дейді сөз арасында бригадирдің өзі.
Таң ата басталған іс-сапарымыз қас пен көздің арасында зулай өтті. Бірнеше сағатты артқа тастағанымызды аңғармай да қалыппыз. Түс. Дала қосында бұрқырай қайнаған қара қазан мен қара шәугім. Еңбеккерлер қаз-қатар тізіліп түскі ас ішуге жайғасыпты. Осы бригададағы аспаздар Гүлзат Тоғаева мен Жеміскүл Тәжімбетова ас түсіріп, шай жасап, нан көміп жүр. Дәмді асы мен ыстық шайын мақтаған еңбеккерлер аспаздың қолы алтын дейді.
– Ер адамдар болған соң дәмді тамақты ұнатады. Олардың тәбетін ашатын, көңілдерінен шығатын тамақ дайындау оңай емес. Тағам дайындау – мамандық емес, ол – өнер. Оған еңбек, ынта-ықылас пен шеберлік, жігер және талап керек. Аспаз болу жеңіл жұмыс емес. Әр тамақтың жасалу тәсілі бар демекші, тамақ пісірген кезде басқа жұмысты ұмытып, өз жұмысына берілуі керек. Бір мезетте бірнеше адамға тамақ да­йындап, олардың алдына ыстық нанын қойып, шайын ұсынып отырамыз. Егін науқаны кезінде жұмысшыларға мезгілімен тамақ жасаймыз. Механизаторлар, күріш орушылар түнімен жұмыс істейтін кездер болады. Сол кездерде уақыт талғамай, олардың ас ауқатын алдына ұсынамыз, – дейді тәжірибелі аспаздар.
Түс ауды. Бағыт шаруашылықтағы №3 бригадаға бұрылды. Түскі үзілістен соң шаруалар тынығып жатыр екен. Біз келді дегенді естіген соң жадырай қарсы алып, алқап басына қарай беттедік. Бригадир Виталий Ким бізбен аз-кем сұқбаттасып, атқарылған жұмыстары жайында айтты. 1981 жылы дүниеге келген ол шаруашылықта  алдымен механизатор болып қызметін бастаған. Кейін бригадир болып қалтқысыз еңбек етуде. 
– Егіс көлемін ротация бойынша егіп жатырмыз. Бригадада 22 қызметкер бар. Барлығы да еңбегімен, маңдай терімен биіктен көрініп жүрген озаттар. Биыл да су тапшылығының алдын алу үшін алма-кезек суару тәсілін қолданып жатырмыз. Бұйырса жылдағыдай жақсы өнім алып, ойлағанымыздай нәтижеге қол жеткіземіз деп отырмыз. Негізі күріштің «Лидер» сорты егіледі. 70 гектар жерге ғана «Янтарь» сортын ектік. Әдеттегідей жоңышқа өсірілуде. Оның бастапқысы орылып та үлгерілді, – дейді бригадир.
ІС-САПАРДЫҢ СОҢЫ
Егіс басындағы тынымсыз тіршіліктің куәсі болып, дала диқандарының еңбегін көзбен көрдік. Көктем бастала жұмысы қызған еңбеккерлердің ендігі ала жаздай атыз жағалап, еселі еңбегінің жемісін көрер күні де алыс емес. Шаруашылықтың қамбасы алтын астыққа толып, мерейлі мерекелерінде абыройы артатынына сеніміміз бар. Оған шүбә да келтірмейміз. Бірер айдан соң күңіренген күз де келеді. Күздің кереметі көбін қарапайым тұрғын, маңдайы күнге күйген еңбеккерлер жақсы біледі. Маңыздысы не дейсіз бе? Ол – ала жаздай арқасын күнге күйдірген еңбек адамдарына құрмет пен қошемет көрсетер шақ. Марапат пен мадақ күтпейтін, жүрегі баладай, көңілі даладай сала мамандары әуелі еккен дәнді ысырапсыз жинап алуды олжа дейді. Дала қосында гүрілдеген комбайнның, гүжілдеген жұртшылықтың, гуілдеген самал желдің де екпіні еседі. Ырзығын жинаған ел де, құрметке бөленген еңбеккер де шат-шадыман күй кешеді. Бұйырса қиындықты еңсеріп, сол күнге де қадам басармыз.
Қуантарлығы сол, әр жылы мол астық алып, оң нәтижеге қол жеткізіп келеміз. «Көктемде жерге түскен бір дән, күзді күні мың дән болады» деуші еді. Иә, ерте көктемнен, жаз бойы қара термен дала төсін емген диқаншылар биыл облыс бойынша оқ бойы озық шықпақ. Аграрлы өлкенің тыныс-тіршілігі ауылшаруашылығымен тығыз байланысты емес пе? Диқандардың мақсаты да бір – аудандағы агроөнеркәсіп секторын одан әрі дамыту.
– Экономика дамуының басым бағыттарының бірі – ауылшаруашылығы саласы. Ал қармақшылық еңбеккерлер агробизнес пен агроөнеркәсіп кешенінің көкжиегін кеңейтуде кенде қалмақ емес. Әсілінде көктем – шығыры майлаулы диқаншылардың жер жыртып, егін салуға асығатын мезгілі. Олар ерте көктемнен бастап алқапқа алғашқы дәнін септі. Алайда көктем келді деп қуанғанда ақ ұлпа қар жер бетін жапты. Бірде суық, бірде жылы құбылмалы ауа райында ол жерде ұзақ жатпады. Қуанғанмен болмады. Жауын да жауды. Жеріміз көктейді деп қуанғанымызбен бұл дала төсіндегі диқаншы қауымның көңілін су сепкендей басатыны бар. Өйткені жас дән толассыз «төнген» жауынға төтеп бере алмайды. Оны еңсердік. Күн қайта қарасып, күріштер еркін өсуде. Баламыздай қорып, баптаймыз.  Алғашқы дән себілгеннен бас­тап алты ай жер кеудесін сауып, бел шешпей еткен еңбегіміздің өнімі күз сайларда қамбаны мол астыққа толтырсақ екен деп жүрген жайымыз бар, – дейді даладағы дамылсыз еңбектің кейіпкерлері.
Иә, ұлт жаппай еңбекқор болғанда ғана ел еңсесі биіктей түседі. Ал біз айтқан еңбеккерлер елінде еңсесі биік, берекесі тасыған ғажап құбылыс жатыр...
Айнұр ӘЛИ
06 маусым 2022 ж. 1 014 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 310

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 409

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930