» » НАҒЫЗ ШОПЫР

НАҒЫЗ ШОПЫР

Ауа райы қарасқандай. Күн сәулесін бұлт басып, ыстық лепті салқын жел торлады. Ал біз ашық жердің тар соқпағымен жаяу­лата келеміз. Шаруа қожалығының бір мүйісі анадай жерден көрініп тұр. Ахілеп-ухілеп дем ала бергеніміз сол екен, ауыр көліктің жүйткіген дауысы гүр ете қалды. – Отыр, – деді ЗИЛ-інің есігін айқара ашқан қараторы, орта жастағы жігіт ағасы.
Биік мәшинеге секіріп мініп, жайғаса кеттік. Ескі көлік болғанымен кәдеге жарап тұр. Томпайған жолда теңселе әңгімелесіп келеміз.
– Ал, қайдан келеміз? – деді ол бізге жадырай күліп.
– Ат терлетіп ауданнан келдік, ағасы. Алдыңыздағы шаруа қожалыққа аяңдасақ деп едік. Мына жол жеткізбей қойды ғой, тәйірі, – деп жауап қаттық.
– Жөн екен.
Үнсіздік. Тек мәшиненің гүрілі құлақта жаңғырып тұр.
Діттеген жерге де келдік. Рақметімізді жарыса айтып, биік сатыдан секіріп түстік. Алдымыздан жылы шыраймен қарсы алған «Оңталап» шаруа қожалығының қызметкерлері бас маманға жолықтырды. Біраз әңгімелескен соң қожалықты аралап шығуға рұқсат алдық. Қатар-қатар тізілген комбайндар, үлкен-үлкен мәшинелер, тракторлар қызылды-жасылды түсімен көздің жауын алады. Мұнда бір топ механизатор жиналып қалыпты. Инженері шағын бөлмесінде әлдененің ішкі құрылысын шашып тас­тап, жинап жатыр екен. Жұмысына бөгет келтірмейік деген ниетпен келесі жаққа бағыт алдық. Әлгінде бізді жол жөнекей әкелген ЗИЛ көлігі осында тұр. Үлкен кілтті салдырата бұраған жігіт ағасы көлік астынан басын шығара қарап, «Әй, қайдан жүрсіңдер» деп атып шықты. Қолымыздағы қойын дәптер мен фотоаппаратты көрген ол біраз абдырап қалған секілді. Май-май қолын жерде жатқан матаға сүрте сала, бізден жасырынуға тырысты. «Жәмән киіммен жүргенде» деп ол қысылған секілді. Аз-кем әңгімеге де тартып көрдік. Ағынан жарыла қоймады. «Сұрасаң анау жақта жауапты мамандар отыр, солардан ақпарат ала берші» деп күбір-күбір етеді. «Бізге керегі ол жақтағы емес, бізге керегі сіз секілді нағыз еңбек адамы» дегенімізді естіген ол, біраз қалың ойға кетті...
Ол – «Оңталап» ШҚ оператор-шопыры Сисенбай Қыпшақбаев болатын. Айтса, айтқанындай-ақ, жігіт ағасы жастайынан техниканың төресін тізгіндеген жан. Осында табан аудармастан еңбек етіп келеді. Көненің көзіндей болып, сүйегін салдыратса да пайдаға асқан көлікті күні кешеге дейін айдап келді.
– Не дейін, біздің жұмыс осы. Қырман басындағы мәшинелерге май тасимын. Қазір бұрынғыдай емес. Барлық жағдай жасалған. Көлікті уақытылы жөндесең мәселе де туындамайды. Су жаңа техникалар келді. Мендегі көлік ескі болса да пайдаға жарап тұр. Ай сайынғы азық-түлік, жем шөп, қыста отын-көмір барлығы беріліп жатыр. Айлығымыз да уақытылы. Шопырға жағдай жасалған. Мұнан артық не керек?  – деді Сисенбай Қыпшақбаев.
2015 жылдан бері шаруашылықпен біте қайнасқан шопыр егіс басындағы техникаларға жанар-жағар май тасиды. Май болғанда да – солярка. 
– Бұрындары қиын кездер көп болды, әрине. Өтті-кетті. Қайсыбірін қозғайын. Бастысы түзде қонып қалмаппын. Мәшине бұзылса рациямен байланысамын. Жігіттер көмекке келеді, – дейді ол.
Бұл күнде ауыр көлік тізгіндеген шопыр зайыбымен төрт ұлына қамқор әке, абыройлы отағасы. Еңбектің наны тәтті екенін балаларына да үйретіп жүр. Немерелері де атасының көлік айдап, шаруашылықтағы қызметкер екенімен мақтанады. Иә, табаны жерге тілініп, маңдайы күнге күйгендер – нағыз еңбек адамы.
Түйін
Шопыр ағаны суретке түсіруге біраз еңбектендік. Көлік астына түскен жұмыс киімін шешіп, жөні дұрысын ілді үстіне. Шаршағанын ұмытып, әзілдескен күйі бір күліп алды. Иә, жадырай естелік фотоға түсті.
– Болды ма? – деді ол әлденеге асыққандай.
Біз де қол бұлғай қоштастық. Ол болса қайта көлігін жөндеуге кілттерін дайындап жатты...
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
13 маусым 2019 ж. 1 139 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 024

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031