» » ПОЛИЦИЯНЫҢ БІР КҮНІ

ПОЛИЦИЯНЫҢ БІР КҮНІ

Ол қызмет көлігін оталдыра бастады. Серігі де қолына рация ұстап, жол бойын қадағалайтын радарын іске қосты. Ал бізге мәшиненің артқы орындығына отырып, мықтап ұстауымызды бұйырды. Себебі қызықтың көкесі енді болатын еді. Байқасақ, олар жиырма төрт сағат бойы қаққан қазықтай қақшиып тұрмайды. Көше кезіп елдің тыныштығын күзетеді. Тәртіпке бағынбаған талайды тәубасына түсіреді. Айта берсең күйбеңі көп тіршіліктің тізіп алары көп. Рахаң «бәрін тізбектеп қайтесің, жұмысымызды жұрт біледі ғой» дейді. Ал біз олардың жиырма төрт сағаттағы жауапкершілігін жете түсініп жүрміз бе?
8.30. Патрульдік полициялар бүгінгі қызметке сақадай сай. Бізді жылы қабылдаған Рахымжан Әбдірахман «дайынсыңдар ма?» деп сұрақты төтесінен қойды. Әрине, қобалжу бар. Алайда «отқа да, суға да» түсетін журналист қашан да дайын емес пе? Рет-ретімізбен мәшинеге жайғастық. Олар осы уақыттан бас­тап жол бойы қоғамдық тәртіпті қадағалауға кірісті. Патрульдік полицияның мойнындағы жауапкершілік – тек мәшиненің терезесінен сыртқа көз тастау емес, көше бойын үздіксіз аралап, тәртіп орнату. Қысқасы, тіпті бұлардың бел жазып жатуға да уақыты жоқ. Жиырма төрт сағатты елгезектілікпен өткізеді.
– Қолымдағы құралды «рация» деп атайды. Бұл алыстан полиция қызметкерлерін сымсыз байланыстырады. Ал мынау – жол бойын бейне­жазбаға түсіретін бақылау аппараты. Осылай күнделікті кент, елді мекендерді аралап көше тәртібін жіті қадағалаймыз, – деді Р.Әбдірахман.
10.00. Кент көшелерінің бірінде жүйткіп келеміз. Тапсырма нық. Жол ережесін бұзбауды қадағалау. Бұған ептілік пен қырағылық керек. Онысын «оюлаған» полиция машинасының дабылынан аңғардық. Не болғанын сұрағанда Абай көшесінің бойында қарама-қарсы келген көк мәшиненің фары жағылмағанын айтты. Дабылды ести салысымен әлгі көлік жол жиегіне тоқтады. Рахымжан Әбдірахман оған не үшін тоқтатқанын айтып әлек. Ал ол тыңдағысы да келмейді. Бірақ заң бәріне ортақ. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 602-бабының талаптарына сәйкес ескерту берілді. Егер келесіде бұл ісі тағы қайталанса, айыппұл төлеуге тура келеді.
12.00. Жұмысбасты адамдар. Жүйіткіген көліктер. Сырттан бақыламасаң мән бермейді де екенсің. Барлығы да анық көрініп тұр. Мәселен үш мәшине келе жатса соның біреуі­нің күндіз жарығын жағуға құлқы жоқ. Әні солай келеді біреуі. Қуыс-қуыс та емес. Орталықта солай жүргеніне не дерсің. Онымен қоймай халыққа қызмет көрсету мекемесінің алдындағы бағдаршамның қызылына қарамай өтіп кетті. Тоқтаттық. Тексере келе құжаты жоқ екені белгілі болды. Солай ескі мәшинесі айыппұл тұрағына жөнелді.
15.00. Көше бойын айналған сайын ереже бұзушылар да кезігіп жатыр, кезігіп жатыр. Соның бірі – Қорқыт ата көшесінде орын алды. Яки көлік жүргізушісінің полицияны тыңдауға да, мәшинеден түсуге де құлқы жоқ. Өзін таныстырып тұрған қызметкерді қатты жылдамдықпен жұлып әкете жаздады. Қарап отырсаң адамның түрлі-түрлі «сорты» болады екен. Бірі – басын төмен салбыратып айтқанға құлақ асып тұр, бірі – әне тағы қашып кетті. Ал бірі – мүлдем тәкаппар. Бірақ мұның қай-қайсысы болмасын жазасыз қалмайды. Себебі қоғамның тәртіп сақшылары тентекті тезге салуды бірінші орынға қойған.
17.00. Азаннан бері жол үстінде жүйткіп келеміз. Терезеден жан-жағымызға қарап, елегізіп тағы отырмыз. Әсілінде мәшиненің «сигналы» қашан «айқайлап» қалар деп елеңдейміз. Бізге жазар керек. Әйтпесе тәртіп бұзғандардан құдай сақтасын. Бұл ойымыз да құр болмапты. Қызықтың көкесі енді басталды. Әлгі арғы бет пен бергі бетті жалғайтын шойын жол өткелі бар ғой? Сол жаққа бет алдық. Рельстен өте бергенде «Нексиа» автокөлігін тізгіндеген жас жігіт қасымыздан зу ете шықты. Ол да күндізгі уақытта мәшиненің фарын жақпай тайраңдап жүр екен. Мәшинені бар күшімен бұрған Бекжан Ахметов әлгі көліктің ізінен қуалай бас­тады. Дабылдатып қуып келеміз. Ол тоқтар емес. Жылдамдықтың артқаны соншалық демімізді ішке тартып отырмыз. Құдды кино дерсіз. Орындықтан мықтап ұстау ғана қолдан келеді. Жолда кезіккен жеңіл мәшинелерден оңға-солға шалт бұрып жібергенде «біткен жеріміз осы шығар» деп тақым қысқаннан өзге амал қалмады. Содан не керек әлгі көлік көше бойының шаңын шығарды да көзден ғайып болды. Бастысы автокөлік нөмірін полицейлер есте сақтап қалыпты. Жазасыз қалмайтынына кәміл сенімді. Бастысы бұл оқиға «Форсаж» көркем фильмінен кем түспеді. Ал кедір-бұдырлы жолда тізгінін теңселтпей жүргізген Б.Ахметовтың көлікті көптен жүргізетіні байқалып тұрды.
– Міне, осындай сәттер жиі орын алады. Бұған үйреніп те қалдық. Алайда көліктерді ережені бұзбаса жайдан-жәй тоқтата алмаймыз. Азанда 8.30-да шыққаннан келесі күні азанғы 8.30-да демімізді бір басамыз, – дейді ол.
Әрине, біз мінген мәшине көне болмағанда шан қаптырып қалмас па едік? Себебі көліктің тарсыл-тұрсылынан өзге ештеңе де естілмейді. Жеңіл көліктерді барыңды салып айдасаң да жеткізбейді. Одан қалай жұмыс нәтижесін бермек? Осы жағы да ойландыратын мәселе.
20.00. Қайтадан қалыпқа түсіп көше бойына шықтық. Жүйткіп келеміз. Тым-тырыс. Осы кезде сананы тұнық ой шалды. Біз білетін бұл полицейлер қатал көрінеді. Мәшинесін көргенде зәре құты қашатындар да жоқ емес. Бірақ адам болған соң, оның да жүрегі болады ғой. Бәлки, бұл қызметкерлерді тани алмай жүрген шығармыз? Қоғамдық пікір де екі бөлек. Бірі – жақтайды, бірі – даттайды. Шынтуайтына келгенде бәрі басқаша. Оны полицейдің мына әңгімесінен аңғардық.
– Күн суық. Борап тұр. Түннің бір уағы. Ал біз әдеттегіше жол бойын аралап келеміз. Шамдардың жарығынан біреудің сұлбасы көрінеді. Анда бір, мында бір қарайлап, дудамал күйде тұр. Қайда барарын білмесе керек. Қасына жақындадық. Сөйтсек Алматыдан осы жаққа тойға қыдырып келген мейман екен. Жасы егде тартқан. Құлағы естімейді. Барар үйін таппай, адасып кетіпті. Содан аудандық ішкі істер бөлімімен байланысып тусықандарының үйін анықтадық. Сол үйге жеткізіп салдық, – дейді Р.Әбдірахман.
Уақыт тоқтамай зулап барады. Біздің де межедегі сағат тілі жақындапты. Иықтағы шені ай жарығымен шағылысқан патрульдік полиция қолына рациясын ұстаған күйі қала берді. Ал біз еңбегіне жеміс тілеп жөнімізге кеттік. Әне, мәшинесін оталдырған Рахаңдар жолға қайта шықты...
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
19 наурыз 2019 ж. 983 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031