Сыр бойының шаруалары күн энергиясын пайдалана бастады
Жайылымдық жерлерді тиімді игеруде баламалы энергия көздерінің пайдасы зор.
Бұны Сыр бойындағы шаруалар іс жүзінде дәлелдеп отыр. Шопандар әсіресе жер астынан су шығаруға және тұрмыстық қажеттіліктер үшін күн панельдерін пайдалануға көше бастаған. Ал мұндай жаңышылдықтарға мемлекет тарапынан қомақты қолдау бар. Әрі қарай Нұрлан Жақыпбеков тарқатады.
Жаңақорған ауданының Бесарық ауылында төрт түлікті тең өргізіп отырған Нышанбек Молдашев малшылар үйі мен жылжымалы қосындарын түгел күн панельдерімен жабдықтап қойған. Бұған дейін шопандар электр қуатын алу үшін тонналап жанар-жағармай тұтынып келді. Енді олар тоқ көзін тәулік бойы пайдалану мүмкіндігіне ие болып отыр.
Жайылма ауылының шаруашылықтары да күн энергиясының игілігін көруде. Жарық келгелі тұрмысымыз да жайлана түсті дейді олар.
Қайрат Мұстаев, шаруа қожалықтың төрағасы:
- Бұрын мотормен отырдық. Мотор оталдырасың, оған суыңды жинайсың, мынада бір-ақ қосасың да. Енді мына 2 айдай болды балдар өздері рахатына пайдаланып отыр ғой.
Малшылар үйі мен жылжымалы қосындарға орнатылған күн панельдері арзан дүние емес. Алайда жайылымдықтар мен шабындықтарға су шығарып, төрт түлікті көбейтуге бел буған шаруашылықтар осындай технологиялық жаңашылдықтар үшін мемлекеттік қолдауға ие болып отыр.
Пірмұхамед Сыздықов, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Жайылымдық жерлерді дамыту үшін осы құдықтар қазуға, ұңғымалар қазуға және олардың күн панельдері, олардың көшпелі вагондарына бізде 80 пайыздай субсидия төленіп келе жатыр. Бізде биылдың өзінде 67 құдық қазылып отыр. Соның есебінен бізде қазір 10 мың гектарға жуық шабындық жерлер игеріліп жатыр.
Өткен жылы Сыр өңірінде 35 шаруашылық баламалы энергияны пайдалана бастаса, тек биылдың өзінде 56 кәсіпкер өз қожалығына осы технологияны енгізген.